Ащысай ауылында 2007–2009 жылдардағы мектеп түлектері мен ауыл әкімшілігінің ұйымдастыруымен түлектер арасында дәстүрлі спартакиада өткізілді. Спорттық шараға ауылдың әр жылдардағы түлектерінен құралған барлығы 12 команда қатысып, футбол, волейбол, арқан тарту, қол күресі және гір көтеру секілді спорт түрлері бойынша сынға түсті.
Футбол жарысы бойынша бірінші орынды 1995–1996 жылғы мектеп түлектері иеленсе, екінші орынды 2005–2006 жылғы, ал үшінші орынды 1989–1990 жылғы түлектер жеңіп алды.
Волейбол бәсекесінде бірінші орын ардагерлер командасына бұйырды. Екінші орынды 1989–1990 жылғы, ал үшінші орынды 1987 жылғы түлектер иеленді.
Арқан тарту сайысында ардагерлер командасы тағы да бірінші орыннан көрінді. Бұл спорт түрінде екінші орынды 1993–1994 жылғы, ал үшінші орынды 1989–1990 жылғы түлектер алды.
Қол күресі бойынша Мұстафа Самұрат бірінші орыннан, Нұрсұлтан Бисенбай екінші орыннан, ал Аслан Мерғалиев үшінші орыннан көрінді.
Гір көтеру сайысында бірінші орын Бекзат Ерсайынға, екінші орын ардагер Алтынбек Төлеуовке, ал үшінші орын Айбек Ізтлеуовке берілді.
Жалпы командалық есеп нәтижесі бойынша бірінші орынды 1989–1990 жылғы түлектер иеленді. Олардың артынан екінші орынға 2005–2006 жылғы түлектер көтерілсе, үшінші орын 1995–1996 жылғы түлектерге бұйырды.
Жарыс жеңімпаздары дипломдармен және медальдармен марапатталды. Ерекше көзге түскен үздік қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар жарыстың жоғары деңгейде өтуіне демеушілік қолдау көрсеткен азаматтарға аудан және ауыл әкімдерінің атынан Алғыс хаттар тапсырылды.