ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӨТКЕН САНДАРЫНДА АУДАННЫҢ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДА ӨЗГЕРІСТЕР МЕН БАҒДАРЛАМАЛАР ТУРАЛЫ КӘСІП ДАМЫТУШЫЛАРҒА БЕРІЛГЕН МҮМКІНДІКТЕР ЖӨНІНДЕ МАҚАЛАЛАР ТОПТАМАСЫН ЖАРИЯЛАДЫҚ. АЛ ОСЫ НӨМІРДЕ «БІР АУЫЛ — БІР ӨНІМ» ЖОБАСЫ ТУРАЛЫ ТОЛЫҚҚАНДЫ АҚПАРАТ БЕРУДІ ЖӨН КӨРДІК. СОНЫМЕН…
Қазір біз ерекше мән беріп отырған бағыттардың бірі – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы, — дейді Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Көмекбай Бектұрғанов. Жоба ауылдың өз әлеуетін пайдаланып, жергілікті ресурстарға сүйеніп, бірегей өнім шығару арқылы экономикалық белсенділікті арттыруды көздейді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жобаны Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша «Мен – кәсіпкер» бағдарламасы аясында жүзеге асырып келеді. Мақсат – әр өңірдің өз ерекшелігіне сай өнім жасап, оны ішкі және сыртқы нарыққа шығару.
— Қарапайым тілмен айтқанда, бұл — ауылдың бренді қалыптассын деген бастама. Мысалы, бір ауыл тек бал өндірумен, екіншісі сүт өнімдерімен, немесе былғары бұйымдарымен танылуы мүмкін. Сол арқылы ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзі ашылады, — дейді Көмекбай Қуантайұлы. Оның айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына шағын және орта бизнес өкілдері, сондай-ақ кәсіп бастауға ниетті азаматтар қатыса алады. Негізгі талап – өнім жергілікті шикізаттан дайындалуы тиіс. — Өнімнің сапасы мен табиғилығы бірінші орында. Яғни, қауіпті немесе зиянды қоспалар болмауы керек, дайын өнімнің қаптамасы талапқа сай болуы қажет. Сонымен қатар өнім жергілікті өңірдің ерекшелігін көрсетуі тиіс. Мысалы, Мұғалжарда жасалған өнім ауданның табиғаты мен дәстүрін айшықтауы керек, — дейді ол.
Бұл жобаға қатысу үшін кәсіпкерлер өңірлік палатаға өтінім тапсырады. Кейін арнайы жұмыс тобы облыстық деңгейдегі көрмеде үздік өнімдерді іріктейді.
— Сол көрмеде озық шыққан кәсіпкерлер жобаның финалистері атанады. Финалистерге “Атамекен” ҰКП тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, логотип жасау, тауар белгісін тіркеу, жәрмеңкелерге қатысу, маркетингтік сүйемелдеу сынды көмектер көрсетіледі. Ең бастысы, 5 миллион теңгеге дейін өтеусіз грант алу мүмкіндігі бар, — дейді палата директоры.

Көмекбай Бектұрғановтың айтуынша, бұл гранттар жергілікті тұрғындарға өз идеясын нақты бизнеске айналдыруға жол ашады.
— Бұл жоба ауыл кәсіпкерлеріне — үлкен мүмкіндік. Өнімін нарыққа шығарып, тұрақты табыс және жаңа серіктестер мен жеткізушілер табуға жағдай жасалады. Қарапайым хоббиді кәсіби кәсіпке айналдыруға болатынын осы жоба дәлелдеп отыр. Қазір ауданымызда қолға алғалы отырған маңызды жобалардың бірі – көкөніс сауда орталығын ашу. Бұл идеяның негізгі мақсаты – жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін бір орталықтан сату жүйесін қалыптастыру. Бүгінде көкөніс пен жеміс-жидек өнімдері көбіне сырттан тасымалданады. Соның әсерінен баға тұрақсыз, кейде маусымдық өсім байқалады. Егер біз осы сауда орталығын іске қосатын болсақ, жергілікті шаруалар өз өнімдерін тікелей сата алады, делдалсыз сауда жасауға мүмкіндік туады. Бұл әрі бағаның тұрақтануына, әрі аудан тұрғындарының қолжетімді әрі сапалы өнім алуына сеп болады, — дейді ол.
Палата директорының айтуынша, болашақ орталық тек сауда орны ғана емес, жүйелі нарық алаңы болмақ.
— Онда арнайы салқындатқыш қоймалар, таразы, санитарлық жағдайға сай сауда орындары қарастырылады. Әрі өнімдер ұзақ сақталуы үшін жағдай жасалмақ. Біз осы жобаны жүзеге асыру арқылы кәсіпкерлерге тұрақты табыс көзі мен жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмыз, — дейді ол. Көкөніс сауда орталығының тағы бір артықшылығы – жергілікті өнімді брендке айналдыруға мүмкіндік беруі.
— Қазір “Бір ауыл – бір өнім” жобасы аясында ауылдық жерлерде өз өнімін өндіретін кәсіпкерлерді анықтап жатырмыз. Сол өнімдер кейін осы орталықта саудаланса деген ой бар. Яғни, әр ауыл өз өнімін ұсынып, аудан көлемінде белгілі брендке айналдыру – басты мақсатымыз, — деп атап өтті Көмекбай Қуантайұлы Бұл бастама алдағы уақытта аудан әкімдігімен бірлесіп, мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы жүзеге асырылмақ. — Әзірге жоба талқылау сатысында. Қазіргі таңда орын мен инфрақұрылым мәселесін қарастырып жатырмыз. Егер бәрі ойдағыдай болса, бұл аудан кәсіпкерлері үшін үлкен серпіліс болмақ. Тек Қандыағаш қаласында ғана емес, кейін Ембі мен Жем қалаларына да осындай орталықтар ашу жоспарда бар, — дейді палата басшысы.
— «Атамекен» палатасының есігі әр кәсіпкерге әрдайым ашық. Мәселесі бар азамат кез келген уақытта келіп, кеңес ала алады. Біз үшін ең маңыздысы – бизнестің дамуы мен аудан экономикасының өркендеуі, — деп қорытындылады сөзін Көмекбай Бектұрғанов.
Марина ЕРБУЛЕК, жеке кәсіпкер: ТАЗАЛЫҚТАН ТАБЫС ТАУЫП ОТЫРМЫН
—Осы жылы мемлекеттік гранттың көмегімен өз кәсібімді аштым. Қазір Қандыағаш қаласында клинингтік қызмет көрсетумен айналысамын. Бұл бағыт біздің қалада енді дамып келеді, сондықтан сұраныс жоғары. Тұрғын үйлер мен кеңселерді тазалау, жөндеуден кейінгі жинақтау, терезе жуу, ылғалды тазалау сияқты қызмет түрлерін ұсынамыз. Бастапқыда барлығын өзім істедім, қазір екі қыз жұмыс істейді. Тапсырыс күн сайын артып келеді. Әлеуметтік желілер арқылы да тұтынушыларымыз көбейіп жатыр. Әр адамға сапалы қызмет көрсету – басты ұстанымым. Көпбалалы ана ретінде үй мен жұмысты қатар алып жүру оңай емес, бірақ отбасым – менің басты мотивациям. Балаларымның болашағы үшін еңбек етемін. Уақытты дұрыс жоспарласаң, бәріне үлгеруге болады.
Нұргүл САНСЫЗБАЙ, жеке кәсіпкер: ҚҰС ӨСІРУ – ТАБЫСТЫ КӘСІПТІҢЖАҢА БАҒЫТЫ
—Мен “Айару” жеке кәсіпкерлігінің иесімін. Биыл мемлекеттік грант жеңіп алып, Қандыағаш қаласында күркетауық өсіру ісін қолға алдым. Бұл бағыт әзірге біздің өңірде сирек кездесетін кәсіп түрі болып саналады. Қазір шағын аулада 29 күркетауық өсіріп отырмыз. Алғашында бұл істің күтімі мен азықтандыру ерекшелігі күрделі көрінгенімен, уақыт өте тәжірибе жинақтап, жем түрлерін дұрыс таңдауды үйрендік. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, құстың өзге түрлерін де өсіруді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар өнімдерімізді брендке айналдырып, “Бір ауыл – бір өнім” жобасына қатысу ойымда бар. Мемлекеттен берілген грант біз сияқты жаңа бастаған кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік сыйлады. Қалада болса да, еңбектеніп, ізденген адамға табыстың кілті табылады деп сенемін.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ
