Көшеге шығып, такси тоқтатқан едім. Қасыма көлігі ерекше басқарылатын ерекше жүргізуші келіп аялдады. Есімі Темірлан екен. Жол бойы әңгімеге тартып, мән-жайды сұрадым. Тағдыр тауқыметін ерте жастан тартқан Темірлан Романқұловтың темірдей жігері мен өмірге деген құштарлығы мені еріксіз бас шайқатып, таңдандырды. Әлқисса…
ТАҒДЫР ЖӘНЕ ТАУҚЫМЕТ
«Ата-анамнан ерте айырылдым. Әкем марқұм анамның өмірден өтіп кеткенін көтере алмады ма, білмеймін, араға біржыл салып, өзі де бұл дүниемен қоштасып кете берді. Аңырап шиттей бала-шаға біз қалдық. Ал ол кезде мен бар болғаны тоғыз жасар бала едім», — деп әңгімесін бастаған Темірлан үнсіз қалды. Аз ғана үнсіздіктен соң басын қайта көтеріп, ата-анасының қазасынан кейін көп ұзамай өзінен үлкен ағасы үйленіп, үйлі болып, өздерін қамқорлыққа алғанын айтты.
—Үйге келген жеңгеміз жақсы болды. Бізге барынша қамқор болып, анамыздың орнына ана болды. Әрине, ананың орнын ешкім баса алмайды. Десе де, тамағымызды жасап, кірімізді жуып, еркелететін жерде еркелетіп, ата-анамыздың жоқтығын білдірмеуге тырысты, — деді ол. Ерте есейгенТемірлан еңбеккеде ерте араласты. Мектепті бітірген бойда Кеңқияқ кентіндегі мұнай-газ орындарын барлайтын қытай компаниясына жұмысқа тұрып, ауыр жұмысқа жегілді. Ол жерде бес жылғажуық еңбек етіп, табанынан сыз, өңменінен жел өтіп, тұрмысын түзету үшін денсаулығына аса мән бермеді.
— Осы мекемеде жұмыс жасап жүрген уақытта белім ауырып бастады. Мен бүйрегім ауырып жүрген шығар деп бейқамдық таныттым. Ал менің бел омыртқама ет өскене кен. Медицина тілімен айтқанда «грыжа» болдым. Содан бір күні досымның көлігімен түнде келе жатып, жырадан ұшып, апатқа ұшырадық. Сол сәттен бастап, ауруым асқынып, аяғымнан жан кетіп, арбаға таңылған жайым бар, — деді ол күрсініп.
Күн сайын ауруы дендеп, жүйке жүйелерінің талшықтары семіп, құлағы естімей қалады. Бұл кезде Темірлан 23 жастағы жап-жас жігіт еді. Өз аяғымен жүріп, құлағымен бар дыбысты естіп жүрген жігітке бұл жағдай өте ауыр тиді. Өмірден түңіліп, ешкіммен сөйлеспей, бір бөлмеге қамалып алған кездеріде көп болыпты. Кейін достарының көмегімен «алтын ие» қабылдап, денсаулығы жақсарып, отыруға шамасы келген.
ҚАЙТА ЖАНҒАН ҮМІТ
Екі жылдан астам төсек тартып қалған жігіт бұлай жата берудің жөн еместігін түсініп, өзіне қамқор болатын жар іздеуді шешеді. Ортақ таныстары арқылы бүгінде жан-жары Гүлмирамен танысудың сәті түседі. Екеуі алғашында әлеуметтік желі арқылы танысып, ұзақ сөйлесіп, бас қосуға шешім қабыл дайды.
-Жарыммен телефонмен сөйлесіп жүрген сәттің алғашқы күндерінен бастап, басымдағы жағдайды жасырмай түгел айттым. Себебі аяғымен жүре алмайтын, құлағы естімейтін жігітті өзіне өмірлік жар етіп таңдауға кез келген қыздың келісе бермейтіні анық. Гүлмира менің жанымды түсініп, маған жар болуға келісімін берді. Ал мен болсам, Атырау қаласына барып, оны келісімімен ауылыма алып қашып келдім, — деп жымиғанда көзі жайнап сала берді.
Алғашында жан-жары Гүлмираның ата-анасы қарсылық білдірген. Бірақ уақыт өте келе қызының таңдауын мақұлдап, баталарын беріпті. «Махаббат әлемді құтқарады» демекші, осы сәтте Темірланның өміріне жарық сәуле болып кірген Гүлмира оның өмірінің мәнін келтіріп, отбасылық өмірдің алғашқы баспалдағына нық қадаммен аттайды.
— Әйелім жан-дүниемді түсінеді. Құлағым естімегеннен кейін ол айтатын әңгімесінің барлығын жазу арқылы жеткізеді. Бір-бірін жақсы көріп, сыйластық таныт-қан отбасы мүшелерінің бақытты болуына ешқандай мәселе кедергі келтіре алмайды, — деді ол.
