«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚЫЗЫҚТЫҢ БӘРІ — ЛАГЕРЬДЕ

Оқу жылы аяқталысымен жазғы демалыстарын сағына күтетін оқушылар жазғы лагерьге асығады. Олар лагерьлерде демалып қана қоймай, тамаша табиғат аясында серуен құрып, дүниетанымдарын дамытып, түрлі спорттық шараларға қатысып, көптеген дос табады. Жазғы лагерьдің қызығы да осы. Соңғы екі жылдықта коронавирус инфекциясына байланысты аудан аумағындағы лагерьлер жұмысын уақытша тоқтатқан еді. Биыл аудандық лагерьлер балаларды қабылдап, жұмыстарын қайта жандандыруда. Осы жылы аудан бойынша 400 бала жазғы демалыстарын лагерьлерде өткізе алады. Айта кетейік, оның көпшілігі тұрмысы төмен отбасы балалары.

АУДАН АУМАҒЫНДА: 3 ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ ЖӘНЕ 35 МЕКТЕП ЖАНЫНДАҒЫ КҮНДІЗГІ ЛАГЕРЬ
Аудандық білім бөлімінің мамандары берген мәліметке сүйенсек, бүгінде балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында ауданда 3 лагерь жұмыс жасауда. Олар — Ақкемер ауылдық округіне қарасты «Жарық» шатырлы лагері, Еңбек ауылдық округіндегі Сағашилі мектеп-интернатындағы «Арай» лагері, Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округтегі А.Жұбанов атындағы мектеп-интернатындағы «Балдаурен» лагері.
— Аталған лагерьлердің жұмысы 13 маусым күні басталды. Демалыс орындары 5 ауысыммен жасайды. Бүгінгі таңда үшінші ауысымда балалар демалып, уақыттарын қызықтыөткізуде. Лагерьжұмысы 8 шілдеге дейін жалғасады. Аудан бойынша жалпы саны 400 баланы лагерьмен қамтуды жоспарлап отырмыз. Лагерьге оқушылар атааналарының өтініші мен санитарлық-эпидемиологиялық бөлім мамандарының берген қорытындысымен қабылданады. Әр лагерьде балаларға жауапты тәрбиешілер жұмыс жасауды, — деді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Медет Шарипов.
Аудандық білім бөлімі маманының айтуынша, лагерь қызметкерлері балалардың жазғы демалысын көңілді өткізуге, бекітілген жоспар бойынша аудан аумағындағы тарихи жерлерге экскурсиялар ұйымдастырады. Спорттық шаралар өткізіп, жан-жақты дамуына, балалардыкезкелгенортадаеркінұстап, қабілетін шыңдауға мүмкіндік жасайды. Бұл лагерьлерге бірінші кезекте аудан аумағындағыатаулыкөмекалатын, төтеншежағдайға тап болған отбасылардың балалары және жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалары қамтылады.
— Лагерьде демалатын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аудандық білім бөлімі тарапынан аудандық ішкі істер бөліміне, төтенше жағдайлар бөліміне, аудандық аурухана мен санитариялық-эпидемиологиялық басқарамасына хат жазылды. Олар хатты негізге ала отырып, балалардың қауіпсіздігін қадағалайды, — деді ол. Сонымен қатар маусым айында аудандағы 35 мектепте мектеп жанындағы күндізгі лагерьлердің жұмыс жасағанын, ол жерлерде 1-4 сыныпта оқитын 5487 оқушы уақыттарын тиімді өткізгенін жеткізді. Оның айтуынша, мектеп ауласында түрлі спорттық, интелектуалдық ойындар ұйымдастырылып, танымдық сабақтар өткізілген. Қалаішілік түрі саяхаттар ұйымдастырылған.
Айта кету керек, атаулы көмек алатын, төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балалары және жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар шілде-тамыз айларында ауданнан тыс лагерьлерде де демала алады. Үздік оқып, республикалық деңгейде түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген оқушылардың республикалық «Балдәурен — Түркістан», «Балдаурен — Щучинск» лагерьлеріне барып тынығуларына мүмкіндіктері бар. Ал мүгедектігі бар балаларға ауданда лагерьлер қарастырылмаған. Оның себебін білім бөлімінің маманы республикадан да, облыстан да сұраныстың жоқтығымен түсіндірді.

ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬГЕ 400 БАЛА ЖОЛДАНАДЫ
Осы жазда Сағашилі орта мектебінің базасында ұйымдастырылған «Арай» лагерінде 200 оқушы демалады. Бір ауысымда 40 бала тынығады. Мектеп директоры Қайрат Сәрсенбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда лагерьде үшінші ауысымның балалары тынығуда. Бір ауысымның ұзақтығы — 5 күн. Осы аралықта балалар табиғат аясында серуендеп, тарихи жерлерге саяхат жасап, түрлі спорттық шараларға қатысып, өздерін жан-жақты дамытады.
— Лагерьде бір ауысымда 9-14 аралығында 40 бала демалады. Балалар демалыс орнына дүйсенбіде келіп, жұмаға дейін болады. Ал сенбі күні залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде өрт сөндіру, санитариялық мамандардан арнайы рұқсат қағаздарын алып, талапқа сай жұмыс жасаудамыз. Балалар төсек орнымен, спорттық ойындарға қажетті құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Таңнан бастап жасөспірімдердің лагерьдегі қайнаған өмірлері басталады. Бекітілген күн тәртібі бойынша балалар 5 мезгіл тамақтанады, — деді ол.
Ал Қаракөл ауылында орналасқан А.Жұбанов атындағы мектеп-интернатындағы «Балдаурен» лагерінде 100 оқушының демалуы жоспарланған. Аталған лагерьге балалар Ембі қаласынан, Мұғалжар, Жұрын, Құмсай, Бұлақты, Ащысай ауылдарынан келеді. Мектеп директоры Гүлжанат Жақсыбаева демалушы балаларға толыққанды жағдайдың жасалғанын жеткізді. Оның сөзінше, балалар күніне 5 мәрте тамақтанады. Асхана мәзірінде дәрумендерге байытылған тағамдар бар. Лагерь медбикесі берілетін тамақтарды талапқа сай қадағалап отырады.
— «Балдәурен» лагері бір ауысымда 20 баланы қабылдайды. Балалардың уақытын тиімді әрі қызықты етіп өткізу үшін бұл жерде жалпы саны 10 тәрбиеші жұмыс жасауда. Олар балалардың әр уақытын жоспарлап, күн тәртібі бойынша Орқаш шатқалындағы қарағайлықайыңды орманына саяхатқа шығарып, тылсым табиғат аясында серуендетеді. Жаңатұрмыс ауылындағы қайта қалпына келтірілген тарихи орын саналатын «Қуан құдығына» апарып, ауданымыздың мақтаныштары Жұбановтардың өмір дерегімен таныстырады. Балалар жылына орай, демалушылар арасында мерекелік концерт ұйымдастырып, білімділер мен өнерлілер арасында түрлі жарыстар өткізеді. Сонымен қатар балалар «Ойлан, қимылда, іске асыр» тақырыбында спорттық, тапқырлық ойын түрлері ұйымдастырылып, өзара жарысады, — деді мектеп директоры Гүлжанат Шамилқызы.
Сондай-ақ аталған лагерьде әлеуметтік педагог, кітапханашы, психологтар балалармен жұмыс жасайды. Психолог психологиялық тренингтер ұйымдастырса, кітапханашы «Оқуға құштар мектеп» жобасын толыққанды түсіндіріп, ауыл кітапханасында кітаптар қорымен таныстырылым өткізеді. «Жарық» шатырлы лагерінде демалатын оқушылар бес күн бойы табиғатпен етене жақын болады. Лагерьде 5-7 сынып аралығындағы 100 оқушының жазғы демалысын қызықты етіп өткізу жоспарланған. Жоспарға сәйкес демалушылар тарихи тұлғалар Есет Көтібарұлы, Тама Есет батыр кесенелеріне, Жаңатұрмыс елді мекеніндегі «Қуан ата құдығына» экскурсияға шығып, рухани-танымдық тың деректермен танысады.
— Оқушылар тарихи жерлерді тамашалап, қызықты саяхат жасауы үшін аудандық білім бөлімі автобус ұйымдастырып отыр. Демалушылар арасында спорттық іс-шаралар, футбол, волейбол, командалық дойбы, теннис, эстафеталық ойындар өткіземіз. Сонымен қатар бекітілген тәрбиешілер «Лагерь аруы», «Жігіт сұлтаны» секілді танымдық байқаулар ұйымдастырады. Жалпы лагерьдің жұмыс барысы әр күн сайын қызғылықты шаралармен ұштасыпжатады. Оқушылармұндашығармашылықтарын да шыңдай алады. Балалар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отыра, 5 мезгіл тамақтанады. Әр ауысымда 25 бала демалады. Ер балалар мен қыз балалардың шатыры бөлек құрылған, — деді Жарық негізі ортамектебінің директоры Дастан Ахмет.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

DARA BALA ДАНА БАЛА ҚЫЛА МА?..

admin_mugalzhar

ЖӘРМЕҢКЕ: 10 ЖАС ЖОЛДАМА АЛДЫ

admin_mugalzhar

МАЛ БАҚҚАНҒА ЖОҚТЫҚ ЖОҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.