«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қараусыз бала қылмысқа ұрынады

Бала тәрбиесіне салғырттық таныту – қоғамның айықпас дерті. Мемлекет ата-ана тарапынан кетіп жатқан өрескел қылықтарға аса мән беріп, адамдық жолдан жырақ кетпеуін ұдайы қадағалап отыратындықтары да сондықтан. Себебі, «көрінген таудың алыстығы жоқ». Бала ертең өседі, ер жетеді. Ошақ қасы – отбасыдан көргенін санаға түйіп, білгенін көңілге тоқиды. Ол аз болса, көрген- білгенді ісімен дәлелдейді.

Адал менен арамның, жақсы менен жаманның аражігін ажырата алатын парасатты ұрпақты тәрбиелеу – жарық дүниені сыйлаған ата-анасының ғана парызы. Демек, бала тәрбиесіндегі ең басты тұлғаға артылған міндет пен жүктелген жауапкершіліктің орны бөлек. Мұны тамыры терең тартқан біздің текті қазақ бағзы заманнан жіті түсініп, бала тәрбиесіне айрықша назар аударып келді. Ал бүгінде тағылымды да тәлімді сол қазақы тәрбиенің мәні кері кетіп, тым ұсақталып барады. Заманды сөккен жарамас. Заман адамымен жасайды. Турасын айтсақ, ішкілікке салынған, жеңіл жолға бой алдырған үлкендердің оғаш мінезі мен келеңсіз қылығынан ғана тұратын кетешек қоғамда келешек ұрпақ қалыптасып келеді қазір. Қитұрқы тірлік түртпектеп, туған перзенттеріне салақ қарап, тозығынан арыла алмай отқандарға бүтін бір қоғам наразы. Бұл өз кезегінде мемлекет жанашырларын қатты алаңдатып отыр. Мұндай қолайсыз жағдайдың бір бұрышында Мұғалжар ауданының  ата-аналары да тұр. Бұлардың дені ащы суға құмар ата-аналар. Салдарынан, бала-шағасы қараусыз, қарындары аш, киімдері олқы-солқы.Үйлерінен береке кеткендердің әшкере болған жүгенсіз әрекеттері жуырда арнайы комиссия отырысында талқыланды. Аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Ембі қалалық полиция бөлімінен түскен 4 материал балалардың құқықтарын қорғауға арналды. Күрмеулі мәселелерді ішкі істер қызметкерлері баяндады. Комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары қатысушыларға тиісті тапсырмалар берді.

-Шеттен шығып отқан ата-аналарды мұқият қарап, қадағалап отыру маңызды. Балалары мектепте оқитын болған соң, оның сана-сезіміне, мінез-құлқына кері әсерін тигізетін жағдай үйінде болып жатса да, оған мектеп пен жергілікті полиция жауап береді. Олар — ата-анадан кейінгі келесі тәрбие берушілер. Әр баланың психологиялық жағдайын үнемі тексеріп отыру шарт. Бір ауытқушылық байқалса, ондай оқушыны дереу бақылауға алу керек. Сондықтан, бала тәрбиесі мен оқу үлгеріміне жауап беретін әрбір маманға жұмыстарын жандандыруды тапсырамын, — деді аудан әкімінің орынбасары Ғалым Қобландин.

Отырыс барысында, өрімдей балаларына бас көз болар шақта керісінше безбүйректік танытқан ата-аналардың әрқайсысы қатаң жауапқа тартылды. Енді олар әрі қарай да құзіретті органдардың бақылауында болатын болды.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

КӨКТӨБЕДЕ ШАБЫНДЫҚ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕК

admin_mugalzhar

Ауылшаруашылығы министрі ақтөбелік шаруалармен кездесті

admin_mugalzhar

ЖАҒАБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.