Балалар күніне арналған мерекелік шара барысында Мұғалжар ауданы әкімдігінің «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізген «Ең үздік аула», «Ең үздік подъезд» аудандық байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды.
Аула мен көше тазалығын сақтап, жасыл желек отырғызу арқылы қоршаған ортаны көркейтіп, аулаішілік нысандар мен элементтерді жаңарту және жақсарту мақсатында өткізілген байқаудың нәтижесі бойынша “Ең үздік подъезд” аталымына “Жастық” мөлтек ауданы №39 “Б” көпқабатты үйдің 1-ші подъезі мен “Достық“ мөлтек ауданы №26 көпқабатты үйдің 4-ші подъезі ие болды. Ал “Ең үздік аула” аталымы “Жастық” мөлтек ауданындағы №50 көпқабатты тұрғын үйдің ауласына беріліп, барлық жеңімпаздарға 100 мың теңгелік сертификаттар тапсырылды.
Сонымен бірге белсенді ұйымдастырушы Абзал Молдашевқа 50 мың теңгелік сертификат табысталды.
Экологиялық акцияға белсене қатысқандардың барлығы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Ал қала әкімдігі сыйлық ретінде «Достық” мөлтек ауданы №26 және “Жастық” мөлтек ауданы №50 үйлердің аулаларын абаттандыруға жобалық-сметалық құжат жасақтап беретін болды.