Мұғалжар ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Барлығы бала үшін!» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Бүгінде түзеу кабинетінде 2025-2026 оқу жылында 110 бала түзету-дамыту сабақтарымен қамтылған. Балалардың жан-жақты дамуына 12 арнайы педагог еңбек етуде. Атап айтқанда, 3 мұғалім-дефектолог, 4 мұғалім-логопед, 2 педагог-психолог, дене шынықтыру нұсқаушысы, әлеуметтік педагог және музыка жетекшісі балалармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Кабинет мамандарының айтуынша, биыл 27 бала жалпы білім беретін мектептерге жолдама алып, білім алуын жалғастыруға мүмкіндік алды. Сонымен қатар 23 баланың диагнозы оң өзгеріске ұшырап, олардың дамуында айтарлықтай жетістіктер байқалды.
Мерекелік шараның ашылуында Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Етмағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге ізгі тілегін арнады. Өз сөзінде балалардың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау әрқашан басты назарда екенін атап өтті.
Шара барысында қатысушыларға балалар мен педагогтер дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Мереке «Біз бақытты баламыз» атты хор орындауымен басталып, түзеу кабинеті тәрбиеленушілерінің флешмоб биімен жалғасты. Сондай-ақ арнайы шақырылған өнерлі қыздар «Ана» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. «Балақай» ансамблі орындаған «Келіншек күйі» мен Мұхтар Мәжиттің орындаған «Келіншек күйі» мен Мұхтар Мәжиттің орындауындағы «Менің Отаным» әні мерекенің көркін арттыра түсті.
Шара соңында «Amanat» партиясы Мұғалжар аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Роза Мүсенова мен Аналар кеңесінің төрайымы Жұмагүл Асабаева сөз сөйлеп, балаларды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар «Amanat» партиясы Мұғалжар аудандық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты атынан бүлдіршіндерге арнайы сый сияпаттар табысталды.

