«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕР АЗАМАТТЫҢ ЖҮГІН КӨТЕРІП ЖҮРГЕН НӘЗІК ЖАН

Қандыағаш қаласының тұрғындары арасында «сварщик Света» деген есіммен танымал нәзік жан бар. Әйел адамының тап осындай анықтауышқа ие болуы таңқаларлық, әрине. Қарапайым, еңбекқор, шынайы мінезді бұл жанның шын есімі Гүлбаршын Искакова. Биыл 72 жасқа толған кейіпкеріміздің бойынан шаршағандықтың, қажығандықтың ізі де байқалмайды. Қайта, «әйел адам дәнекерлеуші бола алмайды» деген түсінікті өзгерткен жан екенін дәлелдей түскендей.

Есімімнің Гүлбаршын екенін тек 8-сыныпта білдім. 8-сыныпты аяқтаған жылы құжатымызды қолымызға берген сәтте сынып жетекшім «Гүлбаршын Искакова» деп атап шақырды. «Менен басқа Искакова деген жоқ қой» деп артыма қараймын. Апайым маған қарап, «ты, ты» деп мені шақырды. Сол кезде бір-ақ білдім. Бала күнімде аппақ болып туылыппын. Кіндік шешем неміс ұлтынан еді, мені көріп: «Светлячок родилась» депті, содан бәрі «Света» атап кетіпті. Құжаттарда да кей де Светлана деп кетіп жүрді. Қандыағашқа алғаш келгенде өзімді «Гүлбаршын» деп таныстырсам, ауылдың балалары көріп қалып: «Ооо, Света келіпті ғой», — деп тағы да сол есіммен аталып кеттім. Өзім де үйреніп кеттім, — деп күлді ол.

Гүлбаршын Асхатқызы дәнекерлеуші құралын қолына 1972 жылы алған екен. Жарты ғасырдан астам еңбек жолында трактордың да, комбайнның да рөліне отырыпты. 1985 жылы Қобдадан Қандыағашқа көшіп келгеннен кейін мұнай-газ саласындағы мекемеде вахталық әдіспен жұмыс жасап, 1990 жылдары мекеме жабылғаннан кейін жеке жалдамалы жұмысшы болып, дәнекерлеушілікке қайтып келеді.

Бұл мамандықты бала кезімнен өзім таңдадым. Бір жерде дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатса, қызығып қарап тұрушы едім. Менің жасымдағы қыздар алдымен қуыршақ ойынап, кейін боянып-таранып әуре болса, мен темір-терсектің қасында жүретінмін. Кейін училищеде оқып, өзім қалаған мамандығымды алып шықтым. Ол үшін ешқашан өкінген емеспін. Егер уақытты кері қайтарсақ та, мен дәл осы мамандықты таңдаған болар едім, — дейді өзі.

Гүлбаршын Искакова бүгінде «Азат» тұрғын үй кооперативінің төрайымы. Қарамағында Қандыағаш қаласының «Жастық» шағын ауданындағы №80, 81, 46, 29, 79 көпқабатты үйлер бар. Ешқашан қара жұмыстан қашпаған еңбекқор жан барлық жұмыстың басы-қасында өзі жүреді, жертөлені де жөндейді, құбырды да ауыстырады, ауланы да тазалайды, тіпті бұзылған әткеншек пен сырғанақты да өзі дәнекерлейді.

Қазір ауладағы тазалықты сақтау, ойын алаңдарын жөндеу, жалпы ауланың, жертөленің жағдайы — тек өзіміздің мойнымызда. Өкінішке орай, тұрғындар ТҮК-ке төлейтін төлемдерін уақытылы төлемейді. Бүгінде тұрғындардың қарызы 2 миллион теңгеге жетті. Ал өзіміз айына 50-60 мың теңге аламыз ба, жоқ па, анық айта да алмаймын?! Бұрын әр мерекеде аулаға шығып, бірге тойлайтын едік. Сол жерде тұрғындар арасындағы ауызбіршілік артып, мәселелерді ортаға салатынбыз. Қазір ешкімге ештеңе керек емес. Балалар орындықтарды, немесе әткеншекті бүлдірсе де, ата-аналары балаларын жақтап, бізге ұрысады. Барынша тырысып-ақ жүрміз, десе де осындай қарым-қатынаспен еңбегіміздің қадірі кетіп бара жатыр, — деп қынжылды ол.

