БҮГІНДЕ ЕЛ БОЙЫНША ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ. ӘСІРЕСЕ, ЖАЗ АЙЛАРЫ – ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА СҰРАНЫС АРТАТЫН УАҚЫТ. ТАМЫЗДЫҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ КЕЛЕТІН КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІНЕ ОРАЙ ЕҢБЕГІ БОЙ КӨТЕРГЕН ӘРБІР ҒИМАРАТТЫҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛАТЫН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ТУРАЛЫ ҚАЛАМ ТЕРБЕУДІ ЖӨН КӨРДІК. КЕЙІПКЕРЛЕРІМІЗДІ АУДАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ “ЖАҢА ҚОНЫС” ШАҒЫН АУДАНЫНДА БОЙ КӨТЕРІП ЖАТҚАН КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДЕН ТАПТЫҚ. СОНЫМЕН…
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ КҮЗДЕ АЯҚТАЛМАҚ
Бізді құрылыс алаңында жылы жүзбен қарсы алған құрылыс мекемесінің өкілі Саламат Сабырбаев құрылыс барысымен таныстырып, жұмыс кестесі мен барысы туралы баяндап берді.
— Төрт қабатты, үш подъезді екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары мамыр айының басында, нақтырақ айтқанда 1 мамырда басталды. Алғашқы кезеңде жер қазып, іргетасқа блоктар орнату, бетон негізін құю сынды жұмыстар жүргізілді. Ал кірпіш қалау жұмыстары маусымның ортасында басталды. Қазір аптасына бір подъезд салып үлгеріп жатырмыз. Құдай қаласа, қазан айының соңына дейін толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді ол.
Саламат Сабырбаев “ЗемСтрой и КО” компаниясының жұмысшысы.
Бұл компания осы жобаны жүзеге асырып жатқан құрылыс мердігері. Компания коммерциялық бағытта жұмыс істейді. Саламат мырзаның өзі құрылыс саласына 4 жыл бұрын келген, алайда осы уақыттың ішінде үлкен тәжірибе жинақтап үлгерген.
— Бұрын бұл аумақ бос жатқан, жазық дала еді. Енді міне әпәдемі, заманауи тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр. Құрылыс — ол тек темір мен кірпіш емес, ол нағыз өнер, — дейді ол.
Қаланып жатқан үйдің кірпіші жергілікті кірпіш зауытынан алынған. Бірінші қабат толығымен қызыл кірпіштен тұрғызылады, ал жоғарғы қабаттар ақ кірпішпен салынады. Бұл кірпіштердің сапасы жоғары, жылу ұстау қабілеті де жақсы.
—Бір үйде 3 подъезд болады. Пәтерлердің көбі — 2 және 3 бөлмелі. 1 бөлмелі пәтерлер санаулы ғана. 3 бөлмелі пәтер 86 шаршы метр, 2 бөлмелі 65, ал 1 бөлмелі 41 шаршы метр шамасында болады, — деді Саламат Сабырбаев.
Мекеме өкілінің айтуынша, бұл құрылысқа арнайы Қытайдан әкелінген биіктігі 40 метрлік мұнаралы кран қолданылуда. Автокрандар мұндай құрылысқа жарамайды, себебі олар қозғалмалы. Ал бұл мұнаралы кран бір нүктеде тұрып, құрылыс алаңының кез келген шетін қамти алады.
ҒИМАРАТТА ҚОЛТАҢБАСЫ ҚАЛҒАНДАР
Құрылыс алаңында бүгінде 2 бригада еңбек етуде. Әрқайсысында 18-20 адамнан бар. Біз солардың ішінен бірнеше кейіпкермен жеке-жеке тілдесіп, олардың кәсіби жолдары мен жұмыстары жайында сұрадық.
