«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӨПТЕН КҮТКЕН ЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ

Аудан аумағындағы республикалық маңызы бар «Қандыағаш–Ембі–Шалқар–Ырғыз» автожолының жөндеу жұмыстары биыл да жалғасын тауып, ауқымды учаскесі пайдалануға берілді.
Аудан әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, бұл – тұрғындар көптен күткен маңызды жобалардың бірі. Себебі аталған жол 1987 жылы салынғаннан бері күрделі жөндеуден өтпеген. — Ең үлкен жобалардың бірі – осы жол құрылысы. Былтыр басталған жұмыс биыл өз жалғасын тауып, «Қандыағаш– Ембі–Шалқар–Ырғыз» бағытындағы 90 шақырым жолды жаңарттық. Жолдың өткен жылы 50 шақырымы, биыл 42 шақырымы толықтай жөнделіп, пайдалануға берілді. Мұның өзі – үлкен жетістік. Қазіргі таңда Жем өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын аяқтаудамыз, – деді аудан әкімі. Жол жабыны үш қабаттан тұрады. Алдымен қалыңдығы 15 сантиметр болатын цементпен бекітілген қиыршықтас қабаты төселсе, ортаңғы бөлігіне 7 сантиметр ірі түйіршікті асфальт, ал жоғарғы қабатына 6 сантиметр ұсақ түйіршікті асфальт-бетом жабыны салынды. Сонымен қатар жол белгілері орнатылып, жолақтар сызылды. Жөндеу жұмыстарын мердігер «Жалаугер НС» компаниясы атқарды. Ал жолды күтіп ұстаужұмыстарына «ҚАЖсервис» ЖШС-і Ембі жол пайдалану пункті жауапты.
— Біздің мекеменің негізгі міндеті – жолдарды күтіп ұстау. Ембі жол пайдалану пункті жолдың 56-137 шақырым аралығына қарайды. Жолдың қауіпсіз әрі қалыпты жағдайда болуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар ат-қарылады, – деді жол шебері Берсінқожа Нәби. Жол инфрақұрылымын жаңарту – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам. Жаңарған жол тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, жүк және жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыруға да ықпал етеді.
А.ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Елдегі дүкен сөрелерінде темекіні ашық сатуға тыйым салынады

admin_mugalzhar

Күрестен Әлем чемпионатының символдары таныстырылды

admin_mugalzhar

«ҚАРАКӨЛ-АЩЫСАЙ