Менингит – өте жылдам таралатын, клиникалық ағымы ауыр, өлім-жітім көрсеткіші жоғары жұқпалы ауру. Бас миы мен жұлын қабықшаларын зақымдайтын бұл кеселге көбіне балалар, әсіресе 2 жасқа дейінгі сәбилер жиі шалдығады. Ауру дене қызуының 39-40°С-қа дейін кенет көтерілуінен басталып, қатты бас ауру, жүрек айну, құсу, денеде бөртпенің пайда болуымен ерекшеленеді. Дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда менингит кереңдік, эпилепсия, гидроцефалия сынды ауыр асқынуларға алып келуі ықтимал.
— Ауа-тамшылы жолмен таралатын жұқпалы аурулардың қоздырғыштары көбейетін күз-қыс мезгілдерінде менингококк инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал күрделене түсуі мүмкін. Ақтөбе облысы бойынша 2025 жылдың алғашқы алты айында менингококк инфекциясының зертханалық расталған 6 жағдайы тіркелді. Оның 5-еуі – 14 жасқа дейінгі балалар арасында болса, 15–17 жас аралығында 1 жағдай анықталды. Ал аудан көлемінде 2025 жылдың 6 айында менингококк инфекциясы тіркелген жоқ, – дейді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.
Маманның сөзіше, менингиттің кейбір түрлеріне қарсы еліміздің Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде вакцинациялау қарастырылған. Сонымен бірге, тұрғындарға арнайы емес алдын алу шараларын сақтау маңызды.
— Аурудың алдын алу үшін адам көп шоғырланған жерлерге барудан бас тарту, жөтелу әдебін сақтау, қолды жиі сабындап жуу, созылмалы тамақ ауруларын дер кезінде емдеу, таза ауада серуендеу, дәруменге бай тағамдарды тұтыну қажет. Ең бастысы – өз денсаулығына салғырт қарамай, алғашқы белгілер байқалған жағдайда бірден медициналық көмекке жүгіну керек, – деді маман.