«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН ІЛКІМДІ ІСТЕР

ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА ЕНІП БАРА ЖАТҚАН 2025 ЖЫЛДЫ МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ҮШІН «ЖАҚСЫ» БОЛДЫ ДЕП АЙТУҒА НЕГІЗ КӨП. ОҒАН ДӘЛЕЛ – АУДАН АУМАҒЫНДА ЖАҢА БІЛІМ ОШАҚТАРЫНЫҢ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛУІ, МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАРДЫҢ АШЫЛУЫ, ЖОЛДАРДЫҢ САЛЫНЫП, ШАЛҒАЙДА ОРНАЛАСҚАН АУЫЛДАРҒА КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ЖЕТУІ. ЕНДЕШЕ, ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ АУДАНДА АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР МЕН ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫНДА ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІНІҢ ҚОРЫТЫНДЫ МАҚАЛАСЫНАН ОҚЫҢЫЗДАР. СОНЫМЕН…

ЕКІ МЕКТЕП, БІР БАЛАБАҚША ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жыл басынан бері ауданда екі мектеп пайдалануға берілді. Олар – Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көтібар батыр және Еңбек ауылдық округіне қарасты Темір көпір ауылдарындағы білім ошақтары. Көтібар батыр ауылынан ашылған 60 орындық мектепбөбекжай-балабақша — кешенінің құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, 2025 жылдың 30 тамызында аяқталды. Құрылыс жұмыстарын «АқтөбеСтрой Эксперт» компаниясы жүргізді. Жаңа мектеп барлық халықаралық стандарттарға сай және заманауи мектеп жиһаздарымен, компьютерлермен, кеңсе жабдықтарымен жабдықталған. Сонымен бірге мектеп ішінде заманауи спорт зал, кітапхана, асхана, медициналық пункт пен мектеп ауласынан спорттық ойындарға арналған алаң да қарастырылған.

Ал Темір көпір ауылында ашылған жаңа мектептің құрылысына бюджеттен 415,5 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Град Строй Сервис» ЖШС-і жүргізген. Бір қабатты білім ошағында бірнеше пән кабинеттері бар. Олар заманауи құрал-жабдықтармен, жиһаздармен, көрнекілік құралдарымен жабдықталған. Сондай-ақ №4 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 324 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Жақында Жағабұлақ ауылында орналасқан №3 “Балауса” балабақшасының ашылу салтанаты өтті. 100 орынға шақталған бөбекжай-бақшаны салуға бюджеттен 715 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын “Санжар” ЖШС-і жүргізген. 100 орындық бөбекжай-бақшаның жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асады. Әр топта 25 баланы қамтитын 4 топ бүлдіршіндерін қабылдауға қауқарлы жаңа ғимаратта медбике, психолог, робототехника, мамандықтар кабинеттері, асхана, кір жуу, төсек орын сақтау бөлмелері, музыкалық және спорт зал қажетті құралжабдықтармен жадбықталған.

Сонымен бірге аудан орталығы Қандыағаш қаласында орналасқан «Жансая» балабақшасына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары бүгінде аяқталып, бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Балабақшаны ағымдағы жөндеуден өткізуге бюджеттен 67 млн 884 мың теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарын «АК Stroy» ЖШС-і жүргізді.

АЛТЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

Осы жылы аудан аумағындағы жалпы саны алты медициналық нысан пайдалануға беріліп, халық игілігіне тапсырылды. Атап айтатын болсақ, аталған нысандар Саға, Қожасай, Мұғалжар, Бірлік, Жарық ауылдары мен Жем қаласында ашылды. Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Саға ауылында ашылған медициналық пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жиырма келушіге арналған медпункт қажетті заманауи құралдар және жаңа жиһаздармен жабдықталған. Мұнда тұрғындардың келіп, сапалы ем алуына толық жағдай жасалған. Бұл медициналық пункттің құрылыс жұмыстарын «Бабек құрылыс» ЖШС-і жүргізді. Ауданда ашылған тағы бір медициналық нысанның бірі – Мұғалжар ауылындағы 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория. Жобаның жалпы құны — 325 868,761 мың теңге. Нысанның құрылыс жұмыстарын «Рус Тал» ЖШС-і жүргізді. Дәрігерлік амбулатория ғимаратының жалпы ауданы 448,87 шаршы метрді құрайды. Сонымен бірге Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Қожасай ауылында да жаңа стандарттық үлгідегі медициналық пункт ашылды. Жиырма келушіге арналған пункттің құрылыс жұмыстарын «Техно-С» ЖШС-і жүргізді. Ауылдың әлеуетін арттыру мақсатында бой көтерген медициналық нысан қажетті заманауи құралдар және жаңа жиһаздармен жабдықталған. Ал Жем қаласынан бой көтерген медициналық нысан 50 келушіге арналған. Мемлекет басшысының халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру сапасын арттыру тапсырмасын орындау мақсатында салынған амбулаторияда бір дәрігер мен үш медбике қызмет етеді. Амбулаторияның құрылыс жұмыстарын «ЭлитСтройАқтөбе» ЖШС-і жүргізді. Денсаулық сақтау мекемесі қазіргі уақытта халыққа алғашқы медициналық-санитарлық, ересектер және балаларға консультативті-диагностикалық, зертханалық, профилактикалық және скринингтік көмек түрлерін ұсынуда.

Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылында да фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Медициналық мекеменің құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталып, 2025 жылдың наурыз айында пайдалануға берілді. Медициналық пункт 20 келушіге арналған. Заман талабына сай құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ғимараттың құрылыс жұмыстарын « Техно — С » ЖШС-і жүргізді. Сонымен бірге аудан әкімдігінің демеушілігімен Мұғалжар аудандық аурухананың ауласы абаттандырылып, келушілерге жайлы жағдай жасалды. Аулаға тас төсеніш төселіп, автотұрақ жолдары асфальттанды. Аталған аумақты жөндеуге жергілікті бюджеттен 127 млн теңге бөлінген. Абаттандыру жұмыстарын «Еркен и К» ЖШС-і жүргізді.

Сонымен бірге күні кеше ғана Жарық ауылында 25 келушіге арналған медициналық пункттің ашылу салтанаты өтті.

ТӨРТ АУЫЛҒА КӨГІЛДІР ОТЫН БАРДЫ

Бүгінгі таңда ауданның көгілдір отынмен қамтылуы 99 пайызды құрайды. Осы жылы аудан бойынша төрт ауылға газ берілді. Олар – Бұлақты, Ащысай, Сабындыкөл, Қожасай ауылдары. Бұлар «Amanat» партиясының Жол картасы және сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Егіндібұлақ ауылдық округінің орталығы Бұлақты ауылына көгілдір отын берілді. Бұл ауылға газ тарту жұмыстарын «Алихан-Ойл З» ЖШС-і жүргізді. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 921,4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта Бұлақты ауылындағы 424 тұрғын көгілдір отынның игілігін көріп отыр.

Ал Республика күні мерекесі қарсаңында Ащысай ауылдық округіне қарасты Ащысай мен Сабындыкөл ауылдарына да көгілдір отын берілді. Аталған ауыл тұрғындары бұл күнді көптен күткен еді. Жаңа инфрақұрылымның іске қосылуының арқасында енді Ащысай ауылындағы 71 үй, 334 тұрғын және Сабындыкөл ауылындағы 23 үй, 108 тұрғын, әлеуметтік нысандар – мектеп, балабақша, медициналық пункт – көгілдір отынмен қамтылды. Екі ауылға да газ тарту жұмыстарын «Алихан-Ойл 3» ЖШС-і жүргізді. Ауылдарына газдың келуін 30 жылдан астам уақыт күткен қожасайлықтар да осы жылы көгілдір отынға қол жеткізді. Жоба құны 1,5 мрлд теңгені құрайтын газ тарту жұмыстары “QazaqGaz Aimaq» АҚ-ы облыстық филиалының қолданыстағы инвестициялық бағдарламасы аясында жүзеге асты. Қожасай ауылында 49 тұрғын үй бар. Бүгінде оның ішінде 27 үйге көгілдір отын кіргізілген.