ҚҰЛАҚҚА ЖАСАЛҒАН ОТА ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ
Кейіпкерім Темірланның арманы көп. Бүгінде оның біреуі орындалды. Ол — құлағының қайта естуі. Оған дәрігерлер «құлақтың 100 пайыздық кереңдігі» деген диагноз қойып, қандай операция жасалса да ешқандай көмектеспейтінін айтқан. Дегенмен бүгінгідей медицинаның дамыған заманында қазақстандық дәрігерлер Темірланға көмектесе алды. 2024 жылы Астана қаласында Темірланға ота жасап, өліп қалған жүйке жүйелеріне электродтар қою арқылы миға тікелей белгі беріп, есту қабілетін қалыпқа келтірген. Бүгінде Темірлан жанжағында болып жатқан дыбыстар мен дауыстарды еркін ести алады.
— Мен 15 жылға жуық мына әлемдегі ешқандай дыбыс пен дауысты ести алмадым. Әрине, қиын болды. Арманым келіншегіммен, балаларыммен арқа-жарқа болып әңгіме айту еді. Аллаға шүкір, бұл арманым орындалды. Бүгінде отбасы мүшелерінің бәрімен емін-еркін әңгіме айтамын. Басыма қойылған осы аппараттың арқасында осындай мүмкіндікке ие болдым. Менің құлағымның естуіне — «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ниет» бағдарламасының ұжымы мұрындық болды. Бағдарламаға арнайы шақырып, білікті дәрігерлерге көрсетіп, кохлеарлы имплант қойып, ота жасауға көмектесті, — деді Темірлан Романқұлов.
ҚАМҚОР ӘКЕ
— Әкем — өте қамқор жан. Бізді әрдайым ойлап жүреді. Бар жағдайымызды жасап, бізді ешкімнен кем қылмай өсіру үшін денсаулығына қарамастан жанын салып еңбек етіп жүр. Әкем көлік айдап, тұрғындарға такси қызметін көрсетіп, жұмыс жасайды. Мен кішкене кезімнен әкеме анамның көмектескенін көріп өстім. Ал бүгінде өзім өсіп, әкемнің қолқанаты болуға жарап қалдым. Біз көппәтерлі үйдің екінші қабатында тұрамыз. Әкемнің көлікке дейін баруына көмектесемін. Бауырларыма қамқор боламын. Өскенде көп ақша тауып, әкемді емдетсем деймін, — дейді үлкен ұлы Нұрсұңқар.
Темірлан үлкен екі ұлы Нұрсұңқар мен Кемеңгердің спортқа өте жақын екенін айтты. Ал кіші ұлы Ислам сабақты үздік оқиды екен. Ержеткендегі арманы — депутат болу.
—Балаларымды жанымнан артық жақсы көремін. Менің өміріме мән беріп, алға ұмтылуыма жол ашқан осы періштелерім. Болашақтарының жарқын болғандарын қалаймын. Қыздарым Сумайя мен Сабина сондай сүйкімді. Құлағыма ота жасалғаннан кейін кенже қызым Сабина дүниеге келді. Құлағым ашылғаннан кейінгі алғашқы естіген дыбысым да осы қызымның дауысы болды. Сол кездегі бақытты сәтімді айтып жеткізе алмаймын. Бұны Алланың маған берген үлкен сыйы деп білемін, — деген Темірланның жанарынан әкелік жылы шырайдың лебі анық сезілді. Содан соң қолына телефонын алып, әлеуметтік желідегі парақшасын ашып, балаларының фотолары мен бейнежазбаларын көрсете бастады. Видеолардан әкенің мойнына асылып, ойнаған еркетотай балақайларды көріп сүйсініп, татулық пен сыйластық үндескен отбасылық жылы фотоларға қарап іштей риза болдық. Тіпті бір видеоға өз қолымен қызына бесік жасап жатқаны, үйіне жөндеу жұмыстарын да жүргізіп жатқаны таспаланыпты.
ТЕМІР ТҰЛПАР ТІЗГІНДЕГЕН ТЕМІРЛАН
Темірлан Романқұлов — І топ мүгедегі. Аяғына мініп жүре алмайды, аппаратсыз ести алмайды. Бірақ оның әлі де қол жеткізер мүмкіндігі шектеусіз. «Мүгедекпін» деп қарап отырмай, арнайы көлік алып, такси қызметін жасайды. Тапқан табысын қанағат қылады.
— Жүргізуші куәлігін өткен жылы алдым. Дайындалып тест тапсырып, жүргізушілік емтиханнан ойдағыдай өттім. Сол уақыттан бері осы жұмысты кәсіп қылып жүрмін. Көлікте көп отыруға белім шыдамайды. Бар тапқанымды қанағат қыламын. Мүмкіндік болса, жұмысқа тұрғым келеді. Мемлекеттен алатын жәрдемақыға қарап отырғым келмейді. Алға ұмтыла берсем деймін. Өмірдегі ең үлкен арманым балаларымның болашағына үлкен мүмкіндіктер жасау. Балаларымның адал еңбек ететін, елдің баласы болғанын шын жүрегіммен қалаймын. Бала — Алланың бізге берген үлкен сыйы және аманаты. Сол аманатқа қиянат жасамау менің басты борышым, — деп түйіндеді әңгімесін темір тұлпар тізгіндеген Темірлан.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