Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татып, бір шаңырақтың түтінін түзу ұшырып келе жатқан өнегелі отбасылардың бірі – Есенкуловтар әулеті. Бүгінде олар алтын тойын тойлап, 56 жылын бірге өткізген, өнегелі отбасының үлгісіне айналып отыр.
Жиеналы Есенкулов пен Күлән апайдың тағдыр тоғыстырған жолы Шалқар ауданының Базой поселкасында бастау алады.
Жиеналы аға оқуын тәмамдап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде еңбек жолын бастаса, Күлән апай сол өңірдегі газ өндіретін компрессор станциясында оператор болып жұмыс істеген. Екі жастың таныстығы сол жерде басталып, 1970 жылдың 2 тамызында шаңырақ көтереді. Жас отбасының алғашқы қадамдары да оңай болмаған. Отау құрғандарына бір жыл толар-толмас уақытта Күлән апайдың енесі өмірден өтеді. Сол сәттен бастап отбасы тіршілігінің барлық жауапкершілігі жас келіннің иығына түседі. Жұмыс пен үй шаруасы, оған қоса мал бағу, барлығы қатар өрбіп, өмірдің ауыр кезеңдері басталғанын кейіпкеріміз тебіреніспен еске алады.
-Үйде қария атамыз болды. Оған қарау, бала тәрбиесі, жұмыс – бәрін қатар алып жүру оңай болған жоқ, – дейді Күлән апай.
Дегенмен төзім мен түсіністік, өзара сыйластық олардың отбасын одан әрі бекемдей түсті. Бұл шаңырақта 2 ұл, 4 қыз дүниеге келіп, ата-ана барлығына тәлімді тәрбие беріп, қатарға қосты. Кейіннен Қандыағаш қаласына қоныс аударып, 1986 жылы кенже қыздары дүниеге келеді. Бүгінде Есенкуловтар әулеті – үлкен бір өнегелі әулетке айналған. 6 баладан 11 немере, 5 шөбере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Балалары түрлі салада еңбек етіп, елге қызмет етуде. Әрине, өмір тек қуаныштан тұрмайды. Бұл отбасы да ауыр сынақтарды бастан өткерді. Екі бірдей перзентінен айырылу – ата-ана үшін ең ауыр қайғы. Бірақ тағдырдың бұл сынына да мойымай, қалған балаларының амандығын тілеп, өмірге деген сенімдерін жоғалтпаған.
Жиеналы аға еңбек жолында белсенділігімен көзге түсіп, қоғам жұмыстарына араласып, партия төрағасы қызметін де атқарған. Зейнет жасына жетіп, еткен еңбегі мен жасаған істері, тәлімі мен тәрбиесі бүгінгі ұрпағына үлгі. Ал Күлән апай зейнет жасында да белсенді өмір салтын ұстанып келеді. Ол “Асылдария” ансамблінің мүшесі ретінде өнермен айналысып, құрбыларымен бірге ән айтып, көңіл сергітеді. Сонымен қатар, таңғы уақытта серуендеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруды әдетке айналдырған.
— Денсаулықты күтіп, ешкімге салмақ салмай өмір сүру — біздің мақсатымыз, — дейді ол. Ұзақ жылдық отбасылық өмірдің сыры туралы сұрағанда, Күлән апай қарапайым ғана, бірақ мағыналы жауап береді.
— Балаларымызға әрдайым ешкімге қиянат жасама, жамандық тілеме, қиындыққа төзе біл деп айтып отырамыз. Бір-біріне кешірімді болып, сыйласты қпен өмір сүрсе, отбасы берік болады. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсету – біздің басты ұстанымымыз, — деді ол.
Иә, махаббат тек сезім ғана емес, ол – жылдармен шыңдалатын сенім, төзім мен құрмет. Есенкуловтар отбасының өнегелі өмір жолы – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі боларлық тағылымды тарих.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

