Елімізде маусымның үшінші жексенбісінде Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Бұл мереке 1998 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген болатын. Биыл адам жанының арашашысы болған бұл жандар мерекелерін 15 маусымда тойлайды. Мереке қарсаңында біз газет журналистері, жылдағы дәстүрден жаңылмадық. Бұл жолы Мұғалжар аудандық ауруханасына барып, стационарлық бөлімдерді аралап, емдеуші дәрігерлермен тілдесіп, бас дәрігермен де сұхбат құрдық. Ендеше, ауруханада өткен журналистің бір күнімен таныс болып, медицина қызметкерлерінің ерен еңбегіне куә болыңыздар.
АУРУХАНА ЗАМАНАУИ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚҰРЫЛҒЫЛАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН
Ауруханадағы жұмысымыз бас дәрігердің кабинетінен басталды. Жақында ғана бас дәрігерлікке тағайындалған Абзалбек Иманбаевпен құрған сұхбатымыз жалпы аудандық аурухананың жағдайы, материалдық-техникалық базасы, кадр мәселесі жөнінде өрбіді. Бас дәрігердің сөзінше, аудандық ауруханада науқастарға сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдай жасалған және аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайту бағдарламасы аясында заманауи медициналық құрылғылар сатып алынған. Айталық, сараптамалық сыныптағы УДЗ аппараты, брахицефалдық УДЗ, анестезиялық тыныс алу аппараты, өкпені жасанды желдету аппараттары алынып, рентгендік диагностикалық аппараттар ауыстырылған.
— Бүгінде аурухананың заманауи медициналық құрылғылармен жарақтандырылуы 92 пайызды құрап отыр. Дегенмен әлі алуынуы қажет құрылғылар бар. Қазіргі уақытта ауруханадағы компьютерлік томограф аппаратының тозығы жетіп тұр. Алдағы уақытта оны жаңартып, заманауи КТ аппараттын алуды жоспарлап отырмыз. Ауруханада МРТ аппараты жоқ. Бұл құрылғыны алу жоспарымызда бар. Ол үшін «Магниттік-резонанстық томография» кабинетін орналастыру үшін негізгі ғимаратқа қосымша жапсарлас құрылыс жұмыстарын жүргізу қарастырылуда. Бұл ғимараттың салынып, аппараттардың алынуы біздің диагностикалық мүмкіндіктерімізді әдеуір арттырады. Біздің мақсатымыз – заманауи медициналық көмек стандарттарына сәйкес науқастарға мүмкіндігінше дәл және қауіпсіз диагностиканы қамтамасыз ету, олардың денсаулықтарына бейжай қарамау, — деді бас дәрігер.
ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР БӨЛІМІ МЕН МӘЙІТХАНА ЖӨНДЕЛЕДІ
Алдағы уақытта аурухана ішінде атқарылатын құрылыс жұмыстарына тоқталған бас дәрігер Абзалбек Иманбаев соңғы үш жылда емхананың үш қабатты ғимаратына, сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін 100 керуеттік стационардың 3-ші және 4-ші қабаттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін тілге тиек етті.
— Қазіргі уақытта аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі мен мәйітханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұларды жөндеуден өткізу үшін жобалықсметалық құжаттар дайындалып, сараптамаға жіберілді. Сонымен бірге аурухана ауласы да абаттандырылуда. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер мекеменің жұмысшылары құрылыс жұмыстарын тамыз айында аяқтап беретіндерін айтып отыр. Бұдан басқа «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында аудандық аурухана ауданаралық аурухана болып жаңартылып, қосалқы құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде жоба дайындалып, сараптамаға берілді. Егер ауруханамыз ауданаралық аурухана болып қайта жаңғыртылатын болса, Мұғалжар, Темір, Байғанин, Ойыл аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетуге қауқарлы болады, — деді ол.
АУРУХАНА ЕСЕБІНЕН МАМАНДАР ОҚЫТЫЛУДА
Мұғалжар аудандық ауруханасының іргетасы 1989 жылы қаланған. Ауруханаға қарасты 5 дәрігерлік амбулатория, 14 медициналық және фельдшерлік акушерлік пункт бар. Ауруханада жалпы саны 501 медициналық қызметкерлер жұмыс жасайды. Оның 72-сі жоғары білімді дәрігер, 232-сі орта буынды медбике, қалғаны кіші техникалық қызметкерлер. Бас дәрігер Абзалбек Иманбаев ауруханада салалық дәрігер мамандардың жетіспейтінін айтты.
—Жалпы ел бойынша медицина саласында дәрігерлердің жетіспеушілігі күрделі мәселе болып отыр. Соның ішінде ауылдық жерлерге дәрігер табу қиындық туығызады. Бүгінгі таңда аудандық ауруханада дәрігер тапшы. Ауруханаға екі неонотолог, 3 жалпы тәжірибелік дәрігер, 2 анестезиологреаниматолог, 2 невролог, 2 акушер-гинеколог, 1 кардиолог қажет. Ауруханаға білікті дәрігерлерді тарту бойынша жұмыстанып жатырмыз. Келетін дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет. Алайда бізде осындай жағдайлар жасалмаған. Қандыағаш қалалық статусқа ие болғаннан кейін мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көп көре бермейді. Дегенмен Қандыағаш қаласына дәрігер болып келетін мамандарға облыстық денсаулық сақтау басқармасынан 3 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі, — деді Абзалбек Иманбаев.
Оның сөзінше, ауылдық елді мекендерге жұмысқа орналасқан дәрігерлерге 8,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленеді. Ал мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен бос вакант орынға орналасқан барлық медициналық қызметкерлерге аудан бюджетінен 100 айлық есептік көрсеткіш, яғни 393 200 теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы беріледі. Сонымен бірге тұрғын үй сатып алуға арналған 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде үстемақысыз бюджеттік несие тиесілі екен.
Ал дәрігерлердің біліктілігіне келетін болсақ, олар 5 жыл сайын міндетті түрде біліктіліктерін арттырады. Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша кезектен тыс біліктілігін арттыру циклдарына жіберіледі. Бүгінде аудандық аурухана есебінен төрт дәрігерді Батыс Қазақстан медицина университетінде резидентурада оқытып жатырмыз. Олар «урология», «кардиология», «анестезиология және реаниматология», «радиология» мамандықтары бойынша оқып, біліктіліктерін арттыруда. Олар оқуларын аяқтағаннан кейін ауруханада жұмыстарын жалғастыратын болады. Бүгінде аудандық ауруханада КТ оқитын радиолог маман жоқ. Біз облыстық ауруханалардағы дәрігерлермен келісімшартқа отырып, сонда оқытуға мәжбүрміз, — деді ол.
35 200 АДАМ ТІРКЕУДЕ ТҰР
Бас дәрігер аудандық ауруханада жалпы саны 35 200 адам тіркеуде тұрғанын мәлімдеді. Оның ішінде 13 284-і балалар, 1 786-сы жасөспірімдер, 20 130- ы ересектер. Аурухана тіркеуінде тұрған 31 102 адамның денсаулығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы сақтандырылса, 4 098 адам өз денсаулығын сақтандырмапты. Ал тұрғындардың аурушаңдығы бойынша диспансерлік есепке 6 252 науқас тіркелген.
— Қазіргі уақытта тұрғындар арасында жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша аурушаңдықтың өсуі байқалады. Диспансерлік есепке қан қысымы диагнозымен, жүректің түрлі ауруларымен, түрлі созылмалы аурулармен ауыратындар алынады. Диспансерлік есепте тұрғандар өздерінің диагноздарына байланысты Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығына сәйкес тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Бүгінде ана мен баланың денсаулығын сақтау бойынша «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында балаларды скринингтік тексеруден өткіземіз. Жүкті әйелдердің босанғаннан кейінгі периниталды скринингтен өтуі де жүйелі ұйымдастырылып, «Аңсаған сәби» бағдарламасы да жүзеге асырылуда, — деді Абзалбек Иманбайұлы.
ҚАБЫЛДАУ БӨЛІМІ ТРИАЖ ЖҮЙЕСІМЕН ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ
Бас дәрігермен өткен сұхбаттан соң, аудандық аурухананың стационарлық бөлімдеріне барып, ол жақта жасалып жатқан жұмыстарға куә болдық. Бүгінде ауруханада хирургия, терапия, перзентхана, жансақтау, балалар, жұқпалы аурулар және қабылдау бөлімі жұмыс жасайды. Сонымен бірге 30 орындық күндізгі стационар да жұмыс істейді.
