ТІЛЕКШІ КУЗЕНОВА ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІН ДАМЫТЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ЗАМАНАУИ СТИЛЬГЕ БЕЙІМДЕП ЖҮРГЕН ЖАС ШЕБЕР. КІШКЕНТАЙЫНАН АНАСЫНЫҢ ЫҚПАЛЫМЕН ТІГІНШІЛІКТІ МЕҢГЕРГЕН ОЛ: «ІСМЕРЛІК АНАМНЫҢ ҚАНЫМЕН БЕРІЛГЕН», – ДЕЙДІ.
Шағын шеберханасын ұядай етіп, безендіріп қойған Тілекшінің өзінен аса бір тиянақтылық байқалады. Қабырғаларында ілінген ұлттық салтдәстүрлер туралы көрнекіліктер оның ұлттық құндылықты құрмет тұтатынын көрсетіп-ақ тұр. Ал сөрелерде тұрған пішу формалары, түрлі-түсті жіптер, ою үлгілері және өз қолымен жасалған бұйымдар – моншақталған тақиялар, оюмен көмкерілген сөмкелер – көздің жауын алады. Әр бұйымда шебердің шығармашылығы мен дәстүрге деген құрметі айқын көрі-неді. Бұған дейін мектепте биология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған Тілекші бүгінде бала күтіміне байланысты демалыста. Бөпелі болғаннан кейін, ісмерлікке бет бұрып, түрлі тігіншілік курстар арқылы білім жинап, ұлттық киімдерді заманауи стильмен үйлестіріп, күнделікті киіп жүруге ыңғайлап тігуді қолға алған.
—Бойымдағы шеберліктің іргетасын анам қалыптастырды. Осыны дамыту мақсатында көп іздендім десем болады. Декреттік демалыста отырған кез келген ананың бір нәрсемен айналысқысы келеді емес пе?! Мен де сол секілді осы мүмкіндікті пайдаланып, кішкентай кезімнен көріп өскен, жаныма жақын істі бастап кеттім. Тігіншілікке қатысты ақылы курстар сатып алып, үйреніп, түрлі бұйымдар тігіп бастадым. Жолдасым бұл бастамамды қолдап, маған мотивация берді, – деген жас шебер бізге өзінің тапсырысқа тігіп жатқан заманауи қазақша кәжекейін көрсетті.
Бұл кәжекейлер джинсы материалынан күнделікті киюге арналып тігіліпті. Ал үстіне тоқыма жібінен ою бастырылған. Бейне бір «тышқан ізімен» кестеленген ұқсайды. Тілекшінің тағы бір тігіп жатқан дүниесі қыз жасауына кіретін көрпелерді көзіміз шалды. Бұл көрпелерге петроглифтерден хабар беретін этно өрнектер салыныпты. Ал қазақы оюмен көмкерілген стильді сөмкелері кез келген образға сән берері анық. Бұл бұйымдарға қарап, жас шебердің ескіні жаңғыртып, өзгеше стиль қалыптастырып, жаңашылдыққа бет бұрғанын анық байқауға болады.
—Бүгінде елімізде мүйізі қарағайдай мықты этно-дизайнерлер бар. Сол кісілердің жұмыстарын көп қараймын. Киім тігу барысында солардың қолтаңбасын аламын, бірақ авторлық құқықты сақтауға тырысамын. Мен әлеуметтік желіде белсендімін, себебі маған тұтынушылар сол жақтан келеді. Тікелей эфирге шығып, енді кәсіп бастап жүрген шеберлерге тігу техникасын үйретемін. Болашақта тігіншілік курсын сатуды, тігін цехын ұлғайтып және ұлттық киімдер тігуді, өз брендімді қалыптастырғым келеді, – деді ол.
Бұл жас шебердің еңбегі ұлттық құндылықты насихаттаумен қатар, кәсіби дамуға да үлгі. Оның шеберханасынан шыққан әр бұйым – тек өнер ғана емес, тарих пен дәстүрдің жалғасы іспеттес. Мұндай жанашыр шеберлердің арқасында қазақ қолөнері ұрпақтан ұрпаққа аманат болып жетері анық.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

