«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жұмагүл ҚҰРМАНАЛИНА, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: ЖЕЛТОҚСАН — МАҒАН РУХ БЕРДІ, ЕРЛІКТІ ҮЙРЕТТІ

-16 желтоқсан — Тәуелсіздік күні. Тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Бұл — ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке. Еліміздің жалын — ды жастары бастарын бәйгеге тігіп , 1986 жылы Алматы қаласында алаңға шыққан еді. Сол кездегі жастардың бірі мен едім. Желтоқсан оқиғасы менің студенттік жылдарыммен тұспа-тұс келді. Мен сол жылдары Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетінің 4-курс студенті едім. Пленум шешімін естіген соң группадағы қыздармен бірге алаңға бардым. Алаң толы жастар, біздің бір ғана тілегіміз — елімізді қазақ азаматының басқаруы. Біз өз наразылықтарымызды білдіріп, алаңға жиналдық. Бірақ жастардың бұл ұсынысы қабылданбады. Бізге керісінше күш көрсетіп, алаңнан қуды, мұздай су шашып, соңымыздан итпен қуды. Бірақ намысшыл қазақ жастары оңайлықпен берілмеді. Алаңда тұрып бәріміз бірге ұрандап айқайлап, «Менің Қазақстаным» әнін айттық. Брежнев алаңындағы қазақ жастарының толқуы қанды оқиғаға айналарын біз білмедік. Жүректері «қазақ» деп соққан батыр ұл-қыздарымызға «ұлтшыл» деген кінә тағылды. Жазықсыз өктем биліктің құрбандары болды. Бодандықтың бұғауынан шығуға ұмтылған қазақ жастарының сол кездегі ерлігі Тәуелсіздіктің бастауы болатын. Желтоқсан оқиғасы — ұлт санасынан өшпейтін Тәуелсіздікке деген алғашқы қадам. Жол түсіп, Алматы қаласына барған сайын алаңға соғып, сол оқиғаны еске аламын.
Мен үшін желтоқсан оқиғасы — бұл жай оқиға емес, бұл енді үлкен тарихи оқиға, үлкен көтеріліс деп айта аламын. Адамның еркіндігі, ұлттың абыройы үшін күресу — бұл ұрпақ алдындағы парыз екенін түсіндім. Желтоқсан оқиғасы маған ер-кіндіктің қаншалықты қымбат екенін ғана емес, оның бағасын төлеген жандардың ерлігі қандай биік екенін көрсетті. Бүгінде сол күндерге көз жүгіртіп қарайтын болсам, мен Желтоқсан оқиғасына қатысқаныма еш өкінбеймін. Керісінше, өзімді сол буынның бір мүшесі болғанымды мақтан тұтамын. Желтоқсан маған рух берді, ерлікті үйретті.

Ұқсас ақпараттар

ЕЛІМНІҢ ЕРТЕҢІНЕ СЕНЕМІН

admin_mugalzhar

АҚТҮТЕК БОРАН… ЖОЛ және АДАМ…

admin_mugalzhar

Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясын шақырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.