Біз алдымен аурухананың бірінші қабатында орналасқан қабылдау бөліміне бас сұқтық. Бізді бастап жүрген бас дәрігердің орынбасары Берік Ибрагимов қабылдау бөліміне әр түрлі диагнозбен түрлі жастағы науқастардың түсетінін айтты. Түскен науқастар триаж жүйесіне байланысты жағдайдың ауырлығына сәйкес үш жолаққа бөлінетінін, соған сай жүйелі медициналық көмектің көрсетілетінін тілге тиек етті.
— Триаж жүйесі бойынша науқастар жасыл, сары, қызыл жолаққа бөлінеді. Жасыл жолаққа жататын науқастарды дәрігерлер қарап, сырқат сипатының деңгейін анықтап, емханаға қаралуға жолдайды. Ал сары жолаққа жататын науқастарды аурухана дәрігерлері тексеріп, ауруханаға жатқызып, бақылауға алады. Қызыл жолаққа жататын науқастар шұғыл түрде облыстық ауруханаларға жолданады, — деді Берік Ерденұлы.
Қабылдау бөлімінің аға медбикесі Аяжан Задыкерей келіп түскен науқасты қабылдап, толық ақпарат алып, орталықтандырылған жүйеге енгізіп, оны арнайы қызыл және жасыл түсті көпреттік білезікке QR код арқылы енгізіп, ауру сипатына қарай стационар бөлімдерге жолдайды. Одан әрі тексеру, бақылау жұмыстарын бөлім дәрігерлері атқарады.
— Дәрігер науқасты түскен күні қарайды, оған қажетті ем жазады және тағайындалған диагностикалық емді түсіндіреді. Науқас ауруханаға жатқаннан бастап 3 күннің ішінде бөлімше меңгерушісімен бірге клиникалық диагноз қойылады. Қосымша диагностикалық және емдік қызмет тағайындалса, кезекші дәрігер медициналық картаға жазады. Пациенттің жағдайы нашарласа, кезекші дәрігер меңгерушіге, емдеуші дәрігер немесе жауапты кезекші дәрігер хабарлайды. Диагностика мен емдеу процесіне өзгерістер енгізеді және оны медициналық карта мен ақпараттық жүйеге енгізеді, — деді ол.
АНА МЕН БАЛА ӨМІРІНЕ ЖАУАПТЫ БӨЛІМНІҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ
Біз одан әрі қабылдау бөлімінен шығып, перзентхана бөліміне қарай бағыт алдық. Бұл жерден аяғымызға бахила мен арнайы халат киіп, екінші қабатта орналасқан перзентхана бөліміне кірдік. Бізді жылы шыраймен перзентхана меңгеруші Дина Сағынова қарсы алып, бөлім жұмысымен таныстырды.
—Біздің перзентхана медициналық қызмет көрсетудің екінші деңгейлі сатысына жатады. Перзентхана ішінде босануға дейінгі потология, бірнеше босану және бір интенсивті бөлме бар. Босану бөлмелері толықтай жабдықталған. Толғақ қысқан әйелдің ауырсынуын жеңілдетуге арналған түрлі құралжабдықтар, секіруге арналған доп, тартылуға арналған арқан, жатып босануға арналған керует қойылған. Әйелдерге бөлімдегі тәжірибелі дәрігерлері мен акушерлер, медбикелер барынша жағдай жасайды. Қандыағаш қаласы жол бойында орналасқаннан кейін өзге аудандардан да келіп, босанатындар жетерлік. Перзентханада жыл басынан бері 179 сәби дүниеге келді. Бала мен сәби өлімі тіркелмеді. Бұл біз үшін үлкен қуаныш, — деді перзентхана меңгерушісі Дина Таңатарқызы.
Перзентхана ішінде уақытынан бұрын және ауыр босанған аналар мен шала туылған балаларға арналған қарқынды емдеу бөлмесі де бар екен. Бұл бөлмеге жауапты маман неонатолог Азат Жұмашев жаңа туылған сәбилерді осы бөлмеде қарап, тексеру жұмыстарын жүргізеді.
—Мерзімінен бұрын немесе түрлі сырқатпен туылған балаларды осы бөлмеге алып келіп, кувез аппаратына саламыз. Бұл құрылғыда өкпесі дұрыс жетілмеген, тері жабындылары әлсіз балаларды салып, бақылауда ұстап, ем-шара тағайындап, салмақ қосуына, толық қалыптасуына мүмкіндік жасаймыз. Ал реанимациялық үстелде жаңа туған балаларды қарап, тексереміз. Сонымен бірге реанимациялық жасанды ауа беру аппараты, электр сорғыш аппараты және ана мен балаға арналған арнайы кресло қойылған. Біз мүмкіндігінше нәрестені аман алып қалуға, оның қалыптасып кетуіне барлық жағдайды жасаймыз. Ол біздің басты міндетімізге жатады, — деді неонатолог Азат Мақсотұлы.
