АДАМ ӨМІРІ – БІР ҒАНА ТАҒДЫР ЕМЕС, ТҰТАС ТАРИХ. АЛ СОЛ ТАРИХТЫҢ ӨЗЕГІНДЕ ЕЛ ҮШІН ЕҢБЕК ЕТКЕН, ҰЛТ ҮШІН ТЕР ТӨККЕН ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ІЗІ МӘҢГІ ӨШПЕЙДІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – МЕНІҢ ӘКЕМ, ӨМІРІН ҚАЛАМҒА, ХАЛҚЫНА, ШЫНДЫҚ ПЕН СӨЗДІҢ ҚАСИЕТІНЕ АРНАҒАН АРДАҚТЫ АЗАМАТ — НҰРҒАЛИ СЕРІКБАЙҰЛЫ ТАСТАНБАЕВ.
Әкем 1920 жылы 20 мамырда Ырғыз ауданының Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Жастайынан білімге құштар, өмірге талапшыл болып өскен ол Шалқар мектеп-интернатын, Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдап, кейін Алматы мен Мәскеудегі Жоғары партия мектептерінде білім алды. Кез келген істі жауапкершілікпен атқарып, әрқашан ізденіс үстінде жүретін. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел тағдыры сынға түскен шақта ол да майдан даласына аттанып, елін қорғаған. «Аға лейтенант» шенімен оралып, бейбіт өмірде де сол жауынгерлік рухпен еңбек етіп, халқының қамы үшін қызмет етті. 1980 жылы «полковник» әскери шені берілді.
Әкемнің журналистік жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Ол Қарабұтақ аудандық «Колхоз жолы» газетінде жауапты хатшы, кейін редактор болып, қарапайым ауылдың тыныс-тіршілігін, ел еңбегін насихаттаудан бастаған. Одан әрі «Жаршы», «Социалистік майдан», «Жұмысшы туы» сынды газеттердің басында болып, әр басылымның бағыт-бағдарын айқындады. Ал өмірінің ең жемісті, ең жарқын кезеңі «Октябрь туы» (қазіргі «Мұғалжар») газетінде өтті. Әкемнің әр жазған жолы – ел жүрегінен шыққан сөз. Ол мақаланы құр жазбайтын, әр сөйлемнің артында ауылдың иісі, адамның үні, қоғамның тынысы тұратын. Қарапайым оқырманға ой салу, елдің ертеңін жазу – оның ең басты мақсаты еді.
Бала кезімде кешкісін шам жарығында үстел басында отырған әкемнің бейнесі көз алдымнан кетпейді. Қолында қалам, алдында қағаз… Ал жанында – үнсіздік пен ой тереңдігі. «Журналист – халықтың көзі мен құлағы ғана емес, оның ар-ожданы» – деп айтушы еді. Осы бір сөз менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Өмірлік жары, менің анам Елеу Құрамысқызымен бірге бір ұл мен үш қыз тәрбиелеп, бәрімізге адалдық пен еңбекқорлықтың, парасат пен мейірімнің өлшемін көрсетті. Бүгінде оның ұрпақтары әр салада ел игілігіне қызмет етіп келеді – бұл да әке аманатына деген адалдықтың белгісі.
Әкемнің ғұмыры – қарапайым еңбектің, үлкен жүректің, ұлтқа деген сүйіспеншіліктің айғағы. Ол ешқашан атақ үшін емес, елдің ықыласы үшін еңбек етті. Сол себепті де оның аты ұмытылмайды, сөзі өшпейді. Газеттің 95 жылдық мерейтойы қарсаңында әкемнің осы басылым тарихындағы еңбегін еске алу – мен үшін зор мәртебе, жүрек мақтанышы. Ол қалдырған із – біз үшін жол, ол жазған сөз – біз үшін өсиет.
Баласы Болат СЕРІКБАЕВ