«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҢА ІСТІ ҚОЛҒА АЛҒАН МАРИНА

Газеті-міздің тұрақты «Іске сәт» айдарында жаңадан кәсібін бастаған, шағын ісін дөңгелетіп, еңбекпен күн көріп жүрген жандар жайлы айтып келеміз. Бұл жолы мемлекеттік гранттың көмегімен кәсібін бастаған көпбалалы ана Марина Ербулектің табандылығына, еңбекке деген ұмтылысына куә болып қайттық.

Маринаның табысқа бастар алғашқы қадамы әлеуметтік желіден көзге түсті. Қандыағашта жоқтың қасы саналатын қызмет түрін қолға алған жанның инста-грам парақшасындағы жұмысын көрген бойда хабарластық. Мемлекеттік грантқа қатысып, өз идеясын қорғап, нәтижесінде клининг қызметін жолға қойған Марина сұхбаттасуға қуана келісіп, кеңсесіне шақырды.
Кеңсе ішінде тұрмыстық химиялық заттар мен түрлі заманауи тазалау құрылғылары тізіліп тұр. Бәрі жинақы, мұнтаздай. Бізді жылы шыраймен қарсы алған Марина бірден әңгімесін бастады.
Биылғы мамыр айында мемлекеттік қайтарымсыз грантқа қатыстым. Грантқа қатысар алдында көп іздендім. Кез келген нәрсені қолға ала беруге де болмайды. Гранттың көлеміне қарай тәуекелі мен пайдасы жағынан тиімді, әрі өзім алып кете алатын іспен айналысуды мақсат еттім. Интернеттен ізденіп, өзіме ыңғайлы, тиімді бағытты таңдадым. Клининг қызметін таңдауыма басты себеп — бұл бизнес түрінің біздің қалада әлі дами қоймағаны. Яғни, сұраныс бар, бірақ ұсыныс жоқтың қасы. Содан кәсіп түрін таңдағаннан кейін, грантқа құжаттарымды тапсырып, бизнес-жоспарымды қорғадым. Жобам қабылданып, қолыма тиісті қаражат тиген соң, еш кідірместен қажетті құрал-жабдықтарымды алып, кәсібімді бастап кеттім, — дейді кәсіпкер.
Клинингтің аясында ұсынатын қызмет түрлері сан алуан — үйдің ішін толық жинау, жөндеу жұмыстарынан кейінгі тазалау, ас үй, қонақ бөлме, жуынатын, жатын бөлмелерді жинау, терезе жуу, ылғалды тазалау, кеңселерді тазарту, көліктің сыртын жуу. Қазірдің өзінде екі автомат кір жуғыш машина алып, киім жуу қызметін де қоса бастаған.
Енді химиялық тазалау (химчистка) қызметін ашу да жоспарда бар. Ол үшін мемлекеттен жер алып, шағын нысан ашқым келеді. Себебі біздің қалада мұндай қызмет мүлде жоқ. Жаңа қызметке қашан да сұраныс болады екен, оған көзім жетті, — дейді Марина Ербулек.
Қазіргі таңда Марина қасына жұмысқа екі қыз алған. Оларға құрал-жабдықпен жұмыс істеу жолдарын үйретіп, кәсіптің қыр-сырымен бөлісіп келеді.
Қыздарым жұмысқа адал қарайды. Бәрін бірге істейміз. Әр клиенттің көңілінен шығуға тырысамыз. Өйткені сенім бәрінен маңызды. Егер қызмет барысында қандай да бір зат бүлініп қалса, оның ақысын қызмет бағасынан шегереміз. Бірақ, шүкір, ондай жағдай болған емес, болмасын да деп тілеймін, — дейді кейіпкеріміз.
Маринаның айтуынша, әр қызмет түрінің өз бағасы белгіленген. Мәселен, ылғалды тазалаудың 1 шаршы метрі — 150 теңге, ал толық тазалау — 200 теңге шамасында. Кеңселерге арналған арнайы қызмет түрлері де бар, бағасы да басқаша.
