«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«КӨКТЕМ-2026»: ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ИНЖЕНЕРЛІК-ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ ЖАСАЛДЫ

ҚАЗІР КҮЗ. ЖАҚЫН АРАДА ҚЫС ТҮСІП, ОНЫҢ АРТЫНАН КӨКТЕМ КЕЛЕТІНІ АНЫҚ. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ОРЫН АЛҒАН ҚЫЗЫЛ СУДЫҢ ӘЛЕГІ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА ДА ТАБИҒАТТЫҢ ТОСЫН МІНЕЗІНЕ ДАЙЫН БОЛУ КЕРЕКТІГІН, «СОЛАЙ БОЛДЫ ЕКЕН» ДЕП ҚОЛ ҚУСЫРЫП ОТЫРУҒА ТАҒЫ БОЛМАЙТЫНЫН ҚАТАҢ ЕСКЕРТКЕНДЕЙ. ОСЫ ОРАЙДА АУДАННЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІ КӨКТЕМГІ МАУСЫМҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛУДА? ТАСҚЫННЫҢ АЛДЫН АЛУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЛЕГІ ҚАНДАЙ? БҰЛ ЖӨНІНДЕ ТӨМЕНДЕ АЙТАМЫЗ. СОНЫМЕН…

ТАСҚЫННЫҢ АЛДЫН АЛУ – МАҢЫЗДЫ

Осыдан екі жыл бұрын ел бойынша орын алған су тасқынын көпшілік әлі ұмыта қоймады. Қызыл судың әлегінен Ембі қаласындағы және Жағабұлақ, Бірлік, Көтібар, Шеңгелши, Басшилі секілді ауылдардағы тұрғын үйлер суға кетіп, көпірлер шайылып, тұрғындар баспанасыз қалып, төтенше жағдай жарияланған еді. Көктемгі су тасқыны кезінде аудан бойынша 76 тұрғын үйге, 8 шаруа қожалығына, 3 коммерциялық нысанға зиян келді. Ембі және Басшилі, Темір-көпір ауылдарында көпірлер құлады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында республика көлемінде ауқымды істер қолға алынды. Соның нәтижесінде аудан әкімінің ұйымдастыруымен су тасқынынан зардап шеккен әр тұрғын үй иесіне біржолғы көмек берілді. Жағабұлақ ауылында жаңадан 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынды. Сонымен бірге 54 тұрғын үйдің иесі мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа аудан орталығынан және өз ауылдарынан дайын үй сатып алды.

Осындай төтенше жағдайдың орын алып, тасқынның әбігерге салмауына кепілдік жоғын білген болу керек ауданның атқа мінерлері ерте қамданғанға ұқсайды. Себебі 2026 жылдың су тасқыны шараларының алдын алу мақсатында облыстық 2026 жылғы су тасқынына қарсы инженерлік жұмыс жоспары жасақталыпты. Бұл туралы айтқан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов аталған жоспарға аудан бойынша бес іс-шара кіргізілгенін жеткізді.

Ауданның инженерлік іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылы Қандыағаш қаласы «Жаңа қоныс» мөлтек ауданы аумағында су тасқынына қарсы топырақтан қорғаныс үйіндісін көтеру жұмыстары жүргізілді. Оның ұзындығы — 2 шақырым, ені — 2 метр, тереңдігі — 1 метр. Сонымен бірге осы жерден ұзындығы 2 шақырым болатын суағар да қазылды. Сондай-ақ Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Шеңгелши ауылындағы Жем өзенінің бойына ұзындығы 200 метр болатын қорғаныс үйіндісі көтерілді. Бұл жұмыстардың барлығы демеушілікпен жасалды. Айталық, Шеңгелши ауылы маңынан жасалған қорғаныс үйіндіні салуға «Батыс-Мұнай» ЖШС-і демеушілік көрсетті, — деді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов.

Оның сөзінше, қазіргі уақытта «Ембі-Алтынды» жергілікті маңызы бар автокөлік жолының 0-50 м учаскесінде су өткізу құбырын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде қажетті құрал-жабдықтары тасылып, суағар орнату жұмыстары жасалуда.