ЖҰМЫСЫ КҮРДЕЛІ ТЕРАПИЯ БӨЛІМІ
Ендігі аялдамамыз аурухана ғимаратының үшінші қабатының оң жақ қанатында орналасқан терапия бөлімі болды. Біз барғанда дәрігерлер палаталарды аралап, науқастардың хал-жайын біліп, мейірбикелер дәрідәрмек пен екпе жасау уақытына дайындалуда екен. Науқастардың бірі сондағы мамандар кеңесіне жүгінсе, енді бірі аурухана ішіндегі қалпына келтіру кабинетінде арнайы аппараттармен ем қабылдап жатыр екен. Бөлімде жалпы саны 26 керует бар. Бүгінде бұл керуеттердің барлығында науқастар диагноздарына байланысты ем қабылдап жатыр екен.
—Жалпы терапия бөлімінің жұмысы күрделі. Мұнда көптеген диагноздағы науқастар емделеді. Мәселен, жүректің ишемиялық ауруы, артериальды гипертензия, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары, бронх демікпесі, қант диабеті, анемияның ауыр дәрежелі түрлері, ревматологиялық аурулар, цереброваскулярлы ауру мен дисциркуляторлы энцефалопатия, ми қан айналымының жедел бұзылысының салдары, эпилепсия, бел омыртқаларының остеохондрозы, протрузиясы, грыжасы және созылмалы пиелонефрит, созылмалы холецистит пен созылмалы панкреатит сияқты көптеген ауру түрлері бойынша ем-дом жасалады. Ауруханада жатқан барлық науқас өздеріне бекітілген режимді сақтап, тағайындалған диеталық үстелдердің тағамдарымен тамақтанады, — деді бөлім меңгерушісі Мирас Айматов.
Ол бөлім дәрігерлері уақытпен санаспай кез келген уақытта науқас жағдайы нашарласа, бүкіл жұмысын ысырып, ауруханаға жетіп келетінін айтады. Кей уақыттарда сенбі, жексенбі күндері де демалуы екіталай екен. Себебі өмірін сеніп тапсырған науқастың саулығын сақтау басты міндетіміз деп санайды.
БІР АЙДА 20-ДАН АСТАМ ОТА ЖАСАЛАДЫ
Одан әрі түсірілім тобы хирургия бөліміне де барып, ота жасау бөлмелерін аралып, сатып алынған заманауи ота жасауға арналған медициналық құрылғыларды да көзімен көрді. Хирургия бөлімінде жалпы саны 29 төсек бар екен. Оның ішінде 14-і травмотологиялық, 7- і хирургиялық, 8-і гинекологиялық керует. Бөлім меңгерушісі Серік Құрантаев бөлім дәрігерлері көп жағдайда іш қуысы мүшелеріне, тік ішекке, құрсақ қабырғасының грыжаларына, қалқанша безіне, бауырдың құрт ауруы кезінде жасалатын лапароскопиялық эхинококкоктомия секілді оталар жасайтынын жеткізді.
—Операциялық блок кеуде және іш қуысы органдарында бейне эндоскопиялық операциялар жасауға мүмкіндік беретін бейне эндоскопиялық кешенмен жабдықталған. 85% -дан астам жағдайларда холецистэктомия травматикалық төмен эндовидеоскопиялық әдіспен жүргізіледі. Лапароскопиялық аппендэктомия кеңінен қолданамыз. Құрсақ қабырғасының грыжаларына бейне-эндоскопиялық операция жасау әдістерін игердік. Құрсақ қабырғасының грыжаларын емдеуде торлы протездерді қолдану арқылы кернеусіз пластикалық әдістер қолданылады, бұл қайталанатын грыжа қаупін азайтады. Бөлімдегі видеоэндоскопиялық және заманауи медициналық құралдар тінді аз мөлшерде зақымдау арқылы ота жасауға мүмкіндік береді, — деді хирург Серік Құрантаев.
