«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ембіде теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр

Облыс әкімі Асхат Шахаров теміржол вокзалының қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Жоба вокзал шаруашылығын жаңғырту аясында жүзеге асырылып, көлік инфрақұрылымын жақсартуға және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталып, 2026 жылдың шілде айында аяқталады деп жоспарланған. Жұмыстарға «Рус Тал» ЖШС жауапты. Жобаның жалпы құны – 182 млн теңге.

Қазіргі уақытта нысанда шатыр жабу жұмыстары толық аяқталды. Сыртқы әрлеу жұмыстары 80 пайызға орындалған. Ғимарат ішінде де әрлеу жұмыстары мен инженерлік жүйелерді монтаждау жалғасып жатыр. Мердігерлер жылыту және желдету жүйелерін жүргізіп, электр монтаждау жұмыстарын аяқтады. Су құбыры мен кәріз жүйелері орнатылмақ.

Сонымен қатар, әлсіз ток желілері, сыртқы инженерлік коммуникациялар және перронды абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр.

Жоба аясында жалпы аумағы 421,2 шаршы метрді құрайтын вокзал ғимараты жаңартылады. Нысанды аралау барысында облыс әкімі жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтіп, теміржол вокзалының Ембі қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды көлік нысаны екенін айтты.

«Теміржол вокзалын қайта жаңғырту – Ембі қаласы мен өңірдің көлік инфрақұрылымы үшін маңызды жоба. Вокзал – елді мекеннің келбетінің бір бөлігі. Сондықтан ол жолаушыларға қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздік талаптарына толық сай болуы тиіс», – деді облыс әкімі.

Ұқсас ақпараттар

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ: БІРІККЕН ПАРЛАМЕНТ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТІРЕГІ

admin_mugalzhar

КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

admin_mugalzhar

АУЫЗ СУ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

admin_mugalzhar