2026 жылғы су тасқынына қарсы инженерлік-жұмыс жоспарына Қандыағаш қаласында су басу қаупі бар екі көшеге суағар салынды. Атап айтатын болсам, Н.Қаржаубаев көшесінде ұзындығы 423 метр болатын арық жүйесі салынып, толығымен аяқталды. Құрылыс құны — 48 млн 64 мың теңге. Құрылыс жұмыстарын «ЖемАқбергенҚұрылыс» ЖШС-і жүргізді. Ал Жамбыл көшесінен салынған арық жүйесінің ұзындығы — 624 метр. Бұл суағарды салуға бюджеттен 63 млн 205 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді, — деді бөлім басшысы Мақсат Әбілтайұлы.

Ол аудан әкімінің шешімімен аудандық азаматтық қорғаныс қызметтері құрылғанын, әр қызметтің өздерінің атқаратын негізгі міндеттері барын тілге тиек етті. Сонымен бірге көктем кезінде төтенше жағдай орын алған жағдайда аудандық ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімімен аудан көлемінде орналасқан азық-түлік дүкендерімен, тамақтандыру орындарымен ниет шарттар жасалғанын жеткізді.

Аудан көлемінде азық-түлік қоры жеткілікті. Төтенше жағдай орын алған кезде зардап шеккен халықты көшіру бойынша қабылдау пункттері қарастырылған. 2024 жылдың су тасқыны кезінде Жағабұлақ ауылында су басқан аумақтан 182 адам СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты жатақханаларға көшірілді. Аудан әкімдігінің және СНПС «Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты жатақханаларын көшіру орындары ретінде қарау бойынша екі жақты келісім жүргізіл-ді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Ауданда су тасқынына қарсы инертті материалдар қоры, құм толтыратын қапшықтар, су соратын мотопомпалар, тоқ беретін генераторлар т.б. құрал жабдықтар толықтай дайын. Сонымен бірге моторлы темір қайық тіркемесі, резеңке қайықтар жеткілікті, — деп сендірді төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.

Тасқынға қарсы жасалған жұмыстардың қатарын Еңбек ауылдық округінің орталығы Сағашилі ауылының «Ақтөбе-Астрахань» тас жолының арғы бетінде орналасқан қар суларын Темір өзеніне қарай бұру жұмысы толықтырады. Бүгінде аталған ауылдағы «Достық» мөлтек ауданының ішімен ағып өтетін қырдан келетін еріген қар суын ауыл бойымен ағып өтетін Темір өзеніне қарай бұру жұмыстары толығымен аяқталған.

КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

2024 жылы орын алған көктемгі су тасқыны кезінде Ембі қаласына кіреберістегі көпірді су шайып кеткені белгілі. Республикалық маңызы бар А– 26 «Қандыағаш – Ембі – Шалқар – Ырғыз» автомобиль жолының 92+100 шақырымында аталған көпірді қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталды. Бұл жер «Қазавтожол» ұлттық компаниясы АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалына тиесілі. Көпір салу жұмыстарын «СЕРВИС НС» ЖШС-і жүргізуде. Қазіргі уақытта ескі көпірді бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік база аумағында бетон араластырғыш қондырғы іске қосылған. Екі бұрғылау қондырғысы қадаларды қағу жұмыстарын екі ауысымда атқаруда. Қиыршық тас, арматура, цемент, темірбетон бұйымдары мен құм сияқты негізгі құрылыс материалдары толық дайындалған.

-Нысанда 22 бірлік техника мен 45 жұмысшы жұмылдырылған. Айта кету керек, алдағы көктемгі су тасу кезеңінде көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын ала дайындық шаралары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда қадалар орнатылды. Қадалар темір арматурамен нығайтылып, бетонмен құйылып бекітіледі. Сондай-ақ өздерінің жылжымалы бетон зауыты орнатылып, қиыршық тас пен шағал да жеткізілді. Толық нысанды келесі жылы аяқтаймыз, — деді «СЕРВИС НС» ЖШС-нің учаске бастығы Даулет Әбиев.

ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖҰМЫСТАРЫ АҚПАН АЙЫНДА ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов осы жылдың ақпанында аудан көлемінде «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығу жұмыстарының жүргізілетінін айтты. Себебі тұрғындар осындай жағдайларға дайын болуы, орын алған кезде не жасау қажеттігін білгені өте маңызды.