Бүгінде күніне 1-2 үйге барып, тазалау жұмыстарын жүргізіп жүрміз. Клиенттеріміздің қарасы күн сайын артып келеді. Негізінен бізге жүгінген адамдар бір-біріне ұсынып, кеңес береді. Осылайша тұрақты тұтынушыларымыз пайда болды. Instagram мен TikTok желілерінде белсенді жұмыс істеп келемін. Себебі әлеуметтік желі — кәсіптің жүріп кетуіне, дамуына жақсы мүмкіндік, — дейді ол.
Маринаның айтуынша, бұрынғыдай «өз үйімді біреуге жинатпаймын» деген ұғым қазір өзгеріп келеді. Әсіресе, жұмысбасты әйелдер үшін мұндай қызмет — үлкен көмек.
Бұрын бұл қызметке жатырқай қарайтындар көп еді. Енді түсіністікпен қарап, бізге жүгінетіндер көбейіп келеді. Қыз-келіншектердің көбісі күні бойы жұмыста жүреді, үйге шаршап келеді. Ондай кезде біздің қызмет таптырмас көмек. Бұл жалқаулық емес, бұл уақытты үнемдеу, өмірді жеңілдету, — дейді кейіпкеріміз.
Марина бес баланың анасы. Яғни, кәсіпті де, әйелдік, аналық міндетін де қатар алып жүрген жан.
Отбасым — менің мотивациям. Балаларымның болашағы, ертеңгі білім алуы, жақсы өмір сүруі үшін қазірден бастап жұмыс істеуім керек екенін түсіндім. Жолдасым екеуміз осы балалар үшін еңбектеніп келеміз. Қазір үлкен балаларым да қолғабыс болды. Үйде де, жұмыста да үлгеруге тырысамын. Уақытты дұрыс жоспарласаң, бәріне де үлгеруге болады, — дейді ол.
Маринаның жұбайы қаладағы «Кентавр» зауытында жұмыс істейді. Отбасын бірге көтеріп, бір-біріне қолдау көрсетіп келеді.
Жолдасым бастапқыда бұл кәсіпке күмәнмен қараған. Бірақ уақыт өте келе, менің тырысып жатқанымды, кәсібімнің нәтиже беріп жатқанын көріп, қолдау көрсетті. Қазір мені толық қолдайды. Қажетті құрал-жабдық тасуға көмектеседі, кеңес береді. Осы жерде кәсібіме кедергі болмай, мені қолдағаны үшін жолдасыма да алғыс айта кеткім келеді. Жалпы отбасында түсіністік болса, бәрі жеңіл өтеді екен, — дейді Марина.
Ол өз кәсібі арқылы тек табыс табуды ғана емес, өмірлік тәжірибе жинауды, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды, қызмет сапасын арттыруды көздейді.
Бұл кәсіп маған көп нәрсе үйретуде. Әрбір үй де, оның иесі де әртүрлі. Тапсырыс берушілердің көңілінен шығу үшін әдептілік, тазалық, ұқыптылық қажет. Күн сайын жұмыстан тәжірибе жинап келеміз. Бізге сеніп үйін табыстап жатқан әр адамның көңілінен шығуға тырысамыз. Себебі бір реттік табыс емес, ұзақ мерзімді сенім маңызды, — дейді кейіпкеріміз.
Маринаның осы сөздері-ақ оның кәсібіне деген жауапкершілігі мен көзқарасын аңғартады. Ол тек өзіне емес, қасындағы екі көмекшіге де жұмыс тауып беріп отыр. Яғни, шағын іс – үлкен мүмкіндікке жол ашуда.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

2025 жылы мүгедектігі бар адамдар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 323 мыңнан астам қызмет алды

admin_mugalzhar

КӨЛІКТІ 5 МИНУТТАН АРТЫҚ ҚЫЗДЫРҒАНДАРҒА АЙЫППҰЛ ЖОҚ БОЛЫП ШЫҚТЫ

admin_mugalzhar

Енді 17 желтоқсан Қазақстанда жұмыс күні болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.