Бүгін облыстық экология департаментінің бастамасымен «TAZA QAZAQSTAN» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ақтөбе қаласында жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.
Іс-шараға Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің, Ақтөбе политехникалық колледжінің студенттері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен экоактивистер қатысты.
Сенбілік жұмыстары қаланың оңтүстік айналма жолы бойында өтті. Қатысушылар іргелес аумақтарды тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Іс-шара барысында жүк және коммуналдық техника тартылды.
Акцияға барлығы 200-ге жуық адам қатысып, олардың басым бөлігін студент жастар құрады. Сенбілік қорытындысы бойынша шамамен 300 тонна тұрмыстық қалдық жиналды.
Акцияның басты мақсаты — халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікті арттыру және өңір тұрғындарын туған жерді абаттандыру жұмыстарына тарту.
Іс-шара бірлік пен ынтымақтастық рухында өтіп, өңірдің экология департаменті, жергілікті атқарушы органдар, білім беру ұйымдары мен экоактивистердің қоршаған ортаны қорғау ісіндегі күш-жігерін біріктірді.