«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Миржан ЖИДЕБАЙ: «ӘНДІ ЖҮРЕККЕ ЖЕТКІЗІП АЙТУ — МАҢЫЗДЫ»

Ембілік өнерпазды алғашында теледидардағы әмбеге аян жобаның бірінен көзіміз шалды. Қаршадайынан өнерге ғашық бала Миржан үлкен сахнадағы алғашқы жолын өз өнерін өзімізге емес, әуелі шетел асып, өзгеге танытудан бастаған. Олай дейтініміз, осыдан 4 жыл бұрын, 14 жасында Миржан Жидебай Ресейдегі “Голос дети” жобасының ақтық мәресіне дейін өнер көрсетіп, ресейліктерді өзіне қаратқан алғашқы мұғалжарлық. Ән әлеміне жаңа дем бергісі келетін жастың арманы нық, мақсаты айқын.

“Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” демекші, ән салуды жақсы көретінім балабақша кезінен байқалыпты. Оны анам үнемі айтып отырады. Алғашқы сахналарым да сол мектеп кездерінен бастау алды. Өзім Ембі қалалық №1 орта мектебінде жеті жылдық білім алып, кейін отбасымызбен Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Не дегенмен қалада мүмкіндік көп, сан түрлі үйірмеге барып, жаңа қырыңның ашылуына көмектесесің дегендей… Отбасымның сол шешімінің жемісі — менің қазіргі жетіп жатқан азды-көпті жетістігім шығар, сірә, — дейді өзі.

Дарынның даралануы үшін ата-ананың рөлі маңызды, әрине. Сондықтан бойындағы дарынын тани білген ата-анасына деген алғысы да шексіз Миржанның.

Отбасымда анам да, әкем де өнер адамдары. Кезінде екеуі де өлең айтып, сахнада жүрген. Әлі күнге дейін дауыстарына сүйсініп, сағынатын тыңдармандары да бар. Әсіресе, вокалдық қабілетім анамнан дарыған. Алғашқы жетекшім де анашым. Өйткені музыка саласында білімі мен тәжібибесі болғандықтан, маған үнемі “мына жерде осылай жаса, былай айтсаң, жақсы болады” деп өз ойын айтып, бағыт сілтеп отырады. Сынға сынбауды үйретіп, сахнадағы этиканы кішкентай кезімнен бойыма дарыта білді. Соның қазір пайдасын көріп келемін. Мен әншілікті танымалдық үшін пайдаланғым келмейді. Ішкі әлемді ән арқылы тыңдарманға барынша жеткізіп, тебіренте алсам – мен үшін сол жетістік. Менің қазір барлық назарым толықтай музыкаға берілген. Шынымды айтсам, бос уақытым да жоқ.

Иа, бұл 18 жасар бозбаланың сөзі. Жаңа альбом шығарып, тыңдармандарға жаңа музыканы әкелгісі келетін әншінің арманы емес, алдағы жоспары бұл. Өткен жылдың соңында өткен «Қазақстан дауысы» жобасына қатысқан Миржан бұл байқаудың өзі үшін үлкен тәжірибе болғанын жеткізді. Айта кету керек, Миржанның бұл жобада екінші рет бағын сынауы.

Мен осы жобаға 16 жасымда келдім. «Мутация» кезеңі дейді ғой, яғни дауыстың өзгеріске ұшырап жүрген уақытында шақырту алдым. Дауыс өзгерісі кезеңінде негізі дәрігерлердің өзі дауысқа салмақ түсірмей, күтіну керек екенін ескертіп жатады. Мен кастингтен өтіп, “Көрмей таңдау” кезеңіне шақырту алғанда, қобалжығанымыз рас. Соның салдарынан дауысымның бар мүмкіншілігін аша алмай, өзімді әнші ретінде дұрыс көрсете алмай қалдым. Ол кезде де тәлімгерлерден қолдау көріп, жақсы баға естідім. Көңілімде “әттеген-ай” қалса да, ішімнен “қалай да келесі жолы дайындықпен келіп, дауысымның мүмкіндігін көрсетуім керек” деген шешім қабылдадым. Араға 2 жылдай уақыт салып қайтадан келдім. Бағыма орай, барлық тәлімгер бұрылып, өз тобына шақырып жатты. Бірақ мен осы жобадағы ең жас қатысушы болғандықтан, ең жас тәлімгерге барамын деп, Қуандық Рахымды таңдадым. Дайындық, қатысушылармен жұмыс, тәлімгердің шеберлік сағаты — барлығы жақсы деңгейде өтті. Әйтсе де, жобаның ширек финалына дейін келіп, өз тобымдағы үш қатысушының таңдауына келгенде, сүрініп қалдым. Дегенмен бұл да бір менің өмірімде болған пайдалы әрі сәтті қойылған “галочка” болды дер едім, — дейді Миржан.

