12 мамыр – Халықаралық мейірбикелер күніне орай Мұғалжар аудандық ауруханасында салтанатты шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Әкімжан Есенаманов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жұматай Бисенов, аудандық аурухананың бас дәрігері Абзалбек Иманбаев және медицина саласының қызметкерлері қатысты.
Салтанатты шараны ашып берген аудан әкімінің орынбасары мереке иелерін құттықтады.
-Бүгінгі мейірбикелер күні – адам жанына жылулық пен жанашырлық сыйлайтын, ерекше мамандық иелеріне арналған мереке. Қандай қиын сәт болмасын, мейірбикелер әрдайым кәсібилігін, сабырлылығы мен мейірімін жоғалтпай, халықтың денсаулығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді. Сіздердің ерен еңбектеріңіз әрдайым ел алғысына бөлене берсін,- деді ол.
Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласында абыройлы еңбек етіп жүрген ақ халатты жандар Алғыс хаттармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Шара аясында мейірбикелердің бір күндік жұмысы бейнеролик арқылы көрсетіліп, көрермендер назарына ұсынылды. Сонымен қатар аудан тұрғындарының жүрекжарды лебіздері мен құттықтаулары да бейнеқұттықтау арқылы жеткізілді.