ДЕНИС — КРАН ТІЗГІНДЕГЕН ЖАН
Құрылыс алаңындағы ең биік әрі ең көзге түсетін техника – мұнаралы кран. Бұл – құрылыс алаңының “жүрегі”. Осындай алып техниканы басқару кез келгеннің қолынан келмейтін іс. Бұл — тәжірибелі, салмақты, жауапкершілігі мол адамға ғана тапсырылатын жұмыс. Кранның тізгіні тәжірибелі маман Денис Капшетаревте.
— Менің бұл салада жүргеніме 18 жыл болды. Түрлі өңірлерде вахталық әдіспен еңбек еттім. Қазір Қандыағаштағы құрылыста жұмыс істеп жүрмін. Мұнаралы кран – өте сезімтал техника. Қате жіберсең, батырманы дұрыс баспасаң, жоғарыда жұмыс істеп жүрген құрылысшылардың өміріне қауіп төндіруің мүмкін. Сондықтан краншы үшін ең бірінші талап — жауапкершілік пен зейін. Күн сайын ондаған тонна құрылыс заттарын жоғары көтеремін. Осы жерде қолмен ұстағандай дәл көтеріп, керек жеріне аман-есен жеткізу маңызды. Осы кранмен бір күн ішінде 300-ден астам көтеру-жеткізу операциясын орындаймыз, — дейді қазақшаға судай Денис.
ЖҰМЫСЫМЕН МАҚТАНАТЫН ЖАНДОС
Краншының дәл және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін жүк бекітушінің де рөлі зор. Бұл жұмысты Жандос Дәулетов атқарады. Ол ауыр құрылыс материалдарын мұнаралы кранға іліп, арнайы темір ілмектерге дұрыс орнатып берумен айналысады. Бір сәттік қателік – үлкен қауіп.
— Менің жұмысым кран қозғалысының басы десем болады. Жүк дұрыс байланбаса немесе теңгерімсіз ілінсе, жоғарыға жеткенде қозғалып кетіп, апатқа ұрындыруы мүмкін. Сондықтан әр арқанды, әр ілмекшені тексеріп, бекітіп, бақылап отырамын. Әрбір қозғалысты Дениспен байланысып, нақтылап орындаймыз. Күніне 300-400 рет жүк ілемін. Бұл тек білек күшінің ғана емес, тәжірибенің де жұмысы. Құрылыста ұсақ-түйек жұмыс жоқ, — дейді Жандос.
Ол бастапқыда өзі оқыған теміржолшы мамандығы бойынша жұмыс істегісі келгенін де жасырмады. Десе де өмірдің ағымымен құрылыс саласына келіп, бүгінде осы жерден өз орнын тапқан.
— Әуелде уақытша жүрмін деп ойладым. Бірақ қазір осы салада екі жылдан аса еңбек етіп келемін. Құрылыстағы ұжым, тәртіп, нәтиже – бәрі ұнайды. Еңбектің жемісін көзбен көресің. Кейінірек балаларым өскенде осы үйдің маңынан өтіп бара жатып, “мен де салуға қатысқанмын” деп айтқым келеді, — дейді ол мақтанышпен.
ЖҰМЫСТАН ШАРШАМАЙТЫН ШЕРХАН
Құрылыс алаңында тынымсыз жұмыс істеп жүрген жандардың бірі – Шерхан Исаханов. Ол – бетон араластырғышпен жұмыс істейтін маман. Негізгі міндеті – кірпіш қалау үшін қажетті цемент, құм және судан тұратын қоспа дайындау.
— Біздің жұмыс сырттай қарағанда оңай көрінуі мүмкін. Бірақ нақтысында, әрбір пропорцияның дәлдігі маңызды. Қоспа тым сұйық болса, кірпіш отырмайды, тым қою болса, дұрыс орнықпайды. Сондықтан күн сайын күрекпен, шелектеп цемент пен құм салып, қажет мөлшерде су қосамыз. Бұл – таза қол еңбегі. Қасымда көмекшім бар, екеулеп жұмыс істейміз. Бір күнде 10-15 текше метр ерітінді дайындаймыз. Бұл деген – жүздеген шаршы метр қабырға үшін жеткілікті көлем, — дейді ол.
