«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КИІЗ БАСУ ӨНЕРІН АМАНАТТАҒАН ЖАНБӨПЕ ӘЖЕЙ

Осыдан біраз уақыт бұрын Ақкемер ауылына іссапармен барған сәтімде сол ауылда тұратын Жанбөпе СЫРҒАБЕКОВА әжейдің киіз басу өнеріне куә болған едім. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталатын Наурыз тойы қарсаңында кенже қалған киіз басу өнерін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, қыз-келіндеріне аманаттап жүрген Жанбөпе әжеймен болған шеберлік сағатынан сыр тарқатқанды жөн көрдік. Сонымен…
Ол кезде жасы сексеннен асқан Жанбөпе әжейдің жүрісіширақ, адымы алшаң болатын. Киіз басуға қажетті барлық дүниелерді дайындап, қыз-келіндерін жинап, сақадай сай отыр екен. Есік алдындағы жаз үйге қойдың күземжүнін сабап, суын қайнатып, шиін әзірлеп қойыпты. Бізді көріп, әңгімесін былай бастады.
Бүгінде киізді қажет ететін ұрпақ аз деуге болады. Бірі – өзіміздің балаларымыз. Шаңжинайды деп пайдаланудан бас тартады. Сонда да соңымнан ерген балаларыма шамам келгенше үйретіп келемін. Оларды еңбекке баулып, дәстүрімізді ұмытпауға тәрбиелеп жүрмін. Киіздің пайдасыз кезі болмайды. Бүгінде түрлі елдерден келген жібек кілемдер де оны алмастыра алмайды. Ата-бабамыз киізді баспанасына жауып, басына сая етіп, еденіне төсеніш, үстіне киім қылып киді. Өлісін арулап, тірісіне сән-салтанатетіпкөрсетіп, сыйлыққа берді. Тіпті халқымыз тарихтағы хандарын да ақ киізге отырғызып, хан еткен ғой, — деді Жанбөпе Сырғабекова.

Киіз басу айтуға оңай болғанмен, оңай орындала салатын іс емес. Оған қолдың күшімен қатар ептілікпен шыдамдылықты қажет ететін машақаты көп жұмыс. Ауа райы да ыңғайлы, жылы болуы қажет. Жанбөпе әженің айтуынша, киіз басу үшін негізінен қойдың күзем жүні таңдап алынады. Ол үшін қойды өзен суына тоғытып алып, жүні тазарған соң қырқады. Қырқылған жүн іріктеліп алынып, сабауға жіберіледі. Ол үшін арнайы түзу талдан сабау дайындап алу керек. Жүнді сабау тек ұру дегенді білдірмейді. Оның да әдісі бар. Сабаумен жүнді қопсыта ұрғанда, шаң-тозаңнан айырып, ұйысқан жері жазылып, үлпілдеп шыға келеді. Міне, сол кезде ол жүн киіз басуға дайын болады. Қолөнер шеберінің айтуымен жиналған келіншектер ши үстіне сабалған күзем жүнді шабақтап, тегістеп шықты. Оның үстіне қайнап тұрған суды себелеп «булап», тез арада шимен орап, «ырғау» әдісін жасады. Бұл жүннің басын біріктіретін маңызды әрекет көрінеді.
-Бұрын киіз басу кішігірім той іспетті өтетін. Ауылдың қыз-келіншектері мен апа-әжелері асарлатып, белсене кірісетін. Қазан қазан су қайнатып, келіндер жағы үлкен қазанға ет асып, апа-әжелер өлең айтып, өздерінің жақсы көңіл-күйлерімен жасайтын. Киіз басу ауыл тұрғындарын ынтымақ пен бірлікке шақыратын керемет дәстүр болатын. Мұндайда барлығы да бір үйдің баласындай қызмет етуші еді. Киіз басқан жерге ер адамды кіргізбейтінбіз. Себебі үлкендер «киіздің басы бірікпей қалады» деп ырымдайтын, — дейді әжей.
Ыстық буымен балбырап жатқан киізді қатарласа отырған киізшілер шидің үстінде көлденең жатқан киізді өздеріне қарай жұлқа тартып алып, білегімен ұрып, аяққа салыпбасты. Білектеліп болған киізді ұзыннан екі қабаттап бүктеп, оның екі басын бір-біріне түйістіре жіппен көктеп, қарп уәдісін пайдаланып, киіздің ұзындығын шығарды. Киіз басудың кәнігі шебері болған Жанбөпе Сырғабекқызы киіз басудың дәстүрлі технологиясы — сабау, шабақтау, булау, ырғау, білектеу, қарпу секілді әдістерінің барлығын көрсетті.
Мен текеметтеріме қошқар мүйіз, сынық мүйіз сынды оюларды саламын. Кейде балаларымның атын жазып сәндеймін. Қазір солардың кейбірі бар, бірақ басым бөлігі ескіріп қалды. Үйдегі киіздерімді жинап қойдым, — деді ол.
Киіз басу барысында әңгімені әріден бастаған Жанбөпе әжей өзінің балалық шағын еске алды. Балалық шағы соғыс кезеңдерімен тұспатұс келіп, қиындықтардың көп болғанын, өзінің Арал өңірінде туып-өскенін, он жылдық мектепті бітірген соң балық өңдейтін зауытқа оқуға түскенін айтты. Еңбекке ерте араласқан қолөнер шебері ісмерлікке анасының ықпалының зор болғанын жеткіз-ді.

