«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛАДЫ

Маусымның 11-нен 12-сіне қараған түні жылдың басты футбол турнирі – әлем чемпионаты басталады. XXIII Әлем біріншілігі тарихта алғаш рет бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексиканың 16 қаласында ұйымдастырылады. Жаһандық додада алғаш рет 48 құрама бақ сынайды. Турнир аясында жалпы 104 матч өтеді. Тек топтық кезеңнің өзінде көрермендер 72 ойынды тамашалай алады. 2026 жылғы әлем чемпионаты бұрынғыдан да ауқымды өтпек. Футбол жанкүйерлері жаңа жұлдыздардың шығуын, жаңа сенсациялар мен тағы да тарихта қалатын сәттердің болуын күтіп отыр.

2026 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ: ИНТРИГАЛАР ЖӘНЕ ҮМІТТЕР

2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты (FIFA World Cup) — ерекше турнир. Ол 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. АҚШ, Канада және Мексика біріккен түрде ұйымдастырады. Бұл чемпионат тарихта алғаш рет 48 команда қатысатын турнир болады, бұрын 32 командадан ғана өнер көрсеткен еді.

Бұл жолы топтық кезең 12 топқа бөлінеді. Әр топта төрт команда болады. Топта бірінші, екінші болғандар мен үздік 8 үшінші орын алушылар 32 командалы плей-оффқа өтеді. Форматтың өзгеруі үлкен интрига тудырады, өйткені орта деңгейлі командалар үшін плей-оффқа шығудың жаңа мүмкіндігі туады.

Көптеген сарапшылар чемпионат фавориті ретінде Испанияны атауда. Испания 2024 жылғы Еуропа чемпионатын жеңіп, жоғары формада көрсеткен еді. Тағы да мықты үміттілер тізімінде: Аргентина (қорғаушы чемпион, Месси мүмкін соңғы ФИФА турнирі), Англия, Франция, Бразилия, Германия, Португалия және Нидерланды — барлығы да тартысты ойын көрсетеді деп күтілуде.

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионаты қай қалаларда өтеді?

Халықаралық футбол федерациясы 2026 жылы әлем чемпионатын қабылдайтын 16 қаланы атады. Матчтар мына қалаларда өтеді: Атланта, Бостон, Даллас, Хьюстон, Канзас-Сити, Лос-Анджелес, Майами, Нью-Йорк немесе Нью-Джерси, Филадельфия, Сан-Франциско мен Сиэтл (барлығы — АҚШ), Гвадалахара, Мехико және Монтеррей (барлығы — Мексика), Торонто мен Ванкувер (Канада).

Футболдан Әлем чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсететін болады.

Сонымен қатар ойындар qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттары, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы және «Birge.tv» платформасы арқылы онлайн көрсетіледі.

2026 жылғы Әлем чемпионаты ойындарын Қазақстан аумағында көрсету құқығы «Қазақстан» телерадиокорпорациясына тиесілі болғандықтан, чемпионат матчтарын өзге ақпараттық ресурстарда рұқсатсыз трансляциялауға және таратуға тыйым салынған. Ел аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік ғимараттарда, қоғамдық орындарда көрсетілімдер тек құқық иесінің талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

Әлем чемпионаты $40 млрд пайда әкелуі мүмкін

Биыл маусым-шілде айларында өтетін футболдан Әлем чемпионаты 40 млрд доллар пайда әкелуі мүмкін. Халықаралық футбол федерациясы мен Дүниежүзілік сауда ұйымының есебі осы. Төрт жылда бір келетін ірі турнир үш бірдей елде ұйымдастырылмақ. Ойындарды тамашалауға 6 миллионнан астам жанкүйер келеді деген болжам бар.

Турнирді көруге әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 6,5 миллион жанкүйер келеді. Олардың 60 пайызы – бұл турнир үшін алғаш рет сапар шегетіндер. Олар билеттерге және жүріп-тұруға 14 миллиард долларға жуық ақша жұмсайды деген болжам бар. Нәтижесінде әлемдік жалпы өнімге қосылатын үлес 40 миллиард долларды құрайды. Сонымен қатар мамандар 824 мың тұрақты жұмыс орны ашылады деп топшылап отыр. Сарапшылардың айтуынша, пайданың басым бөлігі АҚШ бюджетіне түседі. Өйткені матчтардың басым бөлігі құрама шататтарда өтеді. Шамамен ел экономикасына 17,2 миллиард доллар түсіп, 185 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Әлем чемпионы атанған командалар

Әлем чемпионатының тарихында барлығы 8 құрама әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Оның ішінде ең көп чемпион атанған Бразилия құрамасы — 5 рет. 4 рет әлем чемпионы атанған Италия құрамасы, одан кейін Германия — 4, Аргентина- 3 рет. Уругвай мен Франция 2 рет. Және Англия, Испания құрамалары бір-бірден чемпион атанды.

