Денсаулық сақтау саласының мамандары соңғы жылдары аутодеструктивті мінез-құлықтың артып отырғанына алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл — күрделі әлеуметтік мәселе.
Ғалымдар мен мамандар аутодеструктивті мінез-құлыққа итермелейтін негізгі себептерді зерттеп келеді. Сарапшылардың айтуынша, депрессия, үмітсіздік, жалғыздық, психологиялық қысым, зорлық-зомбылық, буллинг, экономикалық қиындықтар мен отбасылық жанжалдар — тәуекел факторларының алдыңғы қатарында.
Өмір болғасын адам күйзелісті бастан кешіріп, қиын кезеңдерден өтеді. Бірақ біз көбіне бір-біріміздің ішкі жан дүниемізге назар аудармаймыз. Үнсіз күйзелу — ең қауіпті белгі.
Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алудың ең тиімді жолы — ерте көмек пен психологиялық қолдау көрсету. Егер адамның мінез-құлқында немесе эмоциясында төмендегі белгілер байқалса, мамандар мұқият назар аударуды ұсынады:
Мінез-құлқының күрт өзгеруі.
Адамдардан оқшаулану.
Үмітсіздік туралы жиі айту.
Ұйқының бұзылуы.
Шамадан тыс агрессия немесе енжарлық.
Өзіне зиян келтіру қаупін білдіретін әрекеттер.
Дәрігерлер мен психологтар қоғамды бұл мәселеге ашық әрі түсіністікпен қарауға шақырады. Мұндай күй жайлы айту — әлсіздік емес керісінше, өз өміріңе деген жауапкершілік.
Көмек сұраудан қорықпаңыз!
Елімізде психологиялық қолдау көрсететін орталықтар мен сенім телефондары жұмыс істейді. Егер Сізге немесе жақыныңызға көмек қажет болса, келесі нөмірлерге хабарласуға болады:
150 — Жедел психологиялық көмек.
111 — Балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық сенім телефоны. 8-702-031-2522 — Ақтөбе облыстық «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығының сенім телефоны.
103 — Жедел медициналық жәрдем.
Кез келген қиындықтың шешілетінін ұмытпаңыздар! Ең бастысы — жалғыз қалмау және үнсіз жүрмеу.
«Мұғалжар аудандық білім бөлімі» ММ-і
