«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АДАМНЫҢ ІРГЕЛІ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ– МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ

Адам құқықтарының сақталуы және қорғалуы — әр мемлекеттің және ондағы қоғамның жалпы адам үшін жайлылығының безбені, елдің халықаралық беделін қалыптастыратын көрсеткіш.

Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев 2021 жылдан бері қарай адам құқықтары саласында екінші Жарлыққа қол қойып, бұл саладағы реформаларды кеңейте түсуге ұйытқы болды.

Осылайша, 2022 жылғы конституциялық реформа аясында Ата заңымыз — Конституцияға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің құзіреті туралы жаңа бап енгізілді. Сонымен бірге, Уәкілдің құқықтық жағдайын және қызметін ұйымдастыруды айқындайтын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ететін бірегей құзіретін белгілейтін арнайы Конституциялық Заң қабылданды.

Дәл осы жылы еліміздің 17 өңірінде, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Уәкілдің өкілдері алғаш рет тағайындалып, өз жұмысын бастады.

Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл А.Е.Ластаевтың басшылығымен Уәкілдің жергілікті өкілдіктері мен орталық кеңсе еліміздегі адам құқықтарының сақталуы мен қорғалуы бойынша өзінің заңмен белгіленген құзіреті шегінде ауқымды жұмыстар атқарды.

Азаматтардың өтініштерін қарау арқылы бұзылған құқықтарды қалпына келтіру; түрлі азаматтарды уақытша не тұрақты ұстау мекемелеріне, оның ішінде Ішкі Істер саласына қарасты, Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты мекемелерге, мүгедектігі бар тұлғаларға, балаларға, қарттар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж басқа да тұлғаларға арналған жергілікті әкімдіктерге қарасты жабық мекемелерге кедергісіз кез-келген уақытта кіру арқылы ондағы адам құқықтарының сақталу жай-күйін бақылау; адамның іргелі құқықтары туралы құқықтық-ағартушылық түсіндірме жұмыстарын жүргізу; азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында адам құқықтары турасында диалог қалыптастыру сияқты жұмыстар қарқынды жүруде.

Осылайша, салыстырмалы түрде: 2022 жылы республика бойынша Уәкіл кеңсесіне бас-аяғы төрт мыңдай шағым мен арыз түскен болса, 2024 жылы мұндай арыздардың саны екі еседей артып, 6748-ді құрады. Мысал үшін, осы шағымдармен жұмыс аясында Ақтөбе қаласының бүтіндей бір көшесіне су кіргізілді, үш азаматқа мүгедектік тағайындалып, бес азамат пен бір ұжымның еңбек құқықтары қалпына келтірілді, сегіз азаматтың денсаулығына келген нұқсанның орны толтырылды.

Жабық режимдегі мекемелерге кедергісіз кіру және мониторингілеу бойынша 2024 жылы Уәкілдің Ақтөбе облысындағы өкілі  адам құқықтарының бұзылуларын жою туралы 170 ұсыным шығарған болса, оның 157-сі толығымен орындалып, адам құқықтарын бұзған 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, бұзушылық ізімен 1 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл сандардың артында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеті мен әрекетсіздігі арқылы іргелі құқықтары бұзылған және Уәкіл институтының араласуымен құқықтары қалпына келтірілген адамдардың нақты мәселелері жатыр. Мысал үшін, 2024 жылы адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілінің араласуымен Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайға душар болған балаларға арналған «Аяла» қолдау орталығында балалардың таза ауада серуендеу, денсаулығын сақтау және басқа да құқықтарын бұзғаны үшін мекеменің алты лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылған болатын. Сонымен қатар, сотталғандардың ұсталу жағдайларының талаптарға сай келмеуіне байланысты, қылмыстық-атқару жүйесінің №8 мекемесіндегі қатаң ұстау жағдайындағы жасақ Уәкілдің ықпалымен жөндеуден өткізілген үй-жайға көшірілді.

Құқықтық ағарту шаралары аясында мектеп оқушыларынан бастап, мемлекеттік қызметшілерге, тіпті зейнеткерлерге дейін адамның іргелі құқықтары туралы бұрын-соңды болмаған ауқымда дәрістер мен іс-шаралар, кездесулер мен талқы алаңдары ұйымдастырылды. Осылайша, 2024 жылы мұндай түсіндірме жұмыстарымен республика көлемінде 1260 ағарту шарасы аясында 667 741 адам қамтылды.

Бұл ретте, адамның іргелі құқықтары туралы түсіндірме беріп өту қажет.

Адамның іргелі құқықтары әркімге туылғаннан бастап тиесілі және адам өмірден өткенге дейін сақталады. Олар табиғи және ажырамас құқықтар болып табылады, адамдар оларға тек адам болып дүниеге келгеннен-ақ ие деп есептеледі.

Іргелі табиғи құқықтарға өмір сүруге, денсаулыққа, жеке басына қол сұғылмаушылыққа, ар-ождан мен дін бостандығына деген құқықтар және басқа да негізгі бостандықтар жатады. Бұл құқықтар әмбебап, яғни олар барлық адамдарға және барлық жерде бірдей қолданылады: қарт пен нәрестеге, әйел мен ер адамға, діндар мен атеистке, азаматтар мен шетелдіктерге, Қазақстанда және әлемнің кез келген басқа бөлігінде қолданылуға жатады. Сондықтан, іргелі адам құқықтары онша көп емес, бүгінгі күні барлығы 40-қа жуық іргелі табиғи құқық түрлері бар.

