БИЫЛ ҚАЗАҚ МУЗЫКА ӨНЕРІНІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫЛАРДЫҢ БІРІ, АКАДЕМИК, КОМПОЗИТОР АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 120 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР. МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДАҒЫ Қ.ЖҰБАНОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ ҚАРАКӨЛ АУЫЛЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ҰЛЫ ТҰЛҒА ҚАЗАҚТЫҢ КӘСІБИ МУЗЫКА ӨНЕРІН ҚАЛЫПТАСТЫРЫП, ҰЛТТЫҚ ОРКЕСТРДІҢ НЕГІЗІН ҚАЛАП, ХАЛЫҚ МҰРАСЫН ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДА ЗЕРТТЕГЕН БІРЕГЕЙ ҚАЙРАТКЕР РЕТІНДЕ ТАРИХТА ҚАЛДЫ. ЖЕРЛЕСІМІЗ АХМЕТ ЖҰБАНОВТЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛГЕН АУДАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ МУЗЫКА МЕКТЕБІ ДЕ ОСЫ ЖЫЛЫ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТПЕК. ӨТКЕН АПТАДА ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ ОСЫ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР МЕКТЕПКЕ АРНАЙЫ БАРЫП, ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІМЕН ТАНЫСТЫҚ. МЕКТЕП ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАҒАН СӘТТЕ КӨЗІМІЗГЕ БІРДЕН МҰХТАР ӘУЕЗОВТІҢ «ӘНГЕ ӘУЕС, КҮЙГЕ ҚҰМАР БАЛА ЖАНЫ СҰЛУ, ӨМІРГЕ ҒАШЫҚ БОЛЫП ӨСЕДІ» ДЕГЕН ТАҒЫЛЫМДЫ СӨЗІ ОТТАЙ БАСЫЛДЫ. АЛ МЕКТЕП ІШІ КҮМБІРЛЕГЕН КҮЙГЕ, ӘСЕМ ӘУЕНГЕ ТОЛЫ. БІР БӨЛМЕДЕН ДОМБЫРАНЫҢ ҚОҢЫР ҮНІ ЕСТІЛСЕ, ЕНДІ БІРІНЕН ФОРТЕПИАНОНЫҢ НӘЗІК САЗЫ ТӨГІЛЕДІ. ӘР КАБИНЕТТЕН ЖЕТКЕН ТҮРЛІ АСПАПТАРДЫҢ ҮНІ ӨЗАРА ҮНДЕСІП, ЕРЕКШЕ БІР МУЗЫКАЛЫҚ ӘЛЕМГЕ ЕНГЕНДЕЙ ӘСЕР ҚАЛДЫРАДЫ. МҰНДАҒЫ ӘРБІР ДЫБЫС – ЕҢБЕКТІҢ, ІЗДЕНІСТІҢ, ӨНЕРГЕ ДЕГЕН ШЕКСІЗ СҮЙІСПЕНШІЛІКТІҢ АЙҒАҒЫ ІСПЕТТІ…
ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛ
Сонау 1976 жылы күз айында ашылған кезде мектеп небәрі бірнеше маманмен қамтылып, домбыра мен фортепиано кластары ғана жасақталған. 1977 жылдан бастап оқу орны кеңейіп, скрипка, баян, аккордеон, қобыз, дәстүрлі ән және шертер кластары қосылған. Осылайша өнерге құштар балаларға жол ашқанмектеп уақыт өте келе іргелі білім ордасына айналды.

