«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚЫШ-ҚҰМЫРА ӨНЕРІ – БАБА МҰРАСЫ

Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы қыш-құмыра жасау кәсібі» атты жылжымалы көрме мен шеберлік сағаты өтті.

Шара еңбек адамын, жұмысшылар жылын ұлықтау жылы аясында ұйымдастырылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты – Ақтөбе өңірінде көне дәуірлерден бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қыш-құмыра жасау дәстүрін көпшілікке таныстыру, ежелгі шеберлердің мұрасын насихаттау және ұмыт бола бастаған кәсіпті қазіргі заманға бейімдеп жаңғырту.

Көрме арқылы жас ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру, ата-баба өнерін бағалауға және жаңа кәсіп көздерін игеруге ынталандыру көзделген.
Көрме экспозициясына қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі кезеңдерге жататын 20-дан астам қыш бұйым мен археологиялық қазба жұмыстары кезінде түсірілген 30-дан астам фотосурет қойылды. Бұл жәдігерлер ежелгі тайпалардың тұрмысы мен дүниетанымын сипаттайтын құнды тарихи дерек ретінде ерекше мәнге ие.


Шараны Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов ашып, мәдени шараның маңызына тоқталды.
-Қыш бұйымдар-халқымыздың көне тарихының айғағы. Олардың жасалу технологиясы мен табылған орындары өңіріміздің мәдени дамуының терең тамырынан сыр шертеді, – деді ол.
Шарада «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов сөз сөйлеп, дәстүрлі қолөнердің бүгінгі кәсіпкерлікпен байланысын атап өтті.


-Қыш-құмыра жасау – бұл жай ғана өнер емес, қазіргі таңда кәсіп көзі бола алатын еңбек түрі. Осындай шеберлікке негізделген жобалар арқылы жастарды кәсібилікке, табандылыққа баулуға болады, – деді филиал директоры.
Сонымен қатар ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев қатысып, тарихи-мәдени бастамалардың ел білігі мен рухани құндылықтарды сақтау ісіндегі маңыздылығын атап өтті.


Шара барысында ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі, белгілі қыш шебері Орынбасар Төлегенов қыш-құмыра жасаудың қыр-сырымен бөлісіп, көрермендерге шеберлік сабағын көрсетті. Қатысушылар өз қолдарымен қыштан бұйым жасап көру мүмкіндігіне ие болды.
Көрменің салтанатты бөлігінде Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Медет Құлмұқанов сөз сөйлеп, Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Шамшат Әбдірзаққа Алғыс хат табыстады.
Көрмені таныстыру жұмыстарын облыстық музейдің аға ғылыми қызметкері Бақтияр Нұрпейісов жүргізді.
Шара барысында музей жанынан құрылған «Асыл дария» ансамблі мен аудандық мәдениет үйінің әншісі Жолдас Баспаев өнер көрсетіп, көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Ұқсас ақпараттар

Бірқатар құтқарушылар мен медицина қызметкерлері наградаға ұсынылды

admin_mugalzhar

Түркия Республикасына ресми сапармен келген Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа арнайы жәрдемақы алады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.