Аудан әкімі Асқар Шериязданов Қожасай ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы биыл аудан және Батпақкөл ауылдық округі бойынша жүзеге асырылатын жобалармен таныстырып өтті.
54 үйі, 316 тұрғыны бар
Қожасай ауылын газдандыру бойынша қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Ағымдағы жылдың қазан айында аяқталады. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін Ақтөбе облыстық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасымен келісе отырып, мердігерді анықтау бойынша конкурс өткізіледі.
Биыл Қожасайға орталықтандырылған ауыз су жүйесі кіргізіледі. Ауыспалы кезеңмен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өткен жылы басталды. Былтырғы жылы су жүйесін тарту бойынша 2 ұңғыма (скважина) қазылып, ауылішілік су жүргізу құбырлары жасақталды. Республикалық бюджеттік комиссияда қаражат бөлу мәселесі талқыланып, мақұлданды. Су тарту жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер Жайылхан Сәрсенбаев толық жұмыстар шілде айында аяқталатынын айтты.
Тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына, балалар мен жастардың спортпен жаттығуларына жағдай жасау мақсатында Қожасай ауылында арнайы төсенішімен ашық спорт алаңы орнатылады.
Өткен жылы аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, спорт алаңының қоршау жұмыстары жүргізілді. Жиынға қатысқан мердігер «БатысСпецАвтоматика» ЖШС-нің басшысы Бақберген Сүйіншалин спорт алаңы 1 маусым — Халықаралық балалар күніне орай пайдалануға берілетіндігін жеткізді.
Қожасай ауылының медициналық пункті негізгі мектеп ғимаратында орналасқандықтан «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-нің демеушілігімен «Байлық проект» ЖШС-нің қолдауымен жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Бұл құжаттар дайын болғаннан кейін медициналық пунктің жаңа ғимараты спорт алаңының қасынан салынатын болады.
Қожасай ауылының қасында орналасқан газ өңдеу зауытының директоры Болат Сақтағанов кездесуге қатысып, ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру, көктем, қыс мезгілдерінде жолдарды тегістеу, қардан тазарту сынды жұмыстарды кәсіпорын тарапынан жүргізіліп отырғандығын баяндады.
Кездесуден кейін аудан әкімі, аудан прокуроры, Ембі қалалық полиция бөлімінің бастығы ауыл тұрғындарын қабылдап, жалпы жұмысқа тұру, еңбек заңнамаларының сақталуы мен орындалуы бағытындағы сауалдарына жауап беріп, құқықтық көмек көрсетті.