Жаңа Конституцияның маңызы мен оның қоғам өміріне ықпалы қандай?
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының академиялық қызмет жөніндегі вице-ректоры Эльмира Оразалиева жаңа Конституцияда адами капиталдың маңызы ерекше айқындалғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, еліміздің Ата Заңы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты құндылықтардың бірі ретінде қарастырады. Алайда жаңа редакциядағы Конституция мәтінін талдай отырып, оның қоғам дамуының жаңа кезеңіне сәйкес келетін мазмұнға ие болғанын байқауға болады.
Эльмира Оразалиеваның сөзінше, Конституцияда адами капитал стратегиялық мақсат ретінде айқындалуы – мемлекет дамуының негізгі бағытын көрсетеді.
Шын мәнінде Ата Заңымыз – Конституцияда адам, адамның бостандығы, құқығы ұғымының өзі тарихи негізде алып қарасақ, 1995 жылы негізделіп енгізілді. Бірақ қазіргі жаңа Конституцияның мәтінімен таныса отырып, біз оның жаңа белеске, жаңа кеңістікке көтерілгенін көре аламыз. Өйткені 3-бабында білім, ғылым, инновациямен қатар, адами капитал – бұл стратегиялық мақсат ретінде белгіленіп отыр. Яғни мемлекеттің алдына қойған үлкен стратегиялық міндеттемелерінің шешуші бағыты ретінде қарастырылады. Әрине, ҚР Конституцияға сәйкес, құқықтық, зайырлы және демократиялық дейтін болсақ, сонымен қоса ол әлеуметтік мемлекеттік ретінде орнығып отыр. Сондықтан адами капитал ретінде қолданысы, оның маңыздылығы, құндылығы ең алдымен осындай әлеуметтік және экономикалық мақсаттарда қойылған мақсат-міндеттермен анықталады. Егер Конституциямен танысатын болсақ, ең алдымен халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалы деген мәселемен қарасақ, адамның еңбек құқығы, кез келген адам еңбек етуге, еркін еңбекті таңдауға, сол бағытта өзінің еңбек ұзақтығын сақтау мәселесі қамтылған, — деп атап өтті вице-ректор.
Спикердің пікірінше, Конституцияда әлеуметтік-экономикалық құқықтардың нақты көрсетілуі қоғамның тұрақты дамуына негіз болады.
Екіншіден, экономикалық мәселелер тоғысында біз қазіргі қоғамда кәсіпкерлік мәселесін алдыңғы бір экономикалық бірлік ретінде, қаржылық мәселелерді шешудің көзі ретінде қарастырамыз. Бүгінгі күні монополиялардың орны кәсіпкерлікпен бір-бірімен сабақтастыратын, бірақ кейде қиындау тұстары бар. Сол үшін монополиялық тұстарды мемлекеттік деңгейде реттеудің Конституцияға енгізілуі және кәсіпкерлік құқықтың қорғалуы, оған мемлекет тарапынан кепілдік берілуі – сол адами капиталдық құндылығын дәлелдейді, — дейді Эльмира Оразалиева.
Сонымен қатар ол жалақы мен зейнетақы мәселелерінің де Конституцияда көрініс табуы әлеуметтік мемлекет қағидаттарын айқындай түсетінін атап өтті.
Жалақымен қатар, зейнетақы мәселесінің де енгізілуі – әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тоғысында анықталып отыр. Бұлардың барлығы Конституцияның өміршеңдігін, маңыздылығын дәлелдейді, — дейді ол.
Эльмира Оразалиеваның айтуынша, жаңа Конституциядағы нормалар адам құқығын қорғауды ғана емес, сонымен бірге қоғамның әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ететін маңызды құндылықтарды айқындайды.