Қауіпсіздік айлығы кезінде аудан тұрғындарына су тасқыны кезінде қалай іс-әрекет ету, эвакуация тәртібі, өз тұрғын үйлерін, шаруашылық құрылыстарын су басқан кездегі іс-әрекет тәртібі түсіндірілетін болады. Бізге қай уақытта да қауіпіздік маңызды. Қандай жағдай болмасын алдыңғы шепте құтқарушылардың жүретіні сөзсіз. Сол себепті де біздің мамандар үнемі өздерін жетілдіріп, оқу-жаттығу жұмыстарын жасайды. Төтенше жағдайлар бөлімінде қазіргі таңда 48 құтқарушы қызмет атқарады. Оның 35 қызметкері Қандыағаш қаласында, 13 қызметкері Ембі қаласында жұмыс жасайды. Бөлім 5 негізгі, 5 арнайы, 4 қосалқы техникамен қамтамасыз етілген. Су тасқыны кезеңіне байланысты жеке құрам 25 дана суда жүретін комбинезондармен және әр қызметкер 3 тәулікке есептелген азық-түлікпен, тәуліктің кез келген мезгіліне арналған керекті заттармен қамтылған дабыл сөмкелерімен қамтамасыз етілген, — деді Мақсат Әбілтайұлы.

«ЖАМБЫЛ» СУ ҚОЙМАСЫ САЛЫНА МА?

Жуырда Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов ауданға келіп, аудан, ауыл әкімдері және жергілікті тұрғындардың қатысуымен жиын өткізді. Жиында аудан аумағындағы бөгеттердің техникалық жай-күйі, олардың су жинау және су бөлу мүмкіндіктері, сондай-ақ су тасқынының алдын алу шаралары қаралды. Сонымен бірге Мұғалжар ауданы аумағындағы Ақсу, Құмсай ауылдары тұсынан өтетін Ор өзеніне салынуы жоспарланып отырған «Жамбыл» су қоймасының жобасы таныстырылды.

Аталған жобаны «Ақтөбе жоба» жобалау ұйымы әзірлеген. Кездесуге келген ұйымның өкілі Әлізақ Әділжан жобаның құрылымдық ерекшеліктері мен техникалық параметрлерін таныстырды. Сол аумақта 45 күн болып, жан-жақты зерттеп, су деңгейінің көтерілуін анықтап, барлық параметрлер бойынша тексеру жүргізгендерін жеткізді. Жобалық сызбаға сәйкес, су қоймасының жалпы ауданы 2584 гектарды, су көлемі 60,38 миллион текше метрді құрайды. Су қоймасының биіктігі 18 метр, ұзындығы 790 метр болмақ. Хромтау ауданының аумағында орналасқан Ор өзеніндегі «Жамбыл» су қоймасын салуға арналған жобалық-сметалық құжатты «Ақтөбе Жоба» ЖШС-і жасады. Ол үшін 51,4 млн теңге қарастырылған. Алайда бұл бөгеттің салынуына Ащысай ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылының маңындағы шаруа қожалықтарының иелері өз наразылықтарын білдірген. Олар жобаланған су қоймасы іске қосылған жағдайда, көктемгі еріген қар мен жауын сулары қосылып, маңайдағы шаруа қожалықтарын ғана емес, Ақсу және Құмсай ауылдарын да су басу қаупі жоғары екенін жеткізген еді.

Мұғалжар және Хромтау ауданымен шектесетін аумаққа салынатын су қоймасы туралы аудан әкімінен сұрап білдік. Ол бүгінде шаруа қожалықтарымен келіссөздердің жүріп жатқанын жеткізді.

— Су қоймаларын салу — бүгінгі күннің талабы. Ол — адам мен табиғат үшін өте маңызды нысан. Қойма суды жинау, сақтау және қажет кезде пайдалану үшін жасалады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығына, егістік алқаптарын суаруға, мал шаруашылығына ішетін және техникалық су беруге мүмкіндік береді. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда, ауыл шаруашылығы жерлерін суару мүмкіндігі артып, су тасқыны қаупі азаяды деп күтілуде. Бүгінде шаруа қожалықтарының иелерімен ақылдасу, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ үй-жайларын қарап, мал басын санап, техникаларын нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Ал Елек өзенінен салынатын «Жарық» су қоймасы туралы айту әлі ерте. Бұл тек жоспар ғана. Орындалуы алдағы күннің жоспарында, — деді аудан әкімі.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Балаева журналистердің офлайн-формат жұмыс тәсіліне оралу жайын қозғады

admin_mugalzhar

Жамбыл облысындағы жарылыстан төрт әскери қызметкер қаза тапты

admin_mugalzhar

ЖАНУАРЛАРДАН ЗАРДАП ШЕККЕН 100 АДАМ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ ЖҮГІНГЕН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.