«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАЗАЛЫҚ ПЕН ЖЫЛУЛЫҚТЫҢ ИЕСІ

Қалың қар жамылған Қаракөл ауылының таңғы тіршілігі ерте басталады. Ақ ұлпаға батқан көшені баяу басып, әкімдікке бет алған Мәрия Елеусізова діттеген жеріне жеткесін күндегі әдетінше ең алдымен от жағып, ғимаратты жылытады. Қыстың қақаған суығында мекемедегі пештің қызуы мен жанға жайлы тазалық – мекеме қызметкерлері үшін де, ауылдың тыныс-тіршілігі үшін де маңызды. Еден жуып, шаң сүртіп, ғимаратты ретке келтіріп жүрген оның қарапайым еңбегінің артында үлкен жауапкершілік пен адалдық жатыр. Бұл – ауылдағы күнделікті тұрмыстың бір көрінісі, маңдай термен нәпақа тауып жүрген еңбек адамының шынайы бейнесі…
«Еңбек адамы» айдарымыздың бүгінгі кейіпкері — Қаракөл ауылдық округі әкімдігі ғимаратында кіші қызметкер болып еңбек етіп жүрген Мәрия Елеусізова 1980 жылы аудандағы Ақсу ауылында дүниеге келген. — 11 сыныпты бітіргеннен кейін әрі қарай оқи алмадым, отбасылық жағдайға байланысты оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады. 2000 жылы тұрмысқа шығып, екі қыз, бір ұл тәрбиеледім. 2015 жылы жолдасым қайтыс болды. Сол күннен бастап балаларымды өзім ғана өсіріп келемін. Бүгінде үлкен қызым Индира тұрмыста, ұлым Батырбек Астана қаласында оқуда, кіші қызым ауылда 7-сыныпта оқып жүр, — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Еңбек жолын 2016 жылы ақылы қоғамдық жұмыстан бастаған ол 2017 жылы Қаракөл ауылдық округі әкімдігі аппаратына тазалықшы болып тұрақты жұмысқа орналасып, содан бері осы мекеменің тазалығына жауап беріп келеді. Жұмысы көзге көріне бермейтін, бірақ мекеменің күнделікті қалыпты тіршілігі үшін аса маңызды еңбек.
-Қысты күні ең алдымен пешке от жағамыз. Ғимарат жылымай, жұмыс та жүрмейді. Кейін барлық бөлмелердің еденін жуып, шаңын сүртіп, дәліздерді, баспалдақтарды ретке келтіремін. Келген адамдарға таза, жылы орта болғанын қалаймын, — дейді өзі.
Ауылдағы кеңсе болған соң қыстың қақаған суығында көмір тасу, күл шығару, қар күреу де оның күнделікті міндетінің бір бөлігі.
— Кейде боранда, қалың қарда жұмысқа жетудің өзі оңай емес. Бірақ жұмысыма уақытында келуге тырысамын. Өйткені мекемеде жылу да, тазалық та менің еңбегіме байланысты, — дейді Мәрия Зейнуллақызы.
Оның сөзінше ауылдағы жұмыс қалаға қарағанда қиындау. Бірақ қандай еңбек болса да, адал атқарсаң, оның берері мол екенін айтады. Еңбектен алған қуа-ныш оның өмірлік ұстанымына айналған. Ал еңбек адамының ең үлкен тілегі қарапайым жұмысшының еңбегі еленіп, бағалануы.
-Еңбегіңнің нәтижесін көргенде, өзіңді керексіз сезінбейсің. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Адал, таза еңбек етсең, наның тәтті болады. Қандай жұмыс істесең де, оны жауапкершілікпен орындау керек, — деп түйіндеді ол сөзін.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» — МАМАНДАРҒА МҮМКІНДІК

admin_mugalzhar

Қазақстанда 22 градусқа дейін аяз күтілуде

admin_mugalzhar

АНАМ РОЗА СҮЙІНШАЛИНА АУДАН ЖУРНАЛИСТИКАСЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.