Шерханның айтуынша, жұмысы ауыр болса да, нақты нәтиже көзіне көрініп тұрған соң ләззат алуға болады.
— Кешкісін шаршап тұрсам да, қабырға көтеріліп, биіктеп жатса, бүкіл шаршау ұмытылады. Бетон араластырғыштағы әр айналым — үйдің бір бұрышына айналады, — дейді ол жымиып.
ТАС ҚАЛАУДЫҢ ШЕБЕРІ МҰРАТ
Қабырғаны көтеріп жатқан тас қалаушылардың бірі – Мұрат Мұқанов. Ол құрылыс саласында 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді.
— Кірпіш қалау – бұл жай тас тізу емес. Әр қатарды тік, бірдей өлшеммен, қалыңдығы, деңгейі сақталған күйде жүргізу керек. Тік қаланбаса, қабырға қисаяды. Кірпіш арасында бос орын қалса, жылу ұстамайды. Сондықтан әр шелек ерітіндіні кірпішке жаға отырып, оның дұрыс отырғызылуына мән береміз. Осы үйдің әр қабырғасында менің “қолтаңбам” бар, — дейді құрылысшы жігіт.
Мұрат қыстағы суықта, жаздағы аптап ыстықта да еңбек етуден тайынбайды. Бірақ қыс мезгілінің қиындығы ерекше екенін де айтып өтті.
— Қыста бетон қатпайды, қол қатып, саусақ қимылдамай қалады. Соған қарамастан, жұмыс тоқтамайды. Денсаулыққа ауыр тиетіні рас. Бірақ үйдің бой көтергенін көргенде, бүкіл қиындық ұмытылады. Өз еңбегіңе өзің риза боласың, — дейді ол.
АУЫР ТЕХНИКАНЫ БАҒЫНДЫРҒАН ЕРКЕБҰЛАН
Құрылыс алаңында ауыр техниканы басқарып жүргендердің бірі – жүк тиегіш жүргізушісі Еркебұлан Жылқышыбаев. Ол құрылысқа қажетті құм, цемент, блок сынды материалдарды тиеу, түсіру, алаңда тасымалдау жұмыстарын атқарады.
— Таңертеңгі 9-дан кешкі 7-ге дейін жұмыстамыз. Менің міндетім — жер жұмыстары, жүк түсіру, құрылыс материалдарын қажетті жерге жеткізу. Әр техниканың өз жұмысы бар, ал менікінің міндеті — алаң ішіндегі қозғалысты қамтамасыз ету. Күн ыстық, шаң көп, бірақ соған етіміз үйреніп кеткен. Кейде техника бұзылып, кідіріс болады. Мұндайда шұғыл жөндеу керек, — дейді ол.
Мамандығы бойынша мұнай-газ саласының түлегі Еркебұлан дегенмен техникамен жұмыс істегенді ұнатады. Ауыр еңбекке еті әбден үйренген.
— Бұл салада жүргеніме 8 жылдан асты. Құрылыста бір күн бір-біріне ұқсамайды. Әр күні — жаңа міндет, жаңа қозғалыс. Кейде үйдің үстінде тұрып, кранмен байланысып жұмыс істеу керек болады. Техникаға сенім арту үшін — оны жақсы білу керек, — дейді ол.
Құрылыс — бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Бұл — ұйымдасқан ұжымның, кәсіби мамандардың, төзімді жүректер мен еңбекқор қолдардың жемісі. Құрылысшылар қолға алған әрбір ғимараттың қабырғасында, әр тасында қаншама адамның маңдай тері мен адал еңбегі бар. Олар – көрінбей қалатын, бірақ нағыз еңбек адамдары.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