Биыл тарихы тереңде жатқан Мұғалжар теміржол станциясына 120 жыл. Айтулы мереке қарсаңында теміржол бекетінің ардагер қызметкерлеріне ескерткіш орнатылды.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Дархан Ермағанбетов, Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, Ақтөбе, Алматы, Ақтау, Орал қалаларынан келген ауылдың байырғы тұрғындары және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында аудан әкімі Дархан Жанысханұлы ауыл тұрғындарымен қонақтарын ескерткіштің ашылу салтанатымен құттықтап, осы игі іске атсалысқандарды Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Тілеулесұлы бір топ ауыл тұрғындарына алғыс білдірді.
Ескерткіште 70-тен астам Мұғалжар ауылынан шыққан еңбеккердің аты-жөндері тасқа қашалып жазылған. Ескерткіш ауылдың байырғы және қазіргі тұрғындарының демеушілік қолдауымен орнатылды. Тағылымы мол іс-шараға жан-жақтан жиналған теміржолшылардың ұрпақтары үлкен ас беріп, ата-баба рухына тағзым етті.