— Осы жылдар аралығында мектептен 1000-ға жуық бала тәрбиеленіп шықты. Олардың бірқатары өнер жолын таңдаса, енді бірі басқа салаға кеткенімен, барлығы да осы жерден алған тәрбиесімен өмірде өз орнын тапты деп ойлаймын. Бүгінде мектеп түлектері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Астана қаласындағы ұлттық өнер оқу орындарында білімалып, кәсібимаман ретінде қалыптасуда, — дейді музыка мектебінің директоры Жанат Құлжанов.
Кеңес үкіметі ыдыраған кезең мектеп үшін ауыр сынақ болыпты. Сол тұста қаржыландыру тоқтап, ұстаздар саны төрт адамға дейін қысқарған. Соған қарамастан, жанкешті ұстаздардың арқасында білімордасы жабылмай, өз жұмысын жалғастырды. 1990 жылдардың соңы тіпті күрделі кезеңге айналды. Жылу жүйесі істен шығып, оқушыларды үйден оқытуға дейін барған уақыттар да болған. Осындай қиын шақта мектепті сақтапқалғанұстаздардың еңбегі ерекше. Мектеп директоры Жанат Құлжанов та бұл оқу орнымен тағдырын тығыз байланыстырған жан. Алдымен осы мектепті аяқтаған ол 1998 жылы ұстаз болып оралып, ұжымға қосылып, ең қиын кезеңдердің куәсі болды. Сол қиын шақта мектептің негізін сақтап қалған ұстаздар қатарында Жақсылық Ермұханов, .Тотира Кенжебаева, Светлана Кардаева, Айгүл Тыныштығұлова сынды педагогтер болды.
САЗ МЕКТЕБІНІҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ
Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебі бүгінгі таңда аудан көлеміндегі іргелі қосымша білім беру ұйымдарының бірі ретінде тұрақты түрде дамып келеді. Қазіргі уақытта мектепте шамамен 300 оқушы жүйелі түрде білім алып, өнердің әртүрлі салалары бойынша шығармашылық қабілеттерін жетілдіруде. Мектепте 20-ға жуық жоғары білімді, кәсіби музыкалық білімі бар ұстаздар мен 9 техникалық және қызмет көрсету қызметкерлері еңбекетеді. Ұжым құрамындағы мамандардың барлығы дерлік өз ісінің білікті иелері және балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бар күшін салып келеді. Білім ордасында домбыра, қобыз, шертер, баян, аккордеон, фортепиано аспаптары бойынша жеке сабақ тар өтеді. Сонымен қатар дәстүрлі ән, вокал және хор сыныптары да жұмысістейді. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай дайындық кластары да қарастырылған, мұнда оқушылар музыка әлеміне алғашқы қадамдарын жасап, қабілеттерін анықтап, негізгі бағыттарын таңдайды. Мектеп тек негізгіғимаратпен ғана шектелмей, Ембі қаласы, Жұрын және Құмсай ауылдарында орналасқан филиалдары арқылы да балаларға өнер үйретіп келеді. Бұл филиалдар жергілікті оқушылардың музыкаға қолжетімділігін арттырып, олардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп отыр.
ДАЙЫНДЫҚ СЫНЫБЫ – АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚ
— Бізде оқушыларды қабылдау жүйесі арнайы дайындық сыныбынан басталады. Себебі кез келген бала бірден негізгі оқу бағдарламасына кірісе алмайды. Алдымен оның қабілетін, қызығушылығын, музыкалық есту қабілетін, ырғақты сезінуін, есте сақтау деңгейін анықтап аламыз, – дейді мектеп директоры.

Оның айтуынша, дайындық сыныбы – баланың болашақтағы бағытын айқындайтын ең маңызды кезең. Сол бақылаулардың нәтижесінде мұғалімдер ата-аналарға нақты ұсыныс береді.
— Дайындық сыныбында балатек музыканы үйреніп қана қоймайды, біз оның мінезін, ынтасын, сахнаға бейімділігін де бақылап отырамыз. Осы кезеңде әр баланың қандай аспапқа бейімі бар екені анықталады. Бір бала домбыраға икемді болса, енді бірі фортепианоға немесе қобызға бейім болып келеді. Біз ата-анаға баланың қабілетіне қарай бағыт ұсынамыз. Содан кейін дайындық сыныбындағы мұғалім арнайы мінездеме жазып, бала емтихан тапсырады. Сол емтиханнан өткен соң ғана ол ресми түрде музыка мектебінің оқушысы атанады, – деп түсіндіреді ол.
Мектеп басшысының айтуынша, бұл жүйе баланың кәсіби бағытта дұрыс дамуына мүмкіндік береді. — Дайындық сыныбы – жай ғана үйірме емес, бұл баланың өнер жолына бастайтын алғашқы баспалдақ. Егер осы кезең дұрыс ұйымдастырылса, болашақта нағыз талант иесі қалыптасады, – дейді Жанат Құлжанов.
ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕГЕН ЕҢБЕК
Мектептің шығармашылық ұжымы халықаралық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап өтейік, Түркия Республикасының Кемер қаласында өткен VII халықаралық «International Art Festival» байқауында «Аккорд» аккордеоншылар ансамблі І орын лауреаты атанып, ал «Саз Отау» домбырашылар ансамблі ІІІ орын иеленді. Польша Республикасында өткен 16-шы халықаралық «DIGI TALANTY ZIMA 2021» қашықтық байқауында «Мұрагер» ансамблі ІІ орынға ие болды. Абхазия Республикасында өткен XVIII халықаралық «Без Границ Юниор» шығармашылық фестивалінде «Аққұс» вокал тобы ІІІ орын иеленіп, «Саз Отау» домбырашылар ансамблі І орын жеңімпазы атанды. Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен «Мелодия Лета» халықаралық байқауында «Саз Отау» домбырашылар ансамблі Бас жүлде иегері болып, ең жоғары марапатқа қол жеткізді. Ал Әзербайжан Республикасының Баку қаласында өткен «Бақытты елдің ұрпағы» халықаралық байқауында «Саз Отау» үлкен тобы ІІІ орын, кіші тобы І орын иеленді. Сонымен қатар, 2026 жылыТашкент қаласында өтетінхалықаралық байқауға қатысқан «Самғау» домбырашылар ансамблі І орынға ие болып, мектеп мерейін тағы да асқақтатты.

— Біздің шәкірттеріміз еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, шетелдерде де өнерін жалғастырып жүр. Бұл тек бірсыпырасы ғана, — дейді директор.
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ШЕШІМІН КҮТКЕН ТҮЙТКІЛДЕР
Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебі жарты ғасырлық тарихында үлкен жетістіктерге жеткенімен, бүгінгі таңда шешімін күткен бірқатар өзекті мәселелер де бар. Ең басты түйткіл – мектептің материалдықтехникалық базасының тозуы мен ғимараттың қазіргі заман талаптарына толық сәйкес келмеуі. Мектеп орналасқан ғимарат бұрынғы балабақша нысаны негізінде бейімделіп берілгендіктен, оқу процесін ұйымдастыруда бірқатар қолайсыздықтар туындап отыр. Ғимарат бірнеше рет ауыстырылып, қазіргі орны – тұрғын үйлердің ортасында орналасқандықтан, эстетикалық әрі функционалдық тұрғыдан толық талапқа сай емес. Сонымен қатар қосымша жалға алынған ғимараттар оқу кабинеттерінің бір орталыққа шоғырлануына мүмкіндік бермей, жұмыс барысына белгілі бір қиындықтар туғызады. Ең маңызды мәселелердің бірі – музыкалық аспаптардың ескіруі. Домбыра, қобыз, фортепиано, баян және өзге де аспаптардың бір бөлігі ұзақ жылдар бойы қолданылып, жаңартуды қажет етеді. Бұл жағдай оқу сапасына тікелей әсер етіп, оқушылардың толыққанды шығармашылық дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Сонымен қатар, ғимараттың жылу жүйесі мен ішкі инфрақұрылымы да күрделі жөндеуді талап етеді. Кейбір кабинеттердің материалдық базасы заман талабына сай жабдықталмаған, бұл ұстаздардың оқу процесінде заманауи әдістерді толық қолдануына шектеу қояды. Мектеп директоры Жанат Алтайұлы бұл мәселелерге тоқтала отырып, білім ордасының басты арманы – жаңа, заманауи талаптарға сай ғимаратқа қол жеткізу екенін атап өтті.
— Бізге ең қажет дүние — балалардың еркін шығармашылықпен айналысуына толық мүмкіндік беретін жаңа ғимарат. Бұл мәселе ұзақ жылдан бері көтеріліп келеді. Егер материалдық база жаңарса, мектептің даму қарқыны да бірнеше есеге артар еді, – дейді ол.

Тағы бір маңызды мәселе – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Қосымша білім беру ұйымы болғандықтан, қажетті көлемдегі қаржы әрдайым толық қамтамасыз етіле бермейді. Бұл жағдай аспаптарды жаңарту, ғимаратты жөндеу және оқу кабинеттерін заманауи техникамен жабдықтау ісін баяулатып отыр. Осы түйткілдерге қарамастан, мектеп ұжымы бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, қолда бар ресурспен сапалы білім беруді жалғастырып келеді. Ұстаздардың табандылығы мен шәкірттердің өнерге деген қызығушылығы мектептің дамуын тоқтатпай, керісінше алға жетелеп отыр.
ЗАМАНАУИ БАЛА: ЖАҢА ТӘСІЛ
Бүгінгі таңда мектептегі білім беру үдерісіне жаңа буын – қазіргі заман балаларының мінез-құлқы мен қызығушылық ерекшеліктері айтарлықтай әсер етуде. Қазіргі балалардың ақпараттық технологиямен ерте жастан етене араласуы олардың дүниетанымын кеңейткенімен, зейін қою қабілетіне және тұрақты қызығушылық қа-лыптастыруына белгілі бір қиындықтар да туындатуда. Заманауи оқушылардың басым бөлігі бос уақытын смартфон, әлеуметтік желі және түрлі онлайн платформаларда өткізеді. Соның салдарынан олардың назарын бір арнаға шоғырландыру, ұзақ уақыт бір іспен жүйелі айналысу дағдылары бұрынғы кезеңмен салыстырғанда күрделірек болып отыр. Бұл жағдай музыка сияқты жүйелі еңбекті, шыдамдылықты талап ететін өнер түрлерін меңгеру барысында айқын байқалады. Сонымен қатар қазіргі балалардың тез жалығуы, эмоциялық тұрақсыздығы және жылдам нәтиже күтуі – педагогикалық үдерісте жаңа әдістерді қажет етеді. Ұстаздар дәстүрлі оқыту тәсілдерімен қатар, ойын элементтерін, интерактивті әдістерді және қызықты шығармашылық тапсырмаларды көбірек қолдануға мәжбүр. Дегенмен қазіргі балалардың өзіне тән артықшылықтары да бар. Олар технологияны тез меңгереді, визуалды ақпаратты жылдам қабылдайды және шығармашылыққа бейім келеді. Егер дұрыс бағыт берілсе, олардың әлеуеті өте жоғары деңгейде ашылуы мүмкін. Осы орайда мектеп директоры Жанат Құлжанов қазіргі балалармен жұмыс істеу ерекше тәсілді талап ететінін атап өтеді:

— Бүгінгі балалардың зейіні тез ауысады, қызығушылығы да жиі өзгеріп отырады. Сондықтан біз сабақ берудің жаңа әдістерін іздеп, баланы қызықтыра отырып үйретуге көбірек көңіл бөлуіміз керек. Қазіргі балалармен жұмыс істеу бұрынғыға қарағанда әлдеқайда күрделі, бірақ сонымен бірге мүмкіндігі де мол. Қорытындылай келе, қазіргі балалар – жаңа заманның өкілдері. Оларды өнерге баулу үшін тек білім беру емес, сонымен қатар заманауи тәсілдер мен шығармашылық бағыттағы жаңа әдістемелерді ұштастыру аса маңызды болып отыр, — дейді ол.
МЕРЕЙТОЙ АЯСЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАР
Мерейтойлық жыл мектеп үшін ерекше мәнге ие, себебі ол қазақ музыка өнерінің негізін қалаған ұлы тұлға Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр. Бұл екі айтулы дата мектеп ұжымына жаңа серпін беріп, шығармашылық дамуға тың мүмкіндік ашуда. Мерейтой аясында түрлі мәдени-танымдық және ғылыми шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде сәуір айының 22-сі күні өтетін облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция мен мерекелік концерт – ұжым тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болмақ. Аталған шараға еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар, өнер қайраткерлері, ардагер ұстаздар мен мектеп түлектері қатысады. Мектеп директоры Жанат Құлжанов бұл мерейтойдың мәніне ерекше тоқталып өтті.

— Бұл 50 жылдық – тек өткен жолға есеп беру ғана емес, болашаққа бағытталған үлкен серпіліс. Мерейтой бізге жаңа мақсаттар қойып, мектептің дамуына тың серпін беріп отыр. Жалпы мерейтойлық жыл білім ордасының тарихын жаңғыртып қана қоймай, оның болашақ дамуына да берік негіз болмақ деп ойлаймын және осы мерейтойлар біздің мектептің дамуына серпін береді деп сенеміз, — деп түйіндеді ол.
Эльмира БЕРДЕНОВА, оқытушы: ДОМБЫРА СЫНЫБЫ — ӨМІРІМНІҢ БІР БӨЛШЕГІ
—Осы мектептің домбыра класы бойынша ұстаздық етіп келе жатқаныма 30 жыл болды. Осы уақыт ішінде өнер ордасында, ауданымыздың қара шаңырағында талай дарынды шәкірттерді тәрбиелеп шығардық. Өнерге жақын бала ешқашан бұзақылыққа бармайды деп сеніммен айта аламын. Біздің қара шаңырағымыздан қаншама талантты шәкірттер түлеп ұшты. Олар аудандық деңгейден бастап халықаралық байқауларға дейін қатысып, үлкен сахналарды бағындырды. Атап айтсақ, Түркия, Баку, Ташкент, Абхазия, Польша сияқты елдерде өнер көрсетіп, жүлделі орындармен оралып, текмектептің емес, бүкіл ауданның абыройын асқақтатты. Осындай шәкірттерімізбен мақтанамыз. Жұбанов әлемі әрдайым шарықтай берсін!

Нурикамал ИГИЛМАНОВА, оқушы: ҮЛКЕН САХНАЛАРДА ӨНЕР КӨРСЕТКІМ КЕЛЕДІ
—Мен дәстүрлі ән сыныбының 5- сыныбында оқимын. Бізге сабақ беретін ұстазым – Гүлмира Төлеуова. Ұстазымның еңбегінің арқасында мен өнерге деген қызығушылығымды одан әрі арттырдым. Бұл өнер маған өте жақын. Ұстаздарымыз бізге тек ән айтуды ғана емес, ұлттық өнердің қадірін түсінуді үйретеді. Әр сабақ мен үшін үлкен шабыт. Болашақта қазақтың дәстүрлі ән өнерін жалғастырып, үлкен сахналарда өнер көрсеткім келеді. Осы өнер мектебінде оқып жүргеніме өте қуаныштымын, себебі бізге беріліп жатқан білім мен тәрбие – баға жетпес қазына.

Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

