Қандыағаш қаласындағы «Алаш» мейрамханасында Қазақстан кәсіпкерлері күніне арналған «Кәсіпкер – іскер адам» атты мерекелік шара салтанатты түрде өтті.
Биыл елімізде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және бизнес ортасын дамытуға бағытталған Кәсіпкерлер кодексіне 10 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде Қазақстанда кәсіпкерлік мәдениеті қалыптасып, шағын және орта бизнес ұлттық экономиканың маңызды тірегіне айналды. Мемлекет тарапынан бизнес өкілдеріне қолдау көрсетіліп, кәсіп бастау мен дамытуға жағдай жасалып келеді. Ал биылдан бастап 29 қазан ресми түрде Қазақстан кәсіпкерлері күні болып бекітіліп, тұңғыш рет ел көлемінде кәсіби мереке ретінде аталып өтуде.
Мерекелік жиынды Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов ашып берді. Олар өз сөздерінде аудан экономикасының дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда кәсіпкерлердің атқарып отырған еңбегінің зор екенін атап өтті.
-Кәсіпкер болу тек табыс табу емес, қоғамға пайда әкелу, жаңа жұмыс орындарын ашу, туған жердің өркендеуіне үлес қосу. Сіздердің еңбектеріңіз ауданның экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуының басты негізі болып табылады, — деді өз сөзінде Талғат Өтемұратов.
Ал «Атамекен» палатасы аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов өз кезегінде кәсіпкерлерді мерекемен құттықтап, соңғы жылдары аудан көлемінде бизнес саласында оң өзгерістер орын алып жатқанын айтты. Оның айтуынша, аудан кәсіпкерлері ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, сауда және өндіріс салаларында белсенді еңбек етіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды.
Салтанатты жиын барысында табысты еңбек етіп жүрген бірқатар кәсіпкерлер Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың, сондай-ақ кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапат иелерінің қатарында өз ісін табандылықпен дамытып келе жатқан жеке кәсіпкерлермен бірге ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Олар аудан экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және әлеуметтік бастамаларды қолдауға қосқан үлестері үшін құрметке ие болды.
Шара барысында аудан өнерпаздары мерекелік ән-шашуларын тарту етіп, жылы лебіздерін білдірді. Кәсіпкерлер арасында еркін әңгіме, пікір алмасу, жаңа серіктестік байланыстар орнады.
Алдыңғы
