«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«СПИРТ ЗАУЫТ»: ШЕШІМ — ТАЗАРТУ КЕШЕНІН САЛУ

СОҢҒЫ КҮНДЕРІ ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАР ҮШІН ҰМЫТ БОЛА БАСТАҒАН «СПИРТ ЗАУЫТТЫҢ» САСЫҚ ИІСІ ҚАЙТА КӨТЕРІЛІП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МАЗАСЫН ҚАШЫРУДА. ОЛАР КЕШКІЛІК НЕ ТЕРЕЗЕСІН, НЕ ЕСІГІН АША АЛМАЙТЫНДАРЫН, САЯБАҚТА СЕРУЕНДЕП ЖҮРУДІҢ ӨЗІ МҰҢ ЕКЕНІН АЙТЫП, НАРАЗЫЛЫҚТАРЫН БІЛДІРУДЕ. БІРАЗ УАҚЫТТАН БЕРІ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ШЫҚПАЙ, МӘСЕЛЕ ШЕШІЛГЕНДЕЙ ЕДІ. ЗАУЫТ БАСШЫЛЫҒЫ ДА ИІСТІ ЖОЮ МАҚСАТЫНДА ЖАСАЛАТЫН ЖОСПАРЛАРЫМЕН БӨЛІСІП, ЕНДІ ИІС ШЫҚПАЙТЫНЫНА СЕНДІРГЕН БОЛАТЫН. АЛАЙДА СОҢҒЫ УАҚЫТТАҒЫ ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТІҢ ҚАЙТА КӨТЕРІЛУІ БҰЛ МӘСЕЛЕНІҢ ТҮБЕГЕЙЛІ ШЕШІЛМЕГЕНІН КӨРСЕТКЕНДЕЙ. «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСТЕРІ КҮН ТӘРТІБІНЕ ҚАЙТА ШЫҚҚАН БҰЛ МӘСЕЛЕНІ ТАҒЫ ДА КӨТЕРІП, САРАПТАМАЛЫҚ МАҚАЛА ДАЙЫНДАДЫ. АУДАН ӘКІМІ, ҚҰЗЫРЛЫ, ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫМЕН СӨЙЛЕСІП, ДЕПУТАТТАРДЫ СӨЗГЕ ТАРТТЫ. ТОЛЫҒЫРАҚ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

МӘСЕЛЕ БАР, ШЕШІЛУ ЖОЛЫ ҚАРАСТЫРЫЛУДА

Біз, яғни газет журналистері мәселенің мән-жайын білмек ниетте халық арасында «спирт зауыт» аталып кеткен өндіріс орнына барып, «Кентавр» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Абдрахмановтан бүгінде тұрғындардың мазасын қашырған жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын сұрадық. Ол мәселенің барын жасырмай, осы қолқаны қабатын иісті кетіру үшін түрлі ізденіс жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Біз зауыт ішін аралып шықтық. Бидай қалдығын жармалап, оны арнайы аппаратта кептіріп, қапқа салу барысын да көрдік. Зауыттың лабораториясына кіріп, ашытылған бидай қалдықтарының өңделу жолына куә болдық. Алайда ол жерден кешкілік ауаға жайылып, тұрғындардың мазасын алатын жағымсыз иісті сезбедік.

Өздеріңіз көріп тұрғандай, зауыт ішінен ешқандай жағымсыз иіс шықпайды. Спиртті өндіру барысында ашытылған бидайдың қалдығынан сұйық «барда» бөлініп шығады. Одан тағы да өңдегеннен кейін «фугат» деп аталатын сұйықтық бөлінеді. Біз оны қайта өңдеп, ашық алаңдағы кәріз тоғанына жібереміз. Өндіріс қалдықтарының су қоймасына ағызылатын құбырларда ешқандай олқылықтар жоқ. Зауыттан полигонға дейін екі құбыр тартылған. Оның бірі техникалық су қалдықтарына, ал екіншісі бидай ашытқыларының сұйық қалдықтарына, яғни «бардадан» өңдеу арқылы алыынған «фугатқа» арналған. Техникалық су қалдықтарынан аса қатты жағымсыз иіс шықпайды. Ал «фугат» тоғанға құйылған соң біршама уақыттан кейін көнереді. Себебі оның құрамында бидайдың сүзуге келмейтін қалдықтары болады. Сол қалдықтар уақыт өте келе көнеріп, жағымсыз иіс шығарады. Бұл иіс күн ысыған сәтте буға айналып, ауаға көтеріледі. Ал кешкілік күн салқындаған кезде ол төмен түсіп, желдің бағытымен қала аумағына таралады. Мысалы, бір жерде ұзақ тұрып қалған судың өзі көнереді емес пе?! — деді «Кентавр» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Абдрахманов.

