Қандыағаш қаласында тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл қаладағы бірқатар көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары жаңартылып, жол және жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымдарды жақсарту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта «Жастық» мөлтек ауданындағы №13 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мердігері – «Техно.С» ЖШС-і. Жалпы құны 56 миллион 674,4 мың теңгені құрайтын жоба аясында аула аумағы ретке келтіріліп, тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырылмақ. Жобаның тапсырыс берушісі – «Қандыағаш қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі.
Қаладағы аулаларды жаңғырту жұмыстары мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта «Жастық» мөлтек ауданындағы №40 және №41 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру көзделген.
— Осы жылы ауыспалы кезеңмен жүзеге асырылып жатқан тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары да жалғасын табады. Атап айтқанда, «Достық» мөлтек ауданындағы №13 үй мен Жамбыл көшесіндегі №68, №69, №70 және №71 көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу үшін мердігер ұйымдармен қосымша келісімшарттар жасалу үстін-де. Тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында «Жастық» мөлтек ауданындағы №20, №21 және №22 көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс жолдары асфальтталып, жаңа тротуарлар салынады, — деді қала әкімі Данияр Черниязов
Оның сөзінше, бұдан бөлек, Қаржаубаев көшесі мен «Алан» базары алдындағы аумақты автомобиль жолын асфальттауға қаржы бөлу мәселесі қарастырылып, «Нұрлыкөш» мөлтек ауданында жаңа автомобиль жолын салу жоспарланған.