Иа, бұл жобада Миржан жақсы өнер көрсете алды. Оны өз тәлімгері Қуандық Рахым да растады. Ширек финалда Бруно Марстың «Uptown funk» әнін орындаған жас әнші қазылар алқасының көңілінен шықты. Ал соңында таңдауға топтағы екі ақтөбеліктің түскені сол еді, жерлес Миржан да “не де болса финалға бір ақтөбелік өтеді ғой” деп, тобының өзінен жасы үлкен қатысушысының өткенін қалап, інілік ізет көрсетті. Сол жерде тікелей эфирден тәлімгерлері Қуандық Рахымның да “ағаңа жол берейік” деп қысқа қайырып, таңдау жасағанына да куә болдық. Көгілдір экранның ар жағындағы талай тыңдарман Миржанның өнеріне оң баға беріп, пікір қалдырып та жатты. Жас өнерпазды тәлімгері гастрольдік сапарларына бірге баруға ұсыныс тастап, жеке ән кештеріне қатысуға шақырып, әріптестерімен бірге қимастықпен шығарып салған еді.

Айта кету керек, сұхбат барысында Миржанмен анасы арқылы байланыс орнаттық. Себебі өзі жоғарыда айтқандай, расымен қолы қалт етсе, студиядан бір шығатын еңбекқор әншінің дайындығы қызу көрінеді.

Өздеріңіз көргендей, байқау өте тартысты өтті. Кіл мықтылардың додасы. Қатысушылар саны күннен-күнге азайып жатты. Іштей уайым болып, әр шыққан сайын алаңдап отырдық. Бірақ бұл байқау болса да жобадан шыққан тобының қатысушылары үшін қиналып, қимай көңілі түсіп, түсірілімнен кейін хабарласатын еді, — деген анасының сөзін тәлімгері де растады. Эфир барысында Қуардық Рахым: “тобымның кенжетайы, Миржантайды сондай жақсы көремін. Әнді қуыс-қуысына кіріп, ерекше орындайды. Әр жанрда ән салып, өзін еркін ұстайды, тобындағы қатысушыларға өте қомқор, әрдайым көмектескісі келіп тұратын қасиетін байқадым. Бұл жақсы қасиет”, — деді.

Қазақ эстрадасында мен үлгі тұтатын әншілер баршылық. Соның ішінде мен үшін аңыз адам деп Батырхан Шукеновты айтуға болады. Бағым Мұхитденованың да ән айту шеберлігі мықты. Мен осындай әншілердің репертуарларын тыңдап, олардан сабақ алғанды ұнатамын. Ал әлемдік деңгейдегі әншілерден Бруно Марс, Майкл Джексон, Стиви Уандердің әндерін тыңдап, музыкалық тұрғыда өсіп келе жатырмын. Адам жалпы біржақты болмау керек. Оның ішінде әртіске бұл жат қылық. Әнші қанша жерден әнді жақсы айтса да, оны жүрекке жеткізе алмаса, мен үшін ол әншілікке жатпайды. Әнші деген ән әлемінде еркін самғап, әннің ішіне ене отырып, жүрекке жеткізе айтуы қажет. Бұл позиция менде бала күнімнен қалыптасқан, — деген әнші жүрекке жеткізе айтудың маңызын қай кезден бастап түсінгенін де есіне алды.

Өзінің айтуынша, 5-сынып оқып жүргенде Алматы қаласында “Ақкөгершін” фестивалі өтеді. Сол байқауға қатысқан Миржан ІІІ орын алады.

Мен тәрізді ауылдың қарапайым баласына осындай үлкен байқауда жетістікке жету – биікті бағындырумен бірдей болды. Алғашқы байқау болған соң, барымды салып дайындалдым. Барынша жүрекпен, сезіммен айтуға тырыстым. Осы айту мәнерім арқылы жүлдегер атандым деп ойлаймын. Содан бастап әнді жүрекпен айту керек деген ой қалыптасты

Осылай әнді жеткізудегі шеберліктің маңызын бала кезінен, алғашқы сахнасынан сезінген ол алғашқы байқауынан кейін “Бақытты бала”, “Балалар Евровидениесі” жобаларына қатысып, ІІІ орын иеленген.

Көгілдір экраннан көпшілікке танылған жас әншіні желі оқырмандары жиі жолықтырады екен.

Кейде мейрамханаларда, сауда орталықтарында өз тыңдармандарымды кезіктіріп жатамын. Олар мені танып, сәттілік тілеп жатады. Бұл мені қуантады, әрине. Жасалып жатқан еңбек бағаланып жатыр деген сөз, — деді Миржан сөзінің соңында.

Әншінің ән қорында “Шекара” атты әні бар. Алдағы уақытта сол әніне бейнебаян түсіретінін айтып, «жаңаша бағытта ән күтіңіздер» деп, жоспарымен де бөлісе кетті. Ал жуырда Миржан Жидебайдың ән қорының «Әдемі» деген жаңа әнмен толыққаны белгілі болды. Айта кету керек, жас әншінің өнер әлеміне салған бағыты да ерекше. «Қазақстан дауысы» жобасында Миржанға тәлімгері тарапынан “камбэк жасауға келген әнші” деп баға берілген болатын. «Бұл — өнер жолына қадам басып, осы салада болашағын көретін өнерпаз үшін берілген жақсы баға», — дейді әншінің өзі.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

1 сәуірге арналған ауа райы болжамы

admin_mugalzhar

Қарттарын қадірлеген ел ардақты

admin_mugalzhar

Қазақстанда 2,1 млн адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.