ЖАҒЫМСЫЗ ИІС №1 КАРТАДАН ШЫҒАДЫ

Марат Тілектесұлы бізді өндіріс қалдықтары төгілетін буландырғыш тоған аймағына да апарды. Жалпы аумағы 70 гектар болатын тоғанда 6 карта бар. Бір картаға шамамен 90 текше метр өндірістік-техникалық су қалдықтары сияды.

Оның айтуынша, зауыттан тәулігіне 700 текше метрден астам өндірістік-техникалық қалдық су, 500-ге жуық сұйық азотты-калийлі минералды тыңайтқыш яғни бүгінде жалпылама «фугат» деп аталып кеткен бидай ашытқысының қалдығы аталған тоғандарға құйылады.

Бүгінгі таңда осы маңдағы 6 картаның 4-еуі құрғап тұр. №1 картаға ғана «фугат» төгіліп жатыр. Бұл карта толғаннан кейін №3 картаға ағызып жібереміз. Жағымсыз иісті көтеріп тұрған осы картадағы су қалдықтары. Қалған карталарда өткен жылы жіберілген хлорелла қалдықтары бар. Бұл бактерия жағымсыз иісті аз да болса басуға мүмкіндік жасайды. Қазіргі уақытта №2 картаны да құрғату жұмыстары жүргізілуде. Ал №4,5,6 картадаға су қалдықтары толығымен құрғатылды. Түбіне тұнған қалдықтарын қырып алып, полигон маңында орналасқан егістік алқабына төселді. Бұл қалдықтар егістік алқабына таптырмайтын тыңайтқыш. Ал фугатпен егістікті суарып, мол өнім алуға мүмкіндік бар. Өткен жылдары аудандағы шаруа қожалықтары егін егіп, өнім алған еді. Бүгінде өзіміз егін егуді қолға алып жатырмыз, — деді зауыт экологі Гүлнар Болшабекова.

Марат Тілектесұлы бізге осы маңға егіліп жатқан егіс алқабын да көрсетті. Аумағы 200 гектар жерге судан шөбі егіліп жатыр. Бұл алқап күз мезгілінде орылып, зауыт жұмысшыларына жеңілдетілген бағамен беріледі екен.

Біз одан осы маңда шығып жатқан жағымсыз иісті жан-жаққа таратпау үшін егілген үш белдеулі тал көшеттері туралы сұрадық. Себебі бұл маңнан жайқалған жасыл желекті байқамадық. Ол соңғы онжылдықта осы маңға 1000-ға жуық талдың егілгенін, тұрақты суару жұмыстары жүргізілсе де талдардың өспей қалғанын жеткізді.

ШЕТЕЛДІК ЕКІ КОМПАНИЯҒА ҰСЫНЫС БЕРІЛГЕН

Зауыт ішін араладық. Полигон басына бардық. Жағымсыз иіс шығыпжатқанкартаныдакөрдік. Зауыт басшылығынан бұл иісті түбегейлі кетіру үшін қандай жұмыстардың атқарылып жатқанын сұрадық. «Кентавр» ЖШС-нің өндіріс жөніндегі орынбасары Марат Абдрахманов аудан әкімдігімен бірлесіп, жергілікті тазарту кешенін салу үшін құны 150 млн теңге тұратын жобаның жасалғанын тілге тиек етті.

