Еліміздегі маңызды саяси құжаттың бірі — жаңа Конституция жобасын халыққа кеңінен түсіндіру мақсатында облыстағы түрлі еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылуда. Сондай іс-шараның бірі «Aqtobe-su-energy-group» компаниясында да өтті.
Кездесуге өңірлік коалиция мүшелері Журналистер одағының облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин, облыс мәслихатының депутаты Бану Тілегенова, қала мәслихатының депуттары Абай Сақтағанов, Амантай Үмбетай мен тарихшы Естай Жайлыбаев қатысып, кәсіпорын қызметкерлерімен пікір алмасты.
Басқосу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыты, оның ел дамуына қосар үлесі, сондай-ақ азаматтардың құқығы мен міндеттерін жетілдірудегі маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Жиында Раукен Отыншин адам құқықтары мен міндеттері жайлы айтты:
— Жаңа Конституция 96 баптан және 11 бөлімнен тұрады. Сол баптардың 12-ден 40-қа дейінгісі адам құқықтары, бостандықтары мен міндеттерін қамтиды. Бұл жаңа Конституцияның үштен бір бөлігін құрайды. Еңбек адамдарының құқықтары да ескерілген. Конституцияның басты қағидасы — адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін. Сонымен қатар жаңа заң бойынша әрбір адамның жеке өміріне, жеке мүлкіне, құпия ақпаратына ешкім заңсыз араласа алмайды, — деді Р. Отыншин.
Ал тарихшы Естай Жайлыбаев Конституцияның маңызына тоқталды.
— «Конституция» сөзі латын тілінен шыққан және «құрылу» деген ұғымды білдіреді. Ол елдің саяси және құқықтық негізін айқындайды, әр бап басқа заңдарға негіз болады. Конституцияға өзгеріс тек референдум өткізу арқылы енгізіледі.Өткен кезеңді еске алсақ, 1995 жылы облыста 360 мыңнан аз адам тұрды, тұрғындардың 10 пайызы ғана газбен қамтамасыз етілген еді. Қазір облыста 950 мыңнан астам адам тұрады, халықтың 95 пайыздан астамы газбен және ауызсумен қамтамасыз етілген. Сол себепті қоғам дамуының тарихи жолын бағалау маңызды. Ал тіл мәселесіне тоқталсақ, бұрын Ақтөбеде 32 мектеп болса, соның ішінде біреуі ғана қазақ мектебі болатын. Ал қазір қаладағы 190 мың оқушының 150 мыңы қазақ тілінде білім алады. Конституция әрбір азаматтың ана тілін сақтау құқығын қорғайды. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесі әрқашан жоғары. Сондай-ақ Конституцияда Қазақстанның территориясы, шекарасы және валютасы туралы нақты жазылған. Қоғамдағы түрлі кереғар пікірлерге жол бермеу керек. Бұл қағидалар ертеңгі күні қабылданатын заңдарға негіз болады, — деді тарихшы.
Кездесу соңында колация мүшелері жиынға қатысушыларға бекітілген учаскелерге барып, азаматтық позициямен дауыс беруге шақырды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