Қандыағаш қаласындағы көпқабатты үйлердің жертөлесіндегі құбырлардың тең жартысын осы Гүлбаршын апа дәнекерлеген десек, артық айтпаспыз, сірә. Темірдей төзімі, мықты мінезі мен адал еңбегі кез келгенге үлгі. Бүгінде оның қолынан өткен жүздеген құбыр, қақпалар, үй жертөлелеріндегі су жүйелері — соның айғағы. Дәнекерлеу — ер адамға тән ауыр еңбек екенін біледі, бірақ одан бас тартқан емес.

Қолымда дәнекерлеу аппараты болғанда, өзімді еркін сезінемін. Бұл маған тек жұмыс емес, өзімнің өміріме айналған іс. Жертөле жұмыстары өте қиын. Ылғал, қараңғы, иісі қолқаны қабады, сол жерде кейде батпақтың ішіне түсіп жүріп дәнекерлейміз. Тозығы жеткен темірлерді ауыстыру, шіріген құбырларды қайта жалғау оңай шаруа емес. Көп жағдайда арнайы техника да жоқ. Қолымда ескі құрал, кейде жалғанған тоқтың кернеуі жеткіліксіз. Бірақ істі тоқтатуға болмайды. Себебі бір құбыр жарылса, бүкіл үйге су кіріп кетуі мүмкін, — дейді ол.

Қыста жұмыс тіпті қиындай түседі. Мұздай жертөледе бірнеше сағат бойы отырып жұмыс істеу денсаулыққа зиян. Тоқ ұрып кету, от ұшқынының көзіне, бетіне тиіп кету қаупі де бар.

Бетімізге арнайы маскамызды киіп, қолғаппен жұмыс істейміз. Бірақ оған да үйрену керек. Бір ұшқын қолыңа түссе, сол жер қап-қара болып күйіп кетеді. Талай рет саусақтарымды күйдіріп алғанмын, бірақ соған қарамай істей бердім. Көбісі бұл жұмысты біле бермейді. Дәнекерлеуші болу — тек шеберлікті ғана емес, сонымен қатар тәуекелді де қажет етеді. Физикалық әрі психологиялық тұрғыдан ауыр жұмыс. Жоғары температура, тоқпен жұмыс, улы түтін — бәрі адам денсаулығына зиян. Әйел адам үшін бұл екі есе ауырлық туғызады, — дейді «сварщик Света».

Әңгіме барысында кейіпкеріміз бұрын жертөлелерге су толып кеткенде сол суды шелекпен тасып шығарғанын да еске алады. Кейде құбырлар ысылып, жарылып кетіп, ыстық су жан-жағына атқылап жатқанда да араласып, жөндеп үлгерген. Бірақ сондай күрделі жұмыстарға қарамастан, өзі тәрізді еңбек адамдарының жұмысының бағаланбай жататынына қынжылатынын жасырмады.

Тұрғындардың су келмей қалса немесе қыс мезгілінде жылу аз болса, бірден ТҮК-ті кінәлап шығатыны бар. Бірақ олардың өз үйлеріндегі стояктардың шіріп, батареялардың ішінің толған шөгінді екенін ескере бермейді. Оны ешкім ауыстырмайды, әрине, сосын осындай жағдайлар болады. Десе де, біздің әдетіміз сол ғой, алдымен өзімізден емес, өзгеден көреміз, — деп ол ренішін де жасырмады.

Дәнекерлеуші нәзік жанды сонау 1986 жылдары Татарстанға екі рет іссапармен барған уақытында сол жақтың зауыт басшылары «бізге осындай маман керек» деп қалуын сұраған. Бірақ туған жерін қимай, ол жақта қанша адам қызығарлық ұсыныстар жасаса да, елге қайтып келіпті.

Гүлбаршын Искакованың екі ұлы бар. Өзі татар ұлтынан, алайда қазақ тілін Қандыағашқа көшіп келген соң үйреніп алған. Қазақ мектебі болмаған ауылда өскеніне қарамастан, бүгінде қазақшаға судай.

Ең бастысы, мен өзімнің жаным қалаған жерде, өз туған елімде, өзім қалаған істің шебері болдым. Елге пайдам да тиді. Әлі де қажет кезде темірімді, құрылғымды алып жұмыс істей беремін, — деп сөзін аяқтады ол.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

+46°С. Шымкент пен еліміздің барқатар өңірінде дауылды ескерту жарияланды

admin_mugalzhar

Елімізде 217 елдімекенде су тасу қаупі жоғары

admin_mugalzhar

Облыс әкімі мерейтой иесіне Президент құттықтауын жеткізді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.