Бөлімде дәрігерлік тәжірибесі мол, білікті мамандар қызмет атқарады. Олар — травматологтар Марат Құрантаев пен Серік Көшенов және хирургтер Әуез Қабиев пен Рамазан Аманжоловтар. Білікті дәрігерлер лапароскопиялық, торакоскопиялық, травматологиялық ота жасайды. Жыл басынан бері бөлімде хирургиялық, гинекологиялық, травматологиялық бірнеше операция жасалған. Бөлім меңгерушісі бір айдың ішінде орташа есеппен 20-дан астам түрлі ота жасалатынын тілге тиек етті.
—Біздің қол жеткізген үлкен жетістігіміз — операциялық блокқа ең мықты деген медициналық құрылғылардың алынуы. Осы аппараттардың арқасында қаншама адамның өміріне аса қауіп тудырмай, аз қан жоғалту арқылы оталар жасап жатырмыз. Мен үнемі білімім мен тәжірибемді жетілдіріп, зерделеп, ізденіс үстінде жүремін. Білікті дәрігерлерден де дәріс аламын, — деді бөлім меңгерушісі Серік Құрантаев.
РЕАНИМАЦИЯ – АУЫР НАУҚАСТЫ ҮЗДІКСІЗ БАҚЫЛАУ
Ауруханадағы соңғы аялдамамыз ауыр жағдайдағы науқастарды құтқару мен емдеудің маңызды жері саналатын реанимация бөлімі болды. Бұл жерде анестезиологтар мен анестезист-медбикелердің атқаратын рөлі ерекше, себебі олардың кәсіби білімі мен дағдылары науқастардың өмірін сақтап қалуға тікелей әсер ететіні сөзсіз. Анестезиолог және анестезист науқастардың тыныс алуын, жүрек қызметін, артериялық қысымын қадағалап, қажетті дәрілерді енгізіп, жасанды тыныс алу аппараттарын бақылау жасайды.
—Бөлім алты орынға арналған, штат құрамында 20-ға жуық білікті қызметкерлер бар. Олар анестезиологиялы қ құралды түрлі операцияларға даярлайды және отадан кейін кешенді бақылау жасайды. Анестезиология және реанимация бөлімі тәулік бойы ауыр халдегі науқастарға терапиялық, хирургиялық, гинекологиялық, урологиялық, неврологиялық патологиялар бойынша шұғыл және жоспарлы түрде жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Өз тәжірибесінде өмірлік-маңызды функциялар тыныс алу, қан айналымы, шығындылар және т.б. қызметін қамтамасыз ету үшін ең алдыңғы қатарлы және заманауи әдістерді қолданады, бөлім қызметкерлері жіті тыныс алу, жүрек-тамырлық, бүйрек функциясының жеткіліксіздігі, жарақаттық және геморрагиялық шок, ми мен жұлынның зақымдану салдарымен күресуді жақсы меңгерген, — деді реанимация бөлімінің Райымбек Мнашбай.
Реанимация бөлімі жақсы жетістіктерге қол жеткізу үшін пациенттің жағдайын үздіксіз және нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беретін соңғы үлгідегі тыныс алу және монитор аппараттарымен жабдықталған. Жаңа инновациялық технологиялар енгізілуіне байланысты жыл сайын емдеу көрсеткіші жақсарып келеді екен.
— Реанимация бөлімінде көп қан жоғалтқан науқастар үшін арнайы қан сақтау бөлмесі жабдықталған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, барлығы талапқа сай жасақталған. Түрлі қан топтары мен плазмалаларды арнайы мұздатқыштарда сақтаймыз және олардың жарамдылық мерзіміне аса мән береміз. Науқасқа құйылатын қанды екі айдан артық сақтауға болмайды. Ал плазаманы 2 жыл сақтауға мүмкіндік бар. Айта кететін бір жайт, мұздатқышта қатып тұрған қан мен плазманы еріту кезінде арнайы медициналық құрылғылар қолданылады. Бұрын дәрігерлерде бұндай мүмкіндіктер болмаған. Қанды еріту кезінде олар алақандары мен денелеріне басу арқылы еріткен. Бұл аппараттар бүгінгі күннің үлкен жетістігі деп сенімді түрде айта аламын. Сөз соңында айтарым, реанимация жоғары жауапкершілікті талап ететін сала, сондықтан медициналық мамандар үздіксіз білімін жетілдіріп, тәжірибесін арттыруы қажет, — деді реаниматолог Райымбек Ұзақұлы.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.