«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Бірлік пен әралуандыққа қарсы әрекеттерге жол берілмейді — Тоқаев

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дінаралық, ұлтаралық толеранттылық пен өзара сыйластықты сақтаудың маңыздылығын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекет басшысы соңғы өткен Съезден бері әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алғанын айтты.

«Кейбір саясаткерлер мен сарапшылар бұған «өркениеттер дағдарысы» деп айдар тақты. Киплингше айтсақ, «Батыстың аты – Батыс, Шығыстың аты – Шығыс. Олар ешқашан бір арнада тоғыспайды». Бірқатар ірі мемлекетте орын алған кейінгі уақиғаларды шолып өтсек, мұндай ұйғарымның дұрыс көрінуі мүмкін. Бірақ саяси факторды ешқашан естен шығаруға болмайды. Басқаша айтқанда, басқарушы биліктің мемлекеттік құрылым туралы тұжырымы мен тәжірибесін қаперде ұстаған жөн. Олар жүргізетін саясаттың бейбіт диалогты қолдау, мәдениеттердің, түрлі дін мен дүниетанымның ықпалдастығы тұрғысынан әрдайым орынды әрі конструктивті бола бермейтінін көріп отырмыз», деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев әсіре ұлтшылдық пен патриотизмнің іс жүзінде қосылу үрдісінің күшеюіне қатты алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта болып жатқан ұғымдардың ауысуы жастарды адастырады.
«Бір жағынан біз құқықтық консервативті және либералды идеологиялардың қақтығысына куәміз. Бұл бірқатар елді саяси тұрақсыздыққа әкеледі. Қазақстанда осы тектес жаһандық проблемаларға жіті назар аударылады. Бұл – ішкі саясатымыздың негізгі өзегі. Түрлі этнос, дін және ұлт өкілдері арасында толеранттылық пен өзара құрмет саясатын жүргізу маңызды деп санаймын. «Бірлігіміз – әралуандықта» ұстанымына зиян келтіріп, оған күйе жаққысы келетін, соның ішінде мемлекеттік қызметте және қоғамдық орында елімізді тұрақты мекен ететін халықтардың тілін еркін қолдануға қарсы әрекеттерге қатаң тосқауыл қойылады. Оған «Заң және тәртіп» қағидатына сай құқықтық баға беріледі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанда соңғы жылдары анағұрлым орнықты, ашық әрі әділ саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған ауқымды өзгерістер дәйекті түрде жүргізілгенін атап өтті.

«Адам құқығын қорғау саласы айтарлықтай күшейді: Конституциялық сот құрылып, омбудсмен институты нығайды, арнайы заңдар мен жарлықтар шығарылды. Жалпыұлттық референдум кезінде азаматтарымыздың басым бөлігі қолдаған 2022 жылғы конституциялық реформа саяси жүйемізді түбегейлі жаңғыртты. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алдық. Президентті жеті жылға бір рет сайлау тәртібі бекітіліп, сондай-ақ Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым атқаруға тыйым салатын нормалар енгізілді. Бұдан бөлек, жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда елімізде бірпалаталы Парламент құру бастамасын көтердім. Аталған ұсыныс халық мүддесіне сай саяси жүйені жаңғырту ниетінен туындап отыр. «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы негізінде қоғамның тұрақтылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ішкі саясатымызда ерекше мән беріледі», деді Президент.

Ұқсас ақпараттар

БІР БЕТТЕН АРТЫҚ АҚПАРАТТЫ ОҚУҒА ШЫДАМЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕРГЕ

admin_mugalzhar

Ақтөбелік құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізу үшін ақтүтек боранда 18 шақырым жаяу жүрген

admin_mugalzhar

Республикалық маңызы бар 13 жолда көлік қозғалысы шектелді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.