ҚҰР УӘДЕ ЕМЕС – НАҚТЫ ІС, ҚҰР СӨЗ ЕМЕС – НӘТИЖЕ!
№11 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Мұғалжар аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат КУЛУМШИН ЕСТІБАЙ ӨМІРБАЙҰЛЫ
«Әділет» партиясы
ӨМІРБАЯН
Кулумшин Естібай Өмірбайұлы — 1985 жылы 29 маусымда Мұғалжар ауданы Құмсай ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын «Химия және биология» мамандығы бойынша, 2012 жылы сол оқу орнын «Дене шынықтыру және спорт» бағыты бойынша бітірді. Еңбек жолын 2005 жылы Жем қаласының №5 орта мектебінде еңбек пәнінің мұғалімі болып бастап, сол мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 2017 жылы Ембі қалалық №1 орта мектебіне ауысып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 2019–2023 жылдар аралығында Мұғалжар жалпы білім беретін орта мектебінің директоры қызметтерін атқарды. 2023 жылдың наурызынан бүгінгі күнге дейін Ембі қалалық №2 жалпы білім беретін орта мектебін басқарып келеді.
Білім беру саласында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп, көптеген жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Атап айтатын болсақ, 2024 жылы дене шынықтыру пәні бойынша «педагог-зерттеуші», 2026 жылы директорлық қызметі бойынша «Екінші санатты басшы» біліктілігін иеленді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының І дәрежелі дипломымен, Қанипа Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зерттеу орталығының «Жыл директоры» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломымен, Ақтөбе облысының білім басқармасы мен әдістемелік орталығының Алғыс хаттарымен, республикалық «Әділет» партиясының Алғыс хаттарымен және 2026 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Құрметті Ембі қаласының тұрғындары!
Менің басты мақсатым – қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әрбір азаматтың мұң-мұқтажын билікке жеткізу. Сайлауда жеңіске жетсем, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы негізінде сіздермен бірге шешім қабылдап, нақты мәселені көтеріп, нәтижені бақылауда ұстап, атқарылған жұмысқа есеп беріп, тек ашықтықты ұстанамын. Қаламыздың дамуы тек әдемі сөзбен емес, нақты іспен, тұрғындармен тұрақты байланыс арқылы өлшенуі тиіс.
Осы бағдарлама аясында қаланың барлық мөлтек аудандарына, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымы әлі де толық дамымаған аумақтарға айрықша назар аударуға күш саламын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экологиялық мәдениетті дамыту, абаттандыру, қалдықтарды қайта өңдеу, көгалдандыру және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру мақсатындағы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын басшылыққа ала отырып, төмендегі басымдықтарды ұсынамын!
«Таза Қазақстан» – таза қала, таза болашақ!
*Қала аумағында тұрғындардың аулаларын, үй маңдарын, саябақтар мен қоғамдық орындарды таза ұстау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруға;
*Заңсыз қоқыс орындарын жою, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару және қоқыс контейнерлерінің жеткілікті болуын бақылауға;
*Ағаш отырғызу, жасыл желектерді көбейту және егілген көшеттердің күтіміне назар аударуға;
*Табиғи аумақтарды қорғау бойынша «Таза аула», «Таза көше», «Үлгілі қала» экологиялық акцияларын қолдауға;
*Қалаішілік аумақтарды абаттандыру, балалар алаңдары мен демалыс орындарының көбеюіне ықпал етуге.
Жол және инфрақұрылым – халыққа қолайлы орта
*Қалаішілік жолдарды жөндеу және сапасыз орындалған жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту мәселесін көтеруге;
*Ауыз су, электр энергиясы, жылу және кәріз жүйелеріндегі өзекті мәселелердің шешілуін тиісті органдармен бірлесіп бақылауға;
*Қаламызда жол қозғалысын реттейтін бағдаршамдарды орнату ісіне ықпалдасуға.
*Қаламыздың инфрақұрылымын жақсарту мәселесін көтеруге;
*Ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың, шаруа қожалықтарының және ауыл кәсіпкерлерінің ұсыныстарын тиісті мекемелерге жеткізуге.
Жастарға мүмкіндік – болашаққа инвестиция
*Жастардың сапалы білім алуына, кәсіптік дағдыларды меңгеруіне және жұмысқа орналасуына жағдай жасауға ықпал етуге (Ембі қалалық көпсалалы кәсіптік-техникалық колледжін тәмамдаушылардың жұмысқа орналасуы);
*Жастар кәсіпкерлігі мен шағын бизнес бастамалары туралы ақпараттың қолжетімді болуын қолдауға;
*Спорт секцияларын, шығармашылық үйірмелерді және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бастамаларын көтеруге (қаламыздың сол жақ бөлігінде спорт мектебінің жоқтығына байланысты жаңа кешен ашуға ұсыныс жасау).
Әлеуметтік қолдау – адамға құрмет
*Ардагерлердің, зейнеткерлердің және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелерін назарда ұстауға;
*Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету тетіктерінің қолжетімділігін жақсарту жөнінде ұсыныстар енгізуге;
*Әлеуметтік нысандарда мүгедектігі бар адамдарға қолайлы пандустардың талапқа сай болуына ықпал етуге;
*Мектептер мен медициналық мекемелердің материалдық жағдайына қатысты мәселелерді тиісті органдарға жеткізуге;
*РТС, Үшқатты және оған іргелес шағын аудандарда дәріхана ашуға ықпал етіп, тұрғындардың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін ұйымдастыруға.
Жұмыс орындары және кәсіпкерлік
*Шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастыру мәселесін көтеруге;
*«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастаушыларға қолдау көрсетуге;
*Жергілікті кәсіпкерлердің әкімшілік кедергілерге қатысты ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізуге;
*Жергілікті өнім өндірушілердің өнімдерін өткізуге, жәрмеңкелер ұйымдастыруға және кооперацияны дамытуға ықпал етуге;
*Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына депутаттық бақылау жүргізуге.
Мұғалімдерді қолдау
*Мұғалімдерге қысым көрсетілуіне және оқушылардың дөрекілігі мен күш қолдануына жол бермеу бағытында жұмыс істеуге;
*Жас мамандарды қолдап, тәлімгерлік жүйесін күшейтіп, жаңадан келген мұғалімдерге бейімделуге көмек көрсетілуін бақылап отыруға;
*Мұғалімдердің кәсіби дамуына жергілікті бюджеттен қосымша қолдау көрсетуге ұсыныс білдіруге;
*Қаламыздағы мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуды жауапты тұлғалармен бірге қадағалап отыруға;
*Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру: мектептердегі кадр тапшылығын азайту, қосымша сабақтар мен үйірмелерді қолдауға
ЫҚПАЛ ЕТЕМІН!
Құрметті қала тұрғындары!
Біз бірлесіп, қаламыздың дамуына, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға бағытталған нақты қадамдар жасай аламыз. Менің бағдарламам – бұл тек сөз емес, бұл сіздердің өмір сүру сапаларыңызды арттыруға бағытталған сенімді жол картасы.
Менің бағдарламамды қолдасаңыздар, біз бірге жарқын болашаққа негізделген, әрбір адамның құндылығы бағаланатын, салауатты өмір салтын ұстанған жаңарған, таза қала құра аламыз.
Маған қолдауларыңыз қажет!

