«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ермек Әбдірасулов, заң ғылымдарының докторы: «Жаңа Конституция — құқықтық мемлекеттің кепілі»

Қазақстанда 2022 жылдан басталған конституциялық реформалар жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, мемлекеттің әрі қоғамның жаңғыруына жаңа серпін берді, ал ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасы – сол өзгерістердің логикалық жалғасы әрі оларды заңдық тұрғыдан бекітетін шешуші қадам болып отыр. Бұл пікірді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасулов білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Профессордың айтуынша, мемлекетті жаңғырту тек жеке түзетулермен шектелмей, билік жүйесінің құрылымы, халық өкілдігі және құқықтық механизмдердің кешенді түрде қайта қаралуын талап етеді. Сондықтан жаңа Конституция жобасы билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтып, құқықтық жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ, Ермек Әбдірасулов бірпалаталы Құрылтайға көшу мен Халық Кеңесін құруды заман талаптарына сай, тарихи дәстүрлермен сабақтасқан маңызды институционалдық қадам ретінде бағалады. Бұл өзгерістер азаматтардың өкілдігін күшейтіп, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жобада адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге басымдық берілген.
«Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, заңның кері күшіне тыйым салу, адвокатураның конституциялық мәртебесін бекіту – құқықтық әрі демократиялық мемлекетті қалыптастырудың берік негізі», деп атап өтті профессор.
Осылайша жаңа жоба азаматқа бағдарланған және құқық қорғаудың кепілдіктерін қамтамасыз ететінін баса айтты. Сарапшының пікірінше, қазіргі кезеңде сыртқы қауіп-қатерлердің күшеюі, цифрландыру, энергия ресурстары үшін жаһандық бәсеке және халықаралық қатынастардың жаңа форматы мемлекеттік басқаруды жетілдіруді қажет етеді. Сол себепті жаңа Конституцияда ұлттық бірегейлікті сақтау, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету және билік институттарының өкілеттіктерін нақтылау басты мақсат ретінде белгіленген.

Жоба еркіндік, теңдік, әділдік, Заң мен Тәртіп қағидаттарына негізделген, сонымен бірге цифрлық құқықтарды қорғау, дербес деректер қауіпсіздігі және жаңа технологиялар жағдайындағы құқықтық кепілдіктерді қарастырады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтеді, сонымен қатар елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, экономикалық және әлеуметтік дамуды қолдайды.
«Әр азамат өз құқықтарын жүзеге асыру барысында басқа адамдардың заңды мүдделеріне зиян келтірмеуі тиіс. Бұл — құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаты. Жаңа Конституция азаматқа бағдарланған модельді ұсынады және қоғам мен мемлекеттің барлық қатысушыларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған», деп түйіндеді Ермек Әбдірасулов.
Айта кетейік, Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды, ал сарапшылардың пікірінше, бұл құжат елдің тұрақтылығы мен ұзақ мерзімді дамуына құқықтық кепіл болмақ.

Ұқсас ақпараттар

ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ АҚЫ ТӨЛЕУДІҢ БІРЫҢҒАЙ ЖҮЙЕСІН (МКАБЖ) ЕНГІЗУ БАСТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

admin_mugalzhar

Қазақстандағы мектептерде 7 және 9 мамырға арналған жиын өтпейді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.