«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҚСЫНЫҢ ЖАРЫҒЫ

(НЕМЕСЕ КӘСІПКЕР, «ЖЫЛ АДАМЫ-2008», МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ СӘРСЕНБАЙ ҚҰЛМУРЗИНОВ ТУРАЛЫ)
Жер бетінде жақсы адам көп болса, жайсаңды аңсап неміз бар. Кез келгенмен көңіл жарастырып кете бермейміз бе? Адам баласы әуел бастан өзіне тән тылсым дүниесімен өмірге келеді. Өседі, өнеді, ержетеді. Өскелең өмірдегі ұзақ жолдарда қуаныш пен өкінішке, арман мен аңсауға толы күйбең тіршіліктің арбауына көндіге алмай арпалысады. Салыстырмалы түрде зерделеп қарасақ, мысалы, ағыны қатты өзендер болады, кемерінен асып-тасып жататын, бірақ сабасынан аспайтын. Олар қаншама тосқауылдан өтсе де арнасынан шықпайды, ағыны да бәсеңдеейді. Осыған орай табиғатында кездесетін асаулықты сабырға жетелеген мінез бен тынымсыз іскерлік осы Сәрсенбайда тоғысқан ба деп қалам, кейде. Шынында да кешегі бозбалаға ержетіп, аға болу, ертерек етекжеңін жинап, ауыл аймағына кісілігімен көріну — әркімнің де арманы болса керек. Ал еңбек жолында іскерлігімен, туған жеріне, ұрпағына аға танылу санаулылардың ғана еншісіне тиетін баға шығар, сірә.

Өмір тылсымы да осындай. Шөл далада көш кемесі – нарлардай маң-маң жүрістен айнымайтын киелі жануардың қасиеттері осы Сәрсенбайдың тұла бойындағы адами мінездерінен табылатынын уақыт өте біле бастағаным да рас. Бүгінде Сәрсенбай адами, адал еңбегімен, әлеуметтік ұстанымымен елдің құрметіне бөленіп жүр. Осы ініміздің мына тынымсыз тіршілікте танымал болып, ісі мен қамқорлықты, төзімділік пен табандылықты, тиянақтылық пен қанағатшылдықты өмірінің туы етіп келе жатқаны мені сүйсіндіреді. Сәрсенбай 1958 жылы Ембі қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында өте жақсы білім-тәрбие алды. 1980 жылы Алматы теміржол институтын бітіргеннен кейін 15 жылдай Қазақстан теміржол саласында әртүрлі инженерлік қызметтерде болып, мол тәжірибе жинаған азамат. Содан Кеңес үкіметінің демі бітіп келе жатқанын ертерек аңғарған зерделі жігіт 1993 жылы «Дәурен» атты серіктестік құрып, отбасының несібесін жеке кәсіпкерліктен іздейді. Осы аумалы-төкпелі кезеңдегі әрекеті туралы Сәрсенбайдың өзі былай дейді:
Оқуда да, теміржол саласындағы еңбек жолымда да қиындық көрген жоқпын. Қоғамды тану қабілетім, айналаға көзқарасым, зерделеу тәжірибем кеңейіп, саяси-әлеуметтік ахуалды да өзімше болжау келешегіме жоспар жасау мүмкіндігімді арттырды. Көнерген үкіметтің, қоғамның тынысы тарылып, барынан айрыла бастағанын және көпке бармайтынын өз басым сезіп жүрдім. Ол уақытта жағдайды айналаңмен ағыл-тегіл ашылып кеңесе де алмайсың. Әйтеуір бір аласапыран, қиын кезең басталып кеткенінен кейбіреулердің абыржып, етек-жеңін жия алмай қалғандары қаншама?! Уақыт оздырмай, іс-әрекет жасауға кірісе бастадым. Әкеден алған нақты тәрбием бар, нарыққа енуге бел байлап, «Дәурен» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестікті аштым. Әуел баста 3-4 жақындарыммен суарма алқапқа көкөністердің бірнеше түрлерін егіп, береке-тірлік жер анада екендігіне бекем сеніп, көзім жетті. Алғашқы екі жылды шаруашылығымның материалдық-техникалық базасын нығайтуға арнадым. Сөйте-сөйте серіктестіктің іргетасы қалыптасты. Бұл біздер сияқты жандарға бастауы мен қолдауы қиын болса да, қызықты, ізденіс жылдар болды, — деп еске алады кәсіпкер алғашқы кезеңдерін.
Халыққа деген қызметін үлкен монша салудан бастаған кәсіпкер еңбегінің арқасында ел әлеуетіне көңіл бөліп, қайырымдылық шараларды да қолға алады. 1995 жылдарға қарай өндіріске ден қойып, қараусыз қалған бір ғимаратты сатып алып, бұл өңірде сирек кездесетін кәсіптің көзі – әртүрлі техникалардың отын аппаратурасын жөндейтін цех ашып, шаруашылығынң экономикалық даму кезеңіне жол ашты. Бұл «Дәурен» серіктестігінің үлкен жеңісі еді. Кәсібінде жұмыс сапасы мен саласының кеңейгендігі сонша, тіпті мыңдаған шақырым қашықтықтағы Ногинск, Ярославль, Набережные Челны, Ростов на Дону, Курск қалаларындағы өндіріс орындарымен тығыз байланыста болып, кәсіпкерлік шаруашылықтың екінші тынысы ашылды.

Кәсіпкерлікке сенім артқаным сонша, алдыма қойған жоспарларымды саты-сатымен жүзеге асыра бердім, — дейді, Сәрсенбай өткен жолдарын еске алып.
2007 жылы Ембі қаласында мешіт салынып, халық игілігіне тапсырылды. Қандай кезеңде де, ат үстінде болса да, жаяу жүрсе де ол жерлестерінен алыстаған жоқ. Бүгінде жетпістің шыңына шыққан шағында да сергек, ойы жүйелі. Еңбегінің арқасында еңселі биікке көтеріліп, абырой атағымен сый құрметтің үстінде жүр. Еңбегі де еленді. 2008 жылы аудан билігінің қолдауымен «Мұғалжар ауданының жыл адамы-2008» атағына ие болды, 2022 жылы «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Сәрсенбайдың қаламгерлік талабы да бір бөлек әңгіме. Оның көптен бері ізденіспен жүйелеп, жинақтап, 2024 жылы көпке сыйға тартқан «Назар ұрпақтары» шежіресі де өз үшін бір жеңіс.
Бүгінде қызықты да, қиын кезеңдерді басынан өткізген кәсіпкер өз кезінде жасаған жақсы істеріне шүкіршілік жасап, қанағатшылдықпен зейнеткер ғұмырын жалғастыруда. «Жақсының жарығы көпке ортақ» дейді халық. Атқарылған іс, санаспай жасалған еңбек, жарқын көңілдің жарығы алға жетелейді деген де бар. Олай болса, бұл Сәрсенбай сынды абзал азаматқа берілген баға болар деп ойлаймын.
Аманкелді ШУНИМОВ, мемлекеттік қызметтің ардагері, Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы.

Ұқсас ақпараттар

Телефонды көп ұстаудың зияны

admin_mugalzhar

Шылпық – Шығыстың ертегісі

admin_mugalzhar

Зейнетақы, әлеуметтік төлем: Қазақстан қарияларына қандай жағдай жасаған

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.