-Біз де осы қаланың тұрғынымыз. Жағымсыз иістің шыққаны бізге де ұнамайды. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін барымызша жұмыстанып жатырмыз. Қазіргі уақытты «Кентавр» ЖШС-ніңбасшылығы өз тарапынан қомақты қаржы бөліп, түркиялық технология бойынша жергілікті тазалау кешенінің жобасын дайындады. Бұл жобаның жүзеге асыру үшін 5,2 миллиард теңге қаржы қажет. Бүгінде бұл қаржы мәселесі облыстық деңгейде қарастырылып жатыр. Егер осы қаржы бөлініп, тазарту кешені салынған жағдайда қандыағаштықтар бұл жағымсыз иістен түбегейлі құтылып, қаланың экологиялық ахуалы жақсарар еді. Бірақ зауыт басшылығы бұл жобаның қабылдануын күтіп отырмай, иісті жою үшін өзге де шетелдік компаниялармен байланыс орнатып, фугат сұйықтығын толыққанды тазартатын технологияларды қарастырудамыз, — деді Марат Тілеулесұлы.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта «Бүкілресейлік азық-түлік биотехнологиясы ғылыми-зерттеу институты» федералды мемлекеттік бюджеттік ғылыми мекемесімен байланыс орнатылып, «барданы» өңдеу бойынша құрылғылардың сипаттамалары мен технологиялары алынған.

Біз Мәскеуде орналасқан институтпен байланыс орнатып, бидай қалдығын өңдеуге арналған жобаның сызбасын алдық. Олар 1 миллард 20 млн теңге тұратын өңдеу жобасын ұсынды. Сонымен бірге тағы шетелдік компания «Jana technologies» ЖШС-не де хат жазып, спирт қалдықтарын өңдеуге арналған жаңа технологиялық құрылғылардың жобасын сұрадық. Бүгінде оның жауабын күтіп отырмыз. Осы екі компанияның ұсынған жобаларының тиімділігіне қарай шешім қабылдаймыз. Біздің мақсатымыз – өз өнімімізді өндіре отырып, жергілікті халыққа қолайсыздық тудырмау, жағымсыз иісті жою. Сол үшін де жұмыстанып жатырмыз, — деді Марат Абдрахманов.

ЗАУЫТТА 250 АДАМ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ

Бүгінде «Кентавр» ЖШС-де 250-ден астам адам еңбек етеді. 1998 жылы құрылған Орта Азиядағы ең ірі өндіріс орны тағамдық этил спирті, құрғақ белсенді қоспалар, азықтық ашытқылар, сұйық тыңайтқыштар өндіреді. Бұл компаниядан жыл сайын аудан бюджетіне 650-700 миллион теңге көлеміне қаржы құйылады. Жұмысшылардың орташа айлық көрсеткіші – 263 мың теңге. Марат Абдрахманов «Кентавр» ЖШС-нің басшылығы қаланың әлеуметтік жобаларына белсенді қатысатынын тілге тиек етті.

Біз осы қалада орналасып, кәсіп жасап отырғаннан кейін барынша қала үшін жасалатын жұмыстарға атсалысамыз. Айталық, 2021 жылы «Достық» мөлтек ауданындағы №24 көпқабатты үйдің инженерлік желілерін қайта құруға 13 406 616 теңге көлемінде қаржы бөліп, демеушілік көмек көрсеттік. Ал 2022 жылы Қандыағаш қаласындағы 5 қабатты көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін сырлауға 16 594 605 теңге бөлдік. Жаңатұрмыс және Жаркемер ауылдарын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттаманы жүргізуге және мемлекеттік сараптамасын алуға 7 200 000 теңге көлемінде демеушілік жасадық. Бұдан да өзге жобаларға атсалысып, қаланың дамуына өз үлесімізді қосып жүрміз, — деді ол.

ЖЕРГІЛІКТІ ТАЗАРТУ КЕШЕНІНІҢ ҚҰНЫ – 5,2 МЛРД ТЕҢГЕ

Мәселенің мән-жайын зауыт басшылығынан білген соң, аудан әкімі Дархан Ермағанбетовке барып, құны 150 млн теңге тұратын «Самал» мөлтек ауданы мен «Кентавр» ЖШС-і зауытының кәріз желілерін салу және жергілікті тазарту кешені құрылысының жобасы туралы сұрадық.