Іргелі адам құқықтары барлық елдер үшін бірдей және олар негізгі халықаралық құжаттарда — «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында» және «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пактте, сондай-ақ, «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» халықаралық пактте бекітілген. Осы үш құжат — адам құқықтары туралы халықаралық Биллді құрайды.

Табиғи, яғни іргелі адам құқықтарынан басқа, адамның өмір сүруі барысында жүре-бара пайда болатын құқықтар да бар, олардың саны жүздеп саналады. Бірақ бұлардың адамның іргелі табиғи құқықтарынан айырмашылығы — олар белгілі бір жағдайларда ғана пайда болады. Мысалы, адамға көлік жүргізу құқығы туылғаннан бастап берілмейді, бірақ арнайы оқуды меңгеріп, жүргізуші куәлігін алғаннан кейін пайда болады.

Осы жерде айқындап өтетін бір жай — адамның іргелі, табиғи құқықтарының бұзылғанын қалай түсінуге болады?

Мына мысалды қарастырайық. Адам мерзімі өткен тауарды сатып алып, алданып қалды делік. Бұл жағдайда тұтынушы құқықтары, яғни жүре бара пайда болған құқықты бұзу орын алды, дегенмен, адамның іргелі, табиғи құқықтары бұзылған жоқ деп есептеледі.

Бірақ, егер адам мерзімі өткен тауармен уланып денсаулығына нұқсан келсе, онда бұл жерде — адамның денсаулығын сақтауға деген іргелі, табиғи құқығының бұзылуы туралы айтуға болады. Яғни, дәл осы табиғи құқықтардың бұзылуы бойынша азаматтардың шағымы негізінде Уәкілдің құзырына сай мақсатты жұмыстар жүргізіледі деген сөз.

Уәкілдің жанында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын айшықтай түсетін тек қана белсенді азаматтық қоғам өкілдерінен құралған 2 кеңесші органның — Сарапшылар кеңесі мен Үйлестіру кеңесінің бар екенін дербес атаған жөн. Сарапшылар кеңесіне белгілі заңгерлер, түрлі салада зерделеу жасап жүрген сарапшы мамандар мүше, олар Уәкілдің жұмысына әдіснамалық қолдау жасайды. Ал Үйлестіру кеңесі — әр екі жыл сайын құрамы конкурстық негізде жаңартылып отыратын, жоғарыда аталған жабық мекемелерге кедергісіз кіріп, азаптау мен адамгершілікке жатпайтын қатыгез-қарым-қатынастың алдын алу бойынша жұмыс жасайтын қоғам белсенділерінен құралған арнайы «Ұлттық алдын алу тетігінің» жұмысын үйлестіріп отыратын орган.

Уәкілмен тығыз жұмыстанатын сарапшылардың өзара іс-қимылына мысал ретінде келесі жайды атап көрсетуге болады:

Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартатын заңнамалық нормаларды жасақтауды Парламент депутаттары мен құқық қорғау органдарына тапсырғаны көпшілігімізге белгілі.

Еске салған жөн, Мемлекет Басшысы бұл бастаманы құқыққорғаушы сарапшы Айман Омаровадан хат алғаннан кейін ойға түйгенін Ұлттық Құрылтайда атап көрсеткен болатын.

Ал Айман Омарованың — ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл кеңсесінің бастамасымен 2024 жылы сотталған әйелдердің хал-ахуалын және құқықтық мәртебесін терең зерттегенін және оның Уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің белді мүшесі екенін атай кетуіміз қажет.

Анықтама ретінде: зерттеу нәтижесінде қылмыс жасаған әйелдердің құқықтық жағдайы, қылмыстық-атқару жүйесіндегі әйелдерге арналған 6 мекемедегі, оның ішінде 3-4 жасқа толмаған балалары бар әйелдерге арналған Алматы облысында Жауғашты елді мекенінде орналасқан №10 мекемедегі әйелдердің көңіл көншітпейтін жай-күйі анықталды.

Бұл — адам құқықтарының мемлекеттік кепілдігінің Уәкіл институтының қызметі арқылы сақталуын ғана көрсетіп қоймайды, сонымен бірге азаматтық қоғамның үнін естуге қабілетті мемлекет құру жолындағы жасалып жатырған жұмыстарын айғақтайды.

Уәкіл институтының бастамасымен жасалған зерделеу-зерттеу жұмыстары — 2024 жылы сотталған әйелдердің құқықтарына қатысты ғана емес, сонымен бірге жай-күйді жақсарту үшін ұсынылатын шаралар ауқымын айқындау үшін — кемсітушілікке жол бермеу, қылмыстық-атқару жүйесіндегі медициналық қамтамасыз етілу жай-күйі сияқты өзекті мәселелерге де жүргізілді.

Осылайша, жайлы қоғам, толыққанды құқықтық мемлекет қалыптастыру бағытында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін білдіретін Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл және оның жер-жерлердегі өкілдері бүгінгі күні заңмен белгіленген құзыр шегінде шынайы құқық қорғаушылық қызметті азаматтық қоғаммен бірлесе отырып жүзеге асыруда.

Аққалқа БАЙДУЛЛИНА, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі.

 

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда автогаздың 2023 жылғы қаңтарға дейінгі шекті бағасы белгіленді

admin_mugalzhar

ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНА ЭЛЕКТР ҚУАТЫ ТАРТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

АУДАНДА ЫЛҒАЛ ЖАБУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.