3 рет әлем чемпионы атанған жалғыз ойыншы бар, ол футбол королі — Пеле (1958, 1962, 1970 жылдары). Және 20 ойыншы 2 рет әлем чемпионы атанды (оның көбі бразилиялықтар, 4-і Италия ойыншылары, 1-і Аргентина ойыншысы). Витторио Поццо 2 рет әлем чемпионы атынған жалғыз жаттықтырушы (1934 және1938). Марио Загалло мен Франц Бекенбауэр футболшы ретінде де, жаттықтырушы ретінде де әлем чемпионы атанғандар (Загало 2 рет ойыншы ретінде (1958, 1962 жылдары), жаттықтырушы ретінде (1970 жылы); Бекенбауэр — 1974, 1990 жылдары). Ең көп әлем чемпионы атанып абсолюттық рекордың иесі Марио Загалло болып табылады. Барлығы 4 титул (1994 жылы бас жаттықтырушының көмекшісі ретінде чемпион атанды). 

Әлем  чемпионаттарындағы  қызықты  оқиғалар

2026 жылы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Бұл бірден үш мемлекет қабылдайтын алғашқы мундиаль болмақ. Әлем назарын аударатын додаға дейін футбол тарихындағы ең қызық сәттер мен ерекше оқиғаларды еске алудың өзі – бір ғанибет.

Әлем чемпионы кубогын ұрлап кеткен

1966 жылғы әлем чемпионаты алдында Англияда Жюль Риме кубогы көрмеге қойылады. Бірақ бірнеше күннен кейін белгісіз біреулер оны ұрлап кетеді. Полиция қанша іздегенімен, кубок табылмай қалады. Кейін оны Лондонда қарапайым «Пиклз» атты ит бұтаның арасынан тауып алған. Осы оқиғадан кейін ит бүкіл елге танымал болған.

Финал алдында жоғалып кеткен жұлдыз

1978 жылғы мундиаль кезінде Йохан Кройф әлем чемпионатына қатыспай қалады. Көпшілік мұны саяси себеппен байланыстырған. Алайда кейінірек Кройфтың отбасы ұрлық пен қарулы шабуылға тап болғаны, сол себепті турнирге барудан бас тартқаны белгілі болды.

«Құдайдың қолы»

1986 жылғы әлем чемпионатындағы ең атақты эпизодтардың бірі – Диего Марадона соққан гол. Англия қақпасына салынған допта Марадона қолмен ойнағанымен, төреші байқамай қалады. Кейін футболшы бұл сәтті «Құдайдың қолы» деп атаған. Арада бірнеше минут өткен соң ол тарихтағы ең әдемі голдардың бірін соғып, бес ойыншыны алдап өткен еді.

Әлем чемпионы болып, медальсыз қалған ойыншы

1930 жылғы алғашқы әлем чемпионатында Уругвай жеңіске жетеді. Бірақ сол құрамдағы кей футболшыға медаль жетпей қалған деген дерек бар. Себебі ұйымдастырушылар нақты қанша ойыншы қатысатынын дұрыс есептемеген.

Зиданның баспен соққысы

2006 жылғы финалда Зинедин Зидан өзінің соңғы матчында күтпеген әрекетімен есте қалды. Италия қорғаушысы Марко Матераццимен сөзге келіп қалған Зидан қарсыласының кеудесіне баспен соққы жасап, қызыл қағаз алды. Франция кейін пенальти сериясында жеңіліп қалды.

Ең жылдам қызыл қағаз

1986 жылғы әлем чемпионатында уругвайлық Хосе Батиста небәрі 56 секундта алаңнан қуылды. Бұл рекорд әлі күнге дейін жаңармаған.

Футбол тарихындағы ең күтпеген нәтиже

1950 жылғы әлем чемпионатында АҚШ ұлттық футбол құрамасы Англияны 1:0 есебімен жеңіп кеткен. Ол кезде ағылшындар әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі саналатын, ал америкалықтардың көбі жартылай әуесқой футболшылар болған.

Бір ел – екі әлем чемпионаты

Мексика әлем чемпионатын екі рет қабылдаған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Елде 1970 және 1986 жылғы мундиальдар өткен. Ал 2026 жылғы турнир арқылы Мексика бұл доданы үшінші рет қабылдайтын алғашқы ел атанбақ.

Футболдан әлем чемпионатына баратын қазақстандықтарға ескерту жасалды

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына баруды жоспарлап отырған азаматтарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес берді. СІМ-нің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтетін дүбірлі додаға әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған жанкүйер келеді. Олардың қатарында қазақстандықтар да бар.

Осыған байланысты министрлік азаматтарды жеке қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуға шақырды.

«Чемпионат аясындағы матчтар мен өзге де іс-шараларға қатысуды жоспарлап отырған азаматтарға сақтық шараларын ұстануды және жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды ұсынамыз», – деді Ерлан Жетібаев.

СІМ өкілі қазақстандықтарға жеке басын куәландыратын құжаттарды немесе олардың көшірмелерін әрдайым өзімен бірге алып жүруге, жергілікті құқық қорғау органдары мен ұйымдастырушылардың талаптарын мүлтіксіз орындауға кеңес берді. Сондай-ақ сапар бағыттарын алдын ала жоспарлап, тек ресми көлік қызметтерін пайдалану қажеттігін атап өтті.

Материал интернет сайтарынан әзірленді.

 

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

ЖОСПАР: 281 500 ШӨП ШАБУ

admin_mugalzhar

Бүгін Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп жатыр

admin_mugalzhar

ҚАНТ ДИАБЕТІ — КӨП АУРУҒА СЕБЕП

admin_mugalzhar