Өндіріс басшылығының демеушілігімен «Достық» мөлтек ауданынан жергілікті тазарту кешені құрылысының жобасы жасақталғаны рас. Бұл кешен жергілікті талаптарды ескере отырып, ағынды суларды белгіленген нормативтік көрсеткіштерге дейін тазартуға мүмкіндік береді. Жобаны «Қазақстан темір жол көлігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің мамандары дайындады. Жобаны өз құзыретімізге алып, мемлекеттік сараптамадан өткіздік. Дегенмен бүгінде бұл жобаға тағы да өзгерістер енгізіліп, түзетіліп жатыр. Себебі «Самал» мөлтек ауданындағы 11 кварталдың және зауыттың кәріз ағындылары бір жерге топтастырылып, ағынды сулар тазарту қондырғысына жиналады. Ал ол Жарық ауылына баратын жолдағы кәріз сорғы станциясына ағызылады. Алайда осы кәріз сорғы станциясы бұл кәріз суларын қабылдауға қауқарсыз. Сол себепті бұл станцияны да жаңғыртып, көп мөлшерде кәріз суын қабылдайтындай етуіміз керек. Жергілікті тазарту кешені құрылысының жобасына осы аталған жобаны енгізіп, түзетулер жүргізілуде. Бұл мәселеден облыс әкімі Асхат Шахаров та хабардар. Біз ұсынған жобаны мақұлдап, қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді, — деді аудан әкімі Дархан Ермағанбетов.

Аудан басшысы Жарық ауылына барар жолдағы кәріз сорғы станциясы жаңартылып, спирт зауыттың қалдық суын қабылдауға қауқарлы болса, жобаға салынған қомақты қаржы бірнеше жылда бюджетке еселеніп, қайтып келетінін тілге тиек етті. Себебі жасақталған жобада бұл жағдай тыңғылықты жоспарланған.

МӘСЕЛЕ МӘЖІЛІС ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАРАЛАДЫ

Бүгінде бұл мәселе облыс деңгейінде көтерілуде екен. Оны облыстық мәслихат депутаты Наурызбек Сарбасовтан білдік. Ол облыстық сессияда қандыағаштықтардың мазасын алған мәселе туралы депутаттық сауал жолдаған.

Мен облыстық мәслихатқа Мұғалжар ауданының атынан сайланған депутат ретінде ауданға қатысты мәселелерді көтеріп, оның оңды шешімін табуына өз үлесімді қоссам деймін. Бұл жағымсыз иіс мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді. Облыстық сессияда мәселені шешу үшін аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылысы 5,2 млрд теңге болатын жобалық құжат дайындалғанын айтып мәселе көтердім. Бұл жоба іске асырылса, кәріз жүйесімен байланысты мәселе түбегейлі шешіліп, қаланың экологиялық ахуалы жақсарары сөзсіз, — деді облыстық мәслихат депутаты Наурызбек Жұмабекұлы.

Сондай-ақ ол аталған мәселені республика деңгейінде қарап, қажетті қаржыны бюджеттен бөлу үшін мұғалжарлық мәжіліс депутаты Қазбек Әлішев те мәжіліс қабырғасында көтеруді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

Біздің облыстан сайланған мәжіліс депутаты Қазбек Әлішев ағамыз да бұл мәселеден хабардар. Алдағы уақытта осы мәселені мәжілістің мінберінде көтеріп, шешімін табуға өз үлесін қосады деп сенеміз. Себебі ол кісі облысымызға қатысты көптеген мәселелерді көтеріп, нақты шешімдердің қабылдануына өз үлесін қосып жүр. Бүгінде түзетуге берілген жобалық құжат дер кезінде қабылданса, қала тұрғындарының мазасын алған жағымсыз иістен құтылып, жаңадан бой көтерген үш бірдей шағын ауданның да кәріз жүйесінің мәселесі шешілер еді, — деді облыстық мәслихат депутатты Наурызбек Сарбасов.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Мессенджерде қызды балағаттаған Ақтау тұрғынына айыппұл салынды

admin_mugalzhar

Қазақстанда кімдер өзін банкрот деп жариялай алады

admin_mugalzhar

АУЫЛДАҒЫ НАУРЫЗ ТОЙ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.