ЕМБІДЕГІ БАЯУ АТҚАН КЕЗЕКТІ БІР ТАҢ. ҚАЛА ШЕТІНДЕ АНАДАЙДАН МЕНМҰНДАЛАҒАН ЕҢСЕЛІ ҮЙ ОРНАЛАСҚАН. ОСЫ ҮЙДІҢ ІШІНЕ ТАРАҒАН ЖЫЛЫ СҮТТІҢ ИІСІ АДАМДЫ БІРДЕН АУЫЛДА ӨТКЕН БАЛА КҮНГЕ ЖЕТЕЛЕП ӘКЕТКЕНДЕЙ… ҚАЙНАП ЖАТҚАН ҚАЗАНДАҒЫ СҮТТІҢ БЫРС-БЫРС ҮНІ, ІРІМШІКТІҢ БАЯУ ЖИНАЛЫП, БІРТІНДЕП ҚОЮЛАНЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН СӘТІ, БҮЛКІЛДЕП ҚАЙНАҒАН САРЫСУ, ТАҢҒЫ МҮЛГІГЕН ТЫНЫШТЫҚ – ҮШ БАЛАНЫҢ АНАСЫ, ЖАС КӘСІПКЕР НЕСІБЕЛІ КАРЖАУБАЕВАНЫҢ ӘР ТАҢЫНЫҢ КҮНДЕЛІКТІ КӨРІНІСІ…
Бүгінде сүт өнімдерін дайындаумен айналысатын Несібелінің бұл кәсібі оның алғашқы мамандығы да, алғашқы таңдауы да емес. Ол өмірінің 15 жылын медицина саласына арнаған. Кейіпкерімізбен сұхбат барысында ол өзінің осы жолға қалай келгенін әдеттегідей қарапайым ғана айтып берді. Бірақ әр сөзінде терең ой мен жүректен шыққан шынайылық сезіліп тұрды.
— Мен медицина мамандығын бітіріп, фельдшер болып 15 жыл қызмет еттім. Күн демей, түн демей жұмыс істеген кездерім көп болды. Ол – менің өмірімнің үлкен бір бөлшегі. Қазіргі таңда үш баланың анасымын, бала күтіміне байланысты демалыста жүрмін, — деді ол.
Декреттік демалыс көп ананың өмірін өзгертіп жатады. Біреулер үшін ол тынығатын уақыт, ал Несібелі үшін жаңа істің басталуына себеп болған кезең.
—Үйде бос отырғым келмеді. Бір нәрселер жасап, өміріме өзгеріс енгізуге деген құштарлық пайда болды. Сол кезде сүт өнімдеріне деген қызығушылығым оянды, — дейді өзі.
Осы қызығушылығының шынайы бастауын ол бұдан бір жыл бұрынғы күндерден іздейді. Сол уақытта Ақтөбе қаласында мал шаруашылығымен айналысатын Гүлжанат атты қыздан күн сайын таза, аппаратпен сауылған сүт алдырып отырған.
— Сүтті күнде сүзгіден өткізіп, қайнатып жүрдім. Сол сәтте «неге мал ұстап, өзім сауып, одан сүт өнімдерін жасап көрмеске?» деген ой келді. Содан осы істі бастап кеттік. Уақыт өте келе бұл іс маған тіпті жақындай түсті, — дейді Несібелі.
Жолдасы да кәсіпке келуіне тірек болып, демеу көрсетіпті. Осылайша, мал алып, кейін өзі Ақтөбе қаласына барып, арнайы курс оқып, сүт өнімдерін кәсіби түрде дайындаудың қыр-сырын меңгеріп шыққан.
Қазір оның шағын ас үйінен бір ғана сүттің мүмкіндіктерін паш ететін сан алуан өнімдер шығады. Барлығы 20-дан астам табиғи сүт өнімдері: майлық ірімшік, пресс, шашылмалы, қуырылған ірімшік, сарысу, майқұрт, айран, құрттың үш түрі, шоколад қосылған ірімшік – ешбір қоспасыз, таза табиғи сүттен дайындалады.
— Барлық өнімдерімді «Nesibe» ұлттық брендімен шығарамын. Түрлі бокстарда дүкендерге өткіземін. Әр өнімге ерекше көңіл бөлемін. Мен үшін өнімнің сапасы бірінші орында, — дейді ол мақтанышын жасыра алмай. Айтуынша, сүт өнімдерінің ішінде ең көп уақыт алатыны – сарысу жасау.
— Сарысу бір күн бойы дайындалады. Бұл процеске үлкен сабыр керек. Әсіресе, жазда қиын – сүт тез ашып кетеді. Бірақ мен тоқтаған емеспін. Жәрмеңкелерге шығып, өз сатып алушыларымды таптым. Халық табиғи өнімді бірден таниды, — дейді кәсіпкер.
Сүт өнімдері саудасымен бірге келген жаңа орта, жаңа адамдар, жаңа мүмкіндіктер де оның өмірін толықтыра түскен.
— Осы кәсіпті бастағалы көп адаммен таныстым, өз ортамды таптым. Бұл салада шынымен дамуға болатынына көзім жетті, — дейді ол сеніммен. Несібелінің енді бір үлкен арманы бар. Ол — Мұғалжар ауданында алғашқы сүт өңдеу цехын ашу. Бұл оның өзіне ғана емес, ауданға да қажет қадам.
— Ауданда сүт цехы жоқ. Сол істі бастағым келеді. Қаймақ, құрт, ірімшікке арналған аппараттар, биост, арнайы ғимарат – бәрін ойластырып отырмын. Халыққа табиғи өнімді жоғары сапада жеткізгім келеді. Қолдың айранын 10 күн бұзылмайтын форматта дүкендерге шығарсам деймін, — дейді Несібелі Амантайқызы.
Кәсіпкер бұған дейін мемлекет беретін мүмкіндікті пайдаланып көрмепті. Ешқандай гранттарға қатысып, пайызсыз несие де алмапты. Бірақ алдағы уақытта кәсібін кеңейту үшін осы мүмкіндікке жүгіну де ойында бар. Әңгіме соңында Несібелі ауылдағы қыз-келіншектерге арнаған ақ жүрек сөзін де ұмытқан жоқ:
— Үйде сиыры бар, бірақ сауып пайдаланбай жүрген қыздар көп. Шын мәнінде, олар дәл үйінің ауласында тұрған үлкен мүмкіндігін байқамай жатады. Бір сүттен талай өнім шығаруға болады. Тек ерінбей, үнемі ізденіс үстінде болып, жаңашылдықтан қорықпау керек, — дейді ол.
Кешегі ақ халат киген Несібелі Қаржаубаеваның бүгінгі табиғи өнімдерге бағыт алған жаңа өмірі – еңбек пен табандылықтың айқын көрінісі…
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ
