«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Олжас Бектенов энергия тапшылығы мәселесін шешу үшін жаңа қуаттарды генерациялау мәселелері бойынша жиын өткізді

2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай Қазақстан энергиядан тапшылық көріп отырған елдер қатарынан шығады – Энергетика министрлігі

Премьер-министр Олжас Бектенов электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері бойынша жиын өткізді. Оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев, Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «Самұрық-Энерго» және «KEGOC» ұлттық энергетика компанияларының басшылары Қайрат Мақсұтов пен Нәби Айтжанов қатысты.

Жиында Энергетика министрлігі, «Самұрық-Энерго», KEGOC және энергия өндіруші ұйымдардың Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер шеңберінде жүргізіп жатқан ағымдағы инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа қуаттарды генерациялау жөніндегі жұмыстарының қарқыны қаралды.

Энергетика министрлігі ауқымды инвестициялық жоспарды жүзеге асырудың практикалық кезеңіне көшуде. Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 13 трлн теңгеден асатын және жалпы қуаты 15,3 ГВт болатын 81 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Іске қосылып жатқан жобалардың едәуір бөлігі электр қуаты нарығының тетігі арқылы жеке инвестицияларды тікелей тарту есебінен жүзеге асырылуда.

Ерлан Ақкенженов алдағы үш жылда негізінен реттеу қуатының тапшылығын жабуға және Бірыңғай энергетикалық жүйенің икемділігін арттыруға бағытталған маневрлі генерация сегментін іске қосу жоспарланып отырғанын баяндады.

Қазіргі жұмыс жүргізіліп жатқан нысандарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына қарай экономиканың электр энергиясына деген қажеттілігін толығымен жабуға және Қазақстанды энергиядан тапшылық көріп отырған елдер қатарынан шығаруға мүмкіндік береді. 2029 жылға қарай электр энергиясының да, реттеу қуатының да тұрақты профицитіне қол жеткізілмек, бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға жағдай туғызады, — деді энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Жалпы, 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам қуат өндіру көздері іске қосылатын болады.

Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов баяндама жасады.

Премьер-министр энергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде мерзімдерін кейінге ысыру практикасын сынға алды.

Президент энергетикада тиісті динамика жоқ екенін бірнеше мәрте айтып келеді.

Сондықтан, барлықтарыңыз барынша күш жұмылдыруларыңыз керек. Барлық жоспарланған жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асырылуы тиіс. Ешқандай үзілістер, ығысулар болмауы керек. Министр, «Самұрық-Энерго» және KEGOC басшылары, сіздер әрбір нысан үшін тікелей жауаптысыздар. Сіздердің жұмыс орындарыңыз – кабинеттерде емес, құрылыс алаңдарында, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы 124,6 млрд кВтсағ тұтыну деңгейінде электр энергиясын өндіру 123,1 млрд кВтсағ-қа жетті. Бір жыл ішінде жалпы белгіленген қуат 25,3 ГВт-тан 26,7 ГВт-қа дейін өсті. Генерацияның негізгі көздері бұрынғысынша көмір стансалары болып қала береді (51,4%), алайда газ генерациясының үлесі (25,6%) мен ЖЭК (13,5%) те өсуде.

Соңғы екі жылда нарықты ырықтандыру нәтижесінде күрделі жөндеуге 902 млрд теңге тартылды, бұл технологиялық ереже бұзу санын 27%-ға төмендетуге және 9 ЖЭО-ны «қызыл» аймақтан шығаруға мүмкіндік берді. Бұл ретте компаниялардың иелеріне дивиденд төленген жоқ. Барлық қаражат тек қана станса жабдықтарын реконструкциялауға және жаңартуға кері инвестициялануда. Бұл активтерді жаңарту жобаларының пулын арттыруға және генерация секторына нақты капиталдың келуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде таза көмір технологиялары негізінде көмір генерациясын дамыту перспективалары қаралды. Бүгінгі таңда мердігерлер анықталып, стратегиялық маңызды нысандарды жүзеге асыру басталды. Олардың қатарында Екібастұз ГРЭС-3 (2 640 МВт), Курчатов қаласындағы жаңа станса (700 МВт), сондай-ақ Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларындағы жылу электр орталықтары бар.

Желілік инфрақұрылымды дамытуға қатысты «KEGOC» АҚ-ның Оңтүстік аймақ желісін күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде, яғни ұзындығы 475 шақырым «Шу – Жамбыл – Шымкент» (500 кВ) әуе электр тарату желісі тартылуда. Сондай-ақ ұзындығы 604,3 шақырым болатын «Өлке – Қарабатан» (500 кВ) әуе желісін салуды көздейтін Батыс Қазақстан энергожүйесін ЕЭҚ елдерімен біріктіру жобасы жүзеге асырылуда. Екі жоба да кестеге сәйкес жүргізілуде, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Компания 2035 жылға дейінгі ұзақмерзімді перспективада 6 659 шақырым жаңа 220-500 кВ желісін іске қосуды және 10 591 шақырым желіні реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда ұлттық электр желісіне 83 қосалқы станса мен жалпы ұзындығы 27,9 мың шақырым болатын 398 әуе желісі кіреді, трансформаторлардың жалпы қуаты – 38 893,6 МВА.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның жобалар портфелінде 2035 жылға дейін жаңа қуаттарды іске қосу жоспары 7,4 ГВт-ты құрайды. Негізгі жобалардың қатарында 2026 жылдың қазан айында іске қосылатын Алматы ЖЭО-2-ны жаңғырту, сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-2 стансасын 2028 жылдың қазан айында 3-ші блогын және 2030 жылдың қазан айында 4-ші блогын іске қоса отырып, кеңейту және реконструкциялау жұмыстары бар.

@KZgovernment

Ұқсас ақпараттар

АУДАН МУЗЕЙІ ҮШТІКТЕН КӨРІНДІ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР: 2022 ЖЫЛЫ НЕ ІСТЕЛДІ?

admin_mugalzhar

Қыркүйек айынан бастап шәкіртақы өседі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.