2026 жылдың 15 наурызында «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал бойынша республикалық референдум өтеді.
Референдумда әрбір қазақстандық жеке дауыс береді. Бюллетень жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде референдумда дауыс беруге құқылы азаматтар тізімі негізінде беріледі. Содан кейін Сіз бюллетеньді алғаныңыз туралы тізімге қол қоясыз.
Бюллетень жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырылады. Бюллетеньде Сіз өзіңіз жақтап дауыс беретін жауап нұсқасының оң жағындағы бос шаршыға кез келген белгі қоясыз. Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сондай-ақ оған қандай да бір түзету енгізуге болмайды. Толтырылған бюллетеньді дауыс беру жәшігіне саласыз.
Әрқайсысымыздың дауысымыз маңызды!
Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы.
***
«ЕСЕПТЕН ШЫҒАРУ КУӘЛІГІ»
2026 жылдың 15 наурызында республикалық референдум өтеді.
2026 жылғы 27 ақпаннан бастап Сізге өз учаскеңізде референдумға қатысуға құқылы азаматтардың тізімінде өзіңіз туралы деректерді тексеру мүмкіндігі берілетін болады.
Қандай да бір өзгерістер енгізу қажет болса Cіз дереу учаскелік референдум комиссиясына өтінішпен жүгіне аласыз. Егер азамат өзінің болатын жерін өзгертсе, ол 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап, 14 наурыз күнгі сағат 18.00-ге дейін учаскелік референдум комиссиясына өтініштің негізінде есептен шығару куәлігін алуға құқылы. Есептен шығару куәлігін сенімхат негізінде алуға рұқсат етіледі.
Есептен шығару куәлігін ұсынған кезде учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру күні азаматты оның болатын жері бойынша учаскедегі тізімге енгізеді. Бір елді мекеннің шегіндегі басқа учаскеде дауыс бергісі келетін азаматтарға есептен шығару куәлігі берілмейді.
Әрқайсысымыздың дауысымыз маңызды!
Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы.

