БҮГІНДЕ МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІНІҢ ФОРМАТЫ ҚОҒАМДА ҚЫЗУ ТАЛҚЫЛАНЫП ЖАТЫР. ШЫНЫНДА ДА, МЕКТЕП БІТІРУ КЕШІ ҚАЗІР ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫНЫ ТАЛАП ЕТЕТІН АУҚЫМДЫ ШАРАҒА ҰЛАСЫП БАРА ЖАТҚАНДАЙ. ҚЫМБАТ МЕЙРАМХАНАЛАР, СӘНДІ КИІМДЕР, ФОТОСЕССИЯЛАР МЕН ТҮРЛІ СЫЙЛЫҚТАР – МҰНЫҢ БӘРІ АТА-АНАЛАРҒА САЛМАҚ ТҮСІРСЕ, ОҚУШЫЛАР АРАСЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІК ТУДЫРЫП ОТЫР. АЛ БҰЛ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАН ШАРАНЫҢ ШЫНАЙЫ МӘНІ ҚАЙДА ҚАЛДЫ? ҚАУІПСІЗДІК, ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ҚАРЖЫ МӘСЕЛЕСІ ТОҒЫСҚАН ТҰСТА ТҮЛЕКТЕР КЕШІНЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАС ҚАНДАЙ? ОСЫ САУАЛДАРҒА ЖАУАП ІЗДЕП, ӘР ТАРАПТЫҢ ПІКІРІН БІЛГЕН ЕДІК…
АТА-АНА: БАЛА ҮШІН БАРЛЫҒЫНА КӨНЕМІЗ
Әңгіменің әлқиссасын баласының мектеп бітіру кеші үшін барынша тырысатын ата-анадан бастауды жөн көрдік. Ал олардың мектеп бітіру кешіне деген көзқарасы әртүрлі. Бірі бұл күнді баланың өміріндегі маңызды сәт ретінде бағаласа, енді бірі шығын мен бәсекелестікке алаңдайды. Қызы биыл мектеп бітіріп жатқан Ақкүміс Сүйеуованың пікірінше, әр отбасы өз мүмкіндігіне қарай әрекет етуі тиіс.
— Әрине, бала үшін бұл ерекше күн. Бірақ ең бастысы – шектен шықпау. Әзірге ақша жинап жатқан жоқпыз. Баланың көңілінде, өзіңнің жағдайыңды да ескеру қажет. Қазіргі таңда ата-аналар арасында бір-бірінен асып түсу сияқты жағдайлар да кездеседі. Меніңше, әркім өз жағдайына қарай шешім қабылдауы керек, – дейді ол.

