Қандыағаш қаласында абаттандыру мен көріктендіру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қала келбетін жақсартуға бағытталған бұл шаралар аясында қазіргі уақытта бірнеше нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, Қандыағаш қаласындағы аудандық әкімдік ғимаратының алдында орналасқан орталық саябақтағы Ту тұғырына жөндеу жұмыстары басталды. Мемлекеттік рәміздердің мәртебесін асқақтатып тұратын бұл тұғыр алдағы уақытта жаңартылған келбетімен қала тұрғындарының назарына ұсынылмақ.
Сондай-ақ қаладағы «Алпамыс» саябағының артқы бөлігінде орналасқан сәндік арка мен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай орнатылған монументте де жөндеу жұмыстары қолға алынды. Уақыт өте келе тозығы жеткен бұл нысандарды қалыпқа келтіру – қаланың көркі мен тарихи-мәдени мұраларын сақтау ісінде маңызды рөл атқарады.
Қала әкімі Қазбек Аққайырдың айтуынша, бұл жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған. Аталған нысандарды жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы заң талаптарына сай өткізіліп, нәтижесінде “STS-BATYS” ЖШС-і жеңімпаз болып танылған. Қазір мердігер мекеме бекітілген келісімшарт негізінде тиісті жұмыстарды жүзеге асырып жатыр.
— Қаладағы әрбір тарихи-мәдени және әлеуметтік маңызы бар нысанның келбеті — Қандыағаштың айнасы. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғасатын болады. Тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыру – басты міндетіміздің бірі, — деді қала әкімі.