Анам үнемі «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» деп айтып отыратын. Ол бізге тек киіз басуды ғана емес, тоқыма мен кесте тоқуды, киім тігуді және құрақ құраудың қыр-сырын үйретті. Одан жаман болған жоқпыз. Келін болып түскен уақыттада анамыздан көрген тәрбиеміздің арқасында қиындық көрмедік, — деп әңгімесін отбасы жағдайына бұрды. Ол отбасылық жағдайы мен денсаулығына байланысты 1993 жылы Қандыағаш қаласына қоныс аударған. Осында көшіп келгеннен кейін бір жарым жыл өткен соң отбасының тірегі, өмірлік жары жүрек талмасынан қайтыс болады.
Өзі көп үндемейтін, тұйық адам болатын. Оған өзге өңірге үйреніп, сіңісіп кету қиын болды. Қолынан барлығы келетін, темірден түйін түйген шебер кісі еді. Жеті баланы дүниеге әкеліп, оларғашамамыз келгенше тәлім-тәрбие беріп, оқытып, еңбекке баулыдық. «Орны бар оңалар» деген халқымыз. Шүкір, бүгінде жұбайым көрмеген қызықты мен көріп жүрмін. Бүгінде 20 немере, 34 шөбере көріп отырмын, — деді Жанбөпе Сырғабекова.
Біздің кейіпкеріміз киіз басу өнерімен қатар алаша мен ши де тоқиды. Ол облыста өткен аудан күндері кезінде ши тоқудан шеберлік сағатын өткізіп, аудан әкімінің марапатына бірнеше мәрте ие болған.
Мен құрақ көрпенің түртүрін жасаймын. Құрақ көрпелердің өзіндік мағынасы бар. Қыздың артынан апаратын құрақ көрпелерді «құрақтай құралып, сән салтанаты жарассын» деген ниетпен тігетін. Сондай-ақ «екі жастың басы бір жастықта қартайсын» деген мақсатта қосжастық жасайтын. Бұл дәстүр бүгінде ескіріп, жастардың жастығы бөлек тігілетін болды. Соңғы жылдары ерлі зайыптылардың ажырасуы көбейіп кетті. Осыған қарап отырып, салт-дәстүріміздің ұмытылуы ділімізден ажырауға алып бара жатыр ма деген ойға қаламын, — деді Жанбөпе әжей.
Мақала жазу кезінде көненің көзі, бүгінде жасы тоқсанға жақындаған Жанбөпе әжейдің қызы Мейіз Көмекбаевамен хабарласып, әжейдің жағдайын сұрадық. Ол бүгінде әжейдің көзі қарттықтан нашар көретінін, десе де ісмер-лігі мен еңбекқорлық қасиетін әлі де тастамағанын айтты.
Анамыздың он саусағынан өнер тамған керемет жан. Өте еңбекқор. Бүгінде көзі көрмеседе қолынан ине жібін тастамайды. Саусақтарының сезімталдығы соншалық, тоқыған тоқымасынан бір мін таппайсың. Анам бізге осының бәрін аманаттап, ұлттық қолөнер бұйымдарының жасалу жолдарын үйретті. Әрдайым аналық батасын беріп отырады. Менде анамның жолы жалғап, жасаған дүниелерін жаңғыртып жүруге тырысамын. Оның жасаған бұйымдарын қастерлеймін, — деді Мейіз Көмекбаева.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ДАМЫЛСЫЗ ЖҰМЫСТЫҢ НƏТИЖЕСІ — ЖЕҢІС

admin_mugalzhar

Еліміздегі 20 ЖОО базасына жасанды интеллект бойынша мамандар даярлау бағдарламасы енгізілді

admin_mugalzhar

WBO Жәнібек Әлімханұлының келесі қарсыласын бекітті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.