Тағы бір түлектің Нұргүл есімді анасы биылғы дайындықтың қарапайым деңгейде өтіп жатқанын айтты.
— Баламыз 11 жыл оқып, үлкен өмірге қадам жасап жатыр. Сол себепті бұл күнді атап өткен дұрыс деп ойлаймын. Бірақ міндетті түрде қымбат мейрамхана немесе үлкен шығын болуы шарт емес. Десе де шамамыз келгенше балаға соңғы қоңырауға жаңа киім алып бердік. Ең бастысы – баланың қуанышы, – дейді ол.
ТҮЛЕК: БӘСЕКЕЛЕСТІК БАР
Ал бұл туралы мектеп бітірушілер не дейді? Мәселен біз сөзге тартқан Жансая үшін бұл кеш – балалық шақпен қоштасудың символы. Сонымен қатар ол кештің заманға сай өткені өздері үшін маңызды деп есептейді.
— Мектеп бітіру кеші – балалық шақты артқа қалдырып, үлкен өмірге қадам басатын ерекше сәт. Әрине, бәсекелестік болады. Әркім өз сыныбынан, өзгелерден ерекше болғысы келеді. Кештің жақсы мейрамханада өткенін мен де қалаймын. Ең бастысы – жақсы эмоция, әдемі естеліктер мен есте қалатын сәттер. Сол күннің ерекше атмосферасы маңызды, – дейді болашақ түлек.
Ал Аслан есімді түлек өзінің әкесі жоғын, жалғыз анасының бұл шығындарды көтеруге жағдайы көтермеуі мүмкін екенін айтып, “мүмкін қатыспайтын шығармын” деп жауап берді.
КЛАСС ЖЕТЕКШІ: ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ — БАСТЫ ҚАҒИДА
Қандыағаш қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектебінің ұстазы, 11-сынып жетекшісі Альбина Дубаева бітіру кешін ұйымдастыруда ең бастысы – оқушыларға жайлы әрі түсінікті орта қалыптастыру екенін айтты. Сондай-ақ басты мақсат– оқушыларға ұмытылмас көңіл-күй сыйлау.
— Сынып жетекшісі ретінде айтарым, біздің сыныпта қандай да бір қаражат жинау мәселесі қарастырылмайды. Біз барлық ата-аналарға түсінікті, қолжетімді әрі жайлы форматты таңдауға тырысамыз. Негізгі мақсатымыз – оқушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, олар деген құрметі мен сыйластығын арттыру. Сондықтан артық шығынсыз, тәрбиелік мәні жоғары, қарапайым әрі мазмұнды іс-шара өткізуді жөн көреміз, –дейді ол.
ДИРЕКТОР: МЕКТЕП ҰСТАНЫМЫ — ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕ
Басшилі ауылындағы Ы.Мұхамеджанов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры Маржан Жүсіпова мектеп бітіру кешін ұйымдастыруда ең басты назар тәрбиелік мән мен қауіпсіздікке аударылатынын жеткізді.
— Әрбір мектеп бітіруші түлекте де, ұстаздар қауымында да қимастық сезім болады. Сондықтан мектеп ұжымы түлектер жадында тек жылы сәттер қалдыру мақсатында, ең бастысы, оқушылардың өмірі мен қауіпсіздігін ескере отырып, аталған шараларды мектеп қабырғасында өткізуді жөн көреді. Біз барлық уақытта шараның тәрбиелік жағына ерекше көңіл бөлеміз, – дейді мектеп директоры.
Оның айтуынша, білім ордасында бітіру кешін өткізу барысында ысырапшылдыққа жол бермеу басты ұстанымдардың бірі.
— Біздің мектепте де, басқа білім беру ұйымдарындағыдай, басты қағида – мектеп бітіру және аттестат тапсыру кештерін өткізуде артық шығынға жол бермеу. Мұндай шаралар ресми түрде ата-аналар мен ұстаздардың қатысуымен мектеп қабырғасында ұйымдастырылады. Алдын ала ата-аналар мен де, оқушылармен де жиналыстар өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Барынша қарапайым, бірақ қызықты форматта өткізуге тырысамыз, – дейді ол.
Директор биылғы оқу жылының түлектері үшін де бұл сәт ерекше екенін атап өтіп, мектеппен қоштасу шарасының басты мақсатына тоқталды.
— Бұйырса, биылғы оқу жылында оныншы түлектерімізді «алтын ұясынан» ұшырып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, мектеп бұрын негізгі мектеп болатын, – деген Маржан Мырзалиқызы қаражат жинау мәселесіне де тоқталды.
— Ең алдымен, мектеп тарапынан ешқандай қаражат жинауға жол берілмейді. Бұл – әрбір педагогтің нақты ұстанымы деп айта аламын. Кей жағдайдағы артық шығын ата-аналар арасындағы бәсекелестіктен туындайды. Кейде түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігінен осындай жағдайлар орын алып жатады. Ал мектеппен қоштасу кешінің негізгі мақсаты – «алтын ұя» мектебі, ұстаздары мен сыныптас достары туралы жылы естеліктер қалдыру. Бұл тәрбиелік мәні зор, рухани кеш болуы тиіс, – дейді мектеп директоры.
Мұны Қаракөл ауылындағы А.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Гүлжанат Жақсыбаева да қоштайды.
— Мектеп тарапынан ең басты талап – түлектер кешін қарапайым, қауіпсіз және тәрбиелік мәні бар деңгейде өткізу. Оқушылар мен ата-аналарға қаржылық ауыртпалық түсірмеу, мектеп ережесіне сай әдептілік сақтау, қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтарға жол бермеу қатаң ескертіледі. Ал іс-шараның мектеп қабырғасында салтанатты түрде өткізілетіні алдын ала хабарланады, – дейді мектеп директоры.
Оның айтуынша, артық шығынға жол бермеу үшін жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мәселенің ушығуына қоғамдағы бәсекелестік әсер етіп отыр.
— Бұл бағытта ата-аналар жиналыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мектеп әкімшілігі тарапынан қымбат мейрамхана, сән бат сыйлықтардан бас тарту жөнінде ұсыныстар айтылды. Барынша қарапайым форматта, мектеп аумағында өткізу қажеттілігі ескертіледі. Сонымен қатар білім алушылардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі екені ескеріліп, теңдік қағидатын сақтау маңызды екені ата-аналарға түсіндіріледі. Қазіргі таңда «басқалардан қалмау» психологиясы, әлеуметтік желілердегі түрлі әсерлер ата-аналар мен оқушыларды сән-салтанатқа ұмтылуға итермелейді. Соның салдарынан кейбір отбасыларға артық қысым түсіп, мәселе күрделене түседі, – деген Гүлжанат Жақсыбаева сөз соңында ол түлектер кешінің басты мақсатына тоқталды.
— Түлектер кешінің негізгі мақсаты – оқушылардың мектеппен қоштасып, ұстаздарға алғыс білдіруі, сыныптастарымен жылы естеліктер қалдыруы. Ең бастысы – бірлік, сыйластық және қарапайымдылық сақталуы қажет, – деді мектеп басшысы.
КӘСІПКЕР: АТА-АНАЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫ АРТУДА
Қандыағаш қаласындағы “Алаш Холл” мейрамханасының иесі Гүлжан Сапинаның айтуынша, биылғы түлектер кешіне сұраныс әлі толық қалыптаспаған. Бірақ басқа жылдары тапсырыстар болған.
— Биылға әзірге нақты сұраныс көп болған жоқ. Ата-аналар мен оқушылардың көбі ҰБТ-ға көбірек көңіл бөліп, бітіру кешін кейінге қалдырып немесе асықпай шешіп жатқан сияқты, – дейді ол.

Кәсіпкердің сөзінше, соңғы жылдары бітіру кешін өткізу мәдениеті де айтарлықтай өзгерген. Бұрын алдын ала толық жоспарланып, банкеттер ерте орын алып қойса, қазір шешім қабылдау уақыты ұзаған.
Жалпы банкет бағасы орта есеппен әр адамға 8500–9000 теңге аралығында. Бірақ қазіргі ата-аналардың талаптары өте көп. Әркімнің өз талғамы, өз шарттары бар. Бірі залдың ерекше безендірілуін қаласа, енді бірі мәзірге, қызмет көрсету деңгейіне көбірек мән береді. Яғни талаптар жылдан-жылға артып келеді, – дейді мейрамхана иесі.
Сонымен қатар ол биыл кейбір ата-аналардың алдын ала қызығушылық танытқанын, алайда нақты тапсырыс беруге асықпай отырғанын атап өтті.
– Биыл бастапқыда сұрап, ақпарат алған ата-аналар болды. Дегенмен, әзірге нақты тапсырыс берілген жоқ. Көпшілік әлі шешім қабылдау кезеңінде, –дейді Гүлжан Сапина.
ПОЛИЦИЯ: ҚАУІПСІЗДІК – БАСТЫ НАЗАРДА
Құқық қорғау органдары мектеп бітіру кештері кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды екенін ескертеді. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында ата-аналар мен оқушыларға түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын да айтып өтті.
— Жалпы, кештер өткізуге белгілі бір шектеулер қойылып отыр. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден кейін заңды өкілінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүруіне тыйым салынады. Сонымен қатар 440-бап бойынша қоғамдық орындарда алкогольдік масаң күйде болу заң аясында жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай жағдайлар орын алған жағдайда тиісті шаралар қабылданады, – дейді қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің аға учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Мейіржан Байзақ.

Сондай-ақ соңғы жылдары автокөлік шеруі кезінде жол қозғалысы ережелерінің жиі бұзылатыны да назар аудартуда.
— Әсіресе, көлік люгінен шығу, қауіпті маневрлер жасау сияқты әрекеттер жиі кездеседі. Бұл –тек құқықбұзушылық емес, адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретін жағдайлар, – дейді Байзақ Жанболатұлы.
БАСШЫ: БІТІРУ КЕШІНЕН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚҚА БЕТБҰРЫС
Материал дайындау барысында мектеп бітіру кешіне қатысты тағы бір жаңа бастаманың куәсі болдық. Биыл Мұғалжар ауданында бірқатар мектеп түлектері қымбат мейрамхана мен салтанатты кештерден бас тартып, оның орнына қайырымдылық шараларын ұйымдастыруға бет
бұрған. Бұл бастаманы ұсынған Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжолдың айтуынша, бұл идея ең алдымен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2026 жылғы 29 сәуірдегі бұйрығына сәйкес көтерілген.
— Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес биыл мектеп бітіру іс-шараларын өткізуде қауіпсіздік пен қарапайымдылыққа басымдық беріліп отыр. Құжатта артық шығындарға, заңсыз ақша жинауға, мейрамхана мен банкет залдарында кеш өткізуге нақты тыйым салынған. Осыған байланысты біз аудан мектептеріне бітіру кештерін тәрбиелік мәні бар форматта өткізуді ұсынып, қымбат салтанатты шаралардың орнына қайырымдылық пен ізгілікке бағытталған бастамаларды қолға алуды ұсындық. Қуаныштысы — оқушылар мен ата-аналар бұл ұсынысты қолдап, балалар үйі мен қарттар үйіне барып, жақсы істер жасауға бет бұрып жатыр. Бұл — өскелең ұрпақтың азаматтық көзқарасы мен адамгершілік қасиетінің қалыптасуына оң әсер ететін маңызды қадам, — дейді Бахраман Аманжол.

Аталған бастаманы алғашқылардың бірі болып Қандыағашқалалық №2 жалпы білім беретін орта мектебі қолдаған. Біз мектеп ұжымымен және түлектермен арнайы кездесіп қайттық. 11-сынып оқушысы Дастан Мәуленұлы сыныптастарымен бірге дәстүрлі салтанатты кештен бас тартып, қайырымдылық шарасын ұйымдастыратынын айтты.
-Біз бастапқыда басқа түлектер сияқты кеш өткізуді ойлағанбыз. Кейін білім бөлімінің ұсынысын қолдап, пайдалы іс жасаған дұрыс деген шешімге келдік. Өткен аптада “Аяла” балаларды қолдау орталығына барып, балалармен түрлі ойындар ойнадық, эстафеталар ұйымдастырдық, сыйлықтар апардық. Сол сәттегі балалардың қуанышы бізге ерекше әсер қалдырды. Осындай жақсылық жасау да мектеппен қоштасудың ең әдемі естеліктерінің бірі болатынын түсіндік, — дейді түлек.

Ал 11-сынып ата-анасы Айжан Мұқанова мұндай бастамалардың тәрбиелік мәні жоғары екенін айтады.
— Қазіргі таңда кейбір ата-аналар бітіру кешіне бола артық шығынға барып жатады. Ал мұндай шаралар балалардың бойына мейірім мен жанашырлық қасиетін қалыптастырады. Сондықтан біз бұл ұсынысты бірден қолдадық. Балаларымыз жақсылық жасап өссе, бұл біз үшін ең үлкен қуаныш, — дейді ол.

Сондай-ақ 11 «А» сыныбының жетекшісі Нұрбек Жолдасов мұндай өзгерістің тәрбиелік маңызы ерекше екенін атап өтті.
— Мектеп тек білім беретін орын емес, ең алдымен тәрбие беретін орта. Балалардың бір күндік сән-салтанаттан гөрі, қоғамға пайдалы іс жасауға ұмтылуы — қуантарлық жағдай. Бұл олардың азаматтық ұстанымының қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, — дейді сынып жетекшісі.

ТҮЙІН
Түлектер кеші – жасөспірімнің өміріндегі ұмытылмас сәттердің бірі. Алайда оның мазмұны мен мәні сыртқы сән-салтанатпен емес, ішкі маңызымен өлшенуі тиіс. Ысырап пен бәсекеге емес, бірлік пен естелікке негізделген қарапайым, бірақ мағыналы кеш – бүгінгі қоғам үшін әлдеқайда құнды болмақ. Биылғы түлектер арасындағы қайырымдылыққа бетбұрыс та қоғамдағы көзқарастың өзгеріп келе жатқанын аңғартқандай. Бір күндік даңғаза қуаныштан гөрі, біреуге қуаныш сыйлауды таңдаған жастардың қадамы көпшілікке ой салары анық.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

