«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕН БҮГІН ӘКЕМДІ АЙТЫП ТОЛҒАНАМЫН…

Әке — асқар тау. Иә, әр перзент үшін әкенің орны тым бөлек. Әке дегенде, тек отбасының ғана емес, қоғамның, халықтың жүгін арқалаған, қандай істе де қабырғасы қайыспайтын, қайсар тұлға елестейді. Менің әкем — Нұрпейісов Нысан Мусаұлы. Ол белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ағайыны. Сұрапыл соғыстан оралмаған әкесінің тегіне жазылған екен. Киелі, сыр елінің Қызылорда облысы, Арал аймағының Шөмішкөл деген жерінде дүниеге келген.

Әкемді айтқанда, кеудемді мақтаныш билеп, жұдырықтай жүрегіме сағыныш ұялайды. Отбасындай шағын мемлекеттің басшысы, қамқоршысы бола жүріп, елдің мұңы мен халықтың қамын ойлаған асыл ер еді… Бір өкініштісі, осындай асыл азаматтың, алып тұлғаның істерінің тек естелік болып қалғандығы. Егер ауданымыздағы осы бір айтулы мерекеде асқар тау әкем тірі болғанда, салтанаттың төрінде отырып, қадірлі тұлғалардың қатарынан орын алып, өз қызметінің қыр-сырын өз аузынан естіген болар едік. Енді, міне, әкемнің елге сіңірген елеулі еңбегі еленіп, игі істерін біз мақтанышпен айтып отырмыз. Алаштың мақтанышы А.Байтұрсынұлы: «Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет те сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» — деген еді. Осы пікірдің өзі баспасөздің ел өміріндегі маңыздылығын дәлелдеп тұрғандай. Міне, менің әкем — осы маңызды саланың қызметін атқарған. Мамандықтың бәрі — ғажап. Бар мамандықтың да жауапкершілігі жоғары. Дегенмен, журналист болу, газет тілшісі болу — өз заманында жауапты қызмет.

Әкем Нысан Ембі қаласында 1967-1993 жылдарда сол кездегі Мұғалжар ауданындағы «Еңбек таңы» газетінде корректордан бастап, тілші, редактордың орынбасары болып жұмыс жасады. Сондай-ақ Мәскеудегі «Известия» газетінде арнайы тілші болды. Ел өміріндегі жаңалықтарды тек газет арқылы оқып қана білетін кезеңде әр маңызды ақпаратты елге жеткізу — жауапты іс. Сондай қиын кезеңдерде ел жаңалығын асыға күтетін оқырмандары бар тілші өз ісін асқан ыждағаттылықпен, табандылықпен атқаратын еді. Әрине, газет бетіне мақала жариялау — асқан сауаттылықты да қажет етеді. Осындай жоғары қабілеті мен қасиеті әкемнің қызметтегі абыройын асқақтатты. Мәні мен маңызын жоғалтпаған тілші мамандығын мақтан тұтамын. Ауданымыздың айнасы «Мұғалжар» газетінің 95 жылдығына орай осындай игі істерді ұйымдастырып, өмірден өтіп кетсе де, өнегелі ісін ұрпаққа үлгі етіп, балаларынан естелік алып, еңбектерін елеп отырған редакция ұжымына алғысымыз шексіз. Ұжымға шығармашылық шабыт тілейміз.

Қызы Гүлмира МУСИНА

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбеде заңсыз иеленген активтер есебінен салынып жатқан балабақша құрылысы қарқынды

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі

admin_mugalzhar

ТУҒАН ЖЕРІМ ДЕЙТІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ГАЗЕТ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.