«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Сау болсыншы сәбилер

Ана мен баланың саулығы — бүтін бір ұлттың болашағы. Сондықтан мемлекет өз кезегінде ұлт саулығына мән беріп, медицина саласын заман ағымына қарай жаңғыртумен қатар, ана мен бала денсаулығына ерекше ден қойып келеді. Өкінішке орай, ұлттың айнасы саналар ана мен бала саулығы әлі де көңілді  күпті етеді. Себебі, құрсаққа біткен нәрестелердің өлімі азаймай отыр. Мұғалжар ауданының өзінде биылғы жылдың осы айға дейінгі көрсеткіші бойынша, бір жасқа дейінгі 17 нәресте дүние есігін ашпай жатып көз жұмған. Оған қандай салақтық, салғырттық себеп болды, анықтап көрдік.

Жаңа жыл басталғалы бері, қазір тоғыз айды артқа қалдырдық. Әйтсе де, ауданның денсаулық сақтау саласында шешімсіз қалып жатқан бірқатар мәселе өзінің ізін суытпай келеді. Одан туындаған қайғылы жағдай дүйім жұртты құлазытып, дәрігер мамандарды алаңдатып тастады. Күрмеуі күрделі бұл мәселенің күні бүгінге дейін не шешімі, не бір түйіні табылмай тұр. Ресми мәліметтерге сүйінсек, жалпы аудан бойынша биылғы жылдың сегіз айында 17 нәресте шетінеп, көрсеткіш 17,6 пайызды құрады. Соның ішінде Мұғалжар аудандық орталық аурухана бойынша 6 күнге дейін екі бала, 7 күннен 1 айға дейін  екі бала, 1 айдан 1 жасқа дейін 6 бала шетінегені тіркелді. Бұл 1 жасқа дейінгі сәбилердің шетінеуі өткен жылдағыдан көп екенін көрсетеді. Себебі, денсаулықтарындағы кінәраттарына байланысты өткен жылдың сегіз айында 5 нәресте шетінеп кеткен еді.

Медицина саласының мамандары, нәрестелердің өлімінің себептерін перинатальды мерзім жағдайы мен іштен жетілмей тууына, тума ақауы және туа біткен ауруына, сонымен қатар тыныс алу жүйесінің нашарлауы, жүйке ауруы мен  инфекциялық паразитарлы ауруларға байланысты дейді. Сондай-ақ, баланың мұндай ауруларға  шалдығып немесе іштен кем болып тууына басты себепкер анасы екендігін де алға тартады. Өйткені, жүктілікке жоспарсыз келетін әйелдердің өз денсаулықтарына салғырттық танытқандықтары, мәлім болған ауруларына уақытында тиісті ем-домын қабылдамайтындықтарының соңы нәрестелердің өліміне әкеп соқтырады.

-Жасыратыны жоқ, биыл нәрестелердің өлімі былтырғы жылдан қарағанда біршама көбейді. Аудандық орталық аурухана бойынша 10 нәресте, Ембі аудандық аурухана бойынша 7 нәресте шетінеді. Бұл көрсеткіш біздегі медицинаны дүр сілкіндіретіні сөзсіз. Жалпы ауданда биылғы жылы 961 нәресте дүниеге келді. Мұның ішінде Мұғалжар аудандық орталық ауруханасында  609 бала, ал 352 бала Ембі аудандық ауруханасында туылды. Әйелдер жүктілік кезінде есепке тұрған күннен бастап, аурухананың жіті назарында болады. Алдымен ананың денсаулығына аса мән беріліп, баланың жетілу процесі қадағаланады. Егер денсаулықтарынан әлдебір ауытқулар байқалса, онда қажетті кеңестерді беріп, асқынып кетпеуінің жолдары қарастыралады. Болашақ аналар толық тексерістен өтіп келген соң, қажетті ем жасалады. Бала дүниеге аман-есен келуі үшін, дәрігер мамандардың беретін кеңестеріне міндетті түрде құлақ асқан жөн. Себебі, дүниеге дені сау баланың  келуі, алдымен оның анасына байланысты. «Ананың денсаулығы — баланың денсаулығы» дейді ғой. Өте орынды айтылған сөз. Барлық әйел заты осыны түсініп, алдын ала жүктілікке дайындалып, денсаулығына ерекше ден  қойса, бала өлімі секілді қасіреттен арылатын едік, бәлкім, — дейді аудандық бала дәрігері Ғалия Кенбаева.

Бала өлімінің негізгі себебі әйелдің жүктілікке дейінгі денсаулығының қалай болғанына, жүктіліктің өту процесіне және туу жағдайына тікелей байланысты екені мәлім болғандай. Енді осы тұста балалардың шетінеуі әйелдердің қандай ауруларға шалдыққандықтарынан орын алатындығын анықтап көрсек.

Мамандардың айтуынша, аналардың құрсақ инфекциясын жұқтырғаны, гинекологиялық созылмалы ауруы қабынғаны, бұған дейін жасанды түсік жасатқаны, анемиямен ауырғаны, жүктіліктің түрлі сатысында түсік тастағаны, жедел босандыруға тура келгені, темекі шегу, араққа салыну немесе есірткі пайдалану секілді зиянды әдеттерге бой алдырғаны, жыныстық жолмен жұқтырған жұқпалы аурулармен ауыратыны, әлеуметтік-тұрмыстық ауыр жағдайда өмір сүретіні бала өліміне итермелейтін ең басты факторлар.

Аталмыш індеттерге тосқауыл болу — аурудың алдын алудан басталады. Демек, ұлт болашағы – аналардың қолында. Торғай екеш торғай да, балапанын қорғайтыны тәрізді, шыр етіп дүниеге келген шаранасын қорғауды әр ана өз денсаулығынан бастағаны ләзім.

P.S. Ана бақытын сезінем деп жүргенде, артынан қара жамылу — бүтін бір қоғамның қайғысы. Мұны ескерген мемлекетіміздің медицина саласында ана мен баланың денсаулығын қорғау басты мақсат саналып келеді. Абырой болғанда, ауданда биылғы жылы ана өлімі тіркелмеген. Ендігі міндет бала өлімі мәселесін тығырықтан шығаруға бағытталынды.

 

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

 

 

 

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

«Жасыл» мәртебесі бар тұрғындар ғана кіре алады

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА ҚАНША ТҰРҒЫН БАР?

admin_mugalzhar

ҚИЛЫ ЗАМАНДАҒЫ ТҰЛҒА ТАҒДЫРЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.