«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қайырымдылық – қайырлы іс

Жуырда қайырымды жандардың көмегімен үздіксіз қарекет қылатын «Харекет» қайырымдылық қоры тағы бір мұғалжарлыққа пәтер сыйлады. Бұл жолы мұғалжарлық жалғызбасты көпбалалы ана Айнагүл Тасмағамбетоваға үш бөлмелі пәтер кілтіне ие болды.

«Харекет» қайырымдылық  қоры «1000 теңгеге баспана» акциясы аясында қайырымы мол жамағаттың мың теңгесінен жинақталған қажетті қаражатқа мұқтаждарға үй алып беруді басты мақсат санайды. Қордың қолдауымен кезекті баспананы иеленген Айнагүл Тасмағамбетова осыдан бірнеше жыл бұрын жолдасы өмірден озған соң, Жұрын ауылынан Қандыағаш қаласына келген. Жалғызбасты ана алты баласын жетектеп, қаладағы жалдамалы пәтерлердің біріне келіп орналасады. Оның тапқан таянғаны күнделікті күнкөріс қамынан ауыспайтын. Ал соңғы уақытта ол денсаулығына байланысты жұмыссыз қалып, қайырымдылық қор еріктілерінің назарына ілігеді.

Дәл осы себеппен қордың ерікті мүшелері Мұғалжар ауданына арнайы келіп, үш бөлмелі пәтерді алып берді. Таяуда баспана кілтін Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасары Ерік Бұхарбаев пен аудандық «Нұртай» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов табыс етті.

Айта кетейік, барша қазақ харекет деп біріккен «Харекет» қайырымдылық қорының баспанаға мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көңілдеріне шуақ ұялатып, жоғын түгендеп келе жатқандығына бір жылға жуықтап қалды. Осы бір сауапты іске белді бекем буынып, жақсылыққа қол ұшын созып жатқандар көп. Сол ізгіліктің анық көрінісі айқындалып, мұсылман жұртшылығы ар таразысынан түспейтін игі қасиетті барынша танытып-ақ келеді.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

АБАЙ САҒЫНОВ ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

АҒАРТУ ІСІНДЕ ІЗІ ҚАЛҒАН …

admin_mugalzhar

ТАРТЫСТЫ ӨТКЕН ТУРНИР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.