Редакцияға Қайыңды ауылының тұрғындары хабарласып, ауылдағы жол мәселесін көтерді. Олар көктем кезінде қырылған екі көшеге әлі күнге дейін асфальт төселмегенін айтып, ары-бері жүйткіген көліктің шаңы аспанға көтерілетінін жеткізіп, шағымданды. Тіпті ойқыш-ойқыш жолдан жаяу жүргіншілердің де жүріп өтуі мұң екен.
Біз аталған мәселенің мәнжайын білмек ниетте ауыл әкімі Жандос Құлбаевқа хабарласып, қайыңдылықтарды алаңдатқан асфальтсыз жатқан жолдың жайын сұрадық. Ауыл әкімі бүгінде жол салу жұмыстарының жанданып жатқанын жеткізді. Жолдың асфальт төселмей, ұзақ жатып қалуының себебін қажетті қаржының бюджеттен уақытылы бөлінбеуімен түсіндірді.
— Қайыңды ауылында екі көше жөнделуде. Олар — Қайыңды және Бейбітшілік көшелері. Екі көшенің жалпы ұзындығы 2,7 шақырымды құрайды. Екі көшенің де жөндеу жұмыстарын «TAF COMPANY» ЖШС-і жүргізуде. Бөлінген қаржының көлемі – 180,4 млн теңге. Бұрын көшеде бетон жабындылары жатты. Біз оны алып, көше бойына жинап қойған едік. Бүгінде сол бетондарды сыртқа шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жолға қиыршық тас төселіп жатыр. Алдағы уақытта асфальт жабындысын төсейтін боламыз. Бюджеттен қажетті қаржы толықтай бөлінді, — деді ауыл әкімі Жандос Құлбаев.
Н.АБАТ