ҚАЛА КӨШЕЛЕРІ ЖӨНДЕЛДІ

2025 жылы аудан орталығы Қандыағаш қаласында жалпы саны төрт көше күрделі жөндеуден өтті. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары үш көшеге жүргізілді. Күрделі жөндеуден өткен қала көшелерінің жалпы ұзындығы 4,2 шақырымды құрайды. Жоба құны – 1,2 млрд теңге. Атап айтатын болсақ, Ереван Баймұханбетов көшесіндегі 8 метр болатын айналма жолдың жұмысына 431 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстарына «СтройСервисПлюс» ЖШСі жауапты. Ауыспалы кезеңмен жөнделетін бұл жолдың бірінші жабындысы ғана төселді. Келер жылы толықтай аяқталатын болады. Ал «Жеңіс» даңғылын күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 383 млн теңге, ұзындығы 800 метр Есет Көкіұлы көшесін қайта салуға бюджеттен 169 млн теңге бөлінген. Екі көшенің құрылыс жұмыстарын «Бірлік НС» ЖШС-і жүргізді. Ұзындығы 2,28 шақырым болатын «Келешек мектептеріне» дейінгі автомобиль жолына 801 млн теңге қарастырылды. Жөндеу жұмыстарын «TSG Construction» ЖШС-і жүргізді. Сонымен қатар бұрын -соңды асфальт төселмеген Алтынды көшесіне жол салу жұмыстарын «Бірлік НС» ЖШС-і жүргізді. Ұзындығы 900 метр болатын жолға қазынадан 154 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ қала орталығында басты көшелер саналатын Н.Байғанин, Ж.Жабаев және А.Қалиев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көшелерді жөндеуге қала бюджетінен 341 млн-нан астам қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру жарияланып, құрылыс жұмыстарын «TaF Company» ЖШС-і жүргізді.

ТЕРМОЖАҢҒЫРТУ – ТАПТЫРМАС МҮМКІНДІК

Бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Терможаңғырту» бағдарламасы биыл да жалғасын тапты. 2025 жылы аталған бағдарлама аясында жөнделген үйлердің қатарында «Достық» мөлтек ауданы №13, 20 және «Самал» мөлтек ауданы №49 көпқабатты тұрғын үйдің шатырлары бар. «Достық» мөлтек ауданы №13 үйді жаңғырту жұмыстарын «Qazjoba» ЖШС-і жүргізді. Бұл үйге бөлінген қаржының көлемі — 53 млн 226 мың теңге. Ал «Достық» мөлтек ауданындағы 300-ге жуық тұрғыны бар №20 көпқабатты тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстарын «Сабырлы» ЖШС-і өз жауапкершілігіне алған. Құрылыс жұмыстарына 174 млн 501 мың теңге бөлінген. «Самал» мөлтек ауданы №49 көпқабатты тұрғын үйді терможаңғыртудан өткізу үшін 63 млн 604 мың теңге бөлінді. Бұл үйлердің шатырлары, подъездерінің қалқалары, қабырға сылақтары және электр желісі жаңартылды. Сонымен бірге Ж.Жабаев көшесіндегі №70 көпқабатты тұрғын үйге де толықтай терможаңғырту жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын «Айтаба Проект» ЖШС-і жүргізуде. Жобаның жалпы құны 122 млн теңгені құрайды. Бүгінде тозығы жеткен электр сымдарын ауыстыру, кіреберіс жолын жаңарту, кіреберістегі терезелерді ауыстыру, шатыр орнату, кіреберіс пен жертөле есіктерін ауыстыру және балкон қоршауларын қаптау жұмыстары жүргізілуде.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 50 млрд долларға жуықтады

admin_mugalzhar

Көгілдір отын — тұрғындар қуанышы

admin_mugalzhar

Жасанды интеллект – прогрестің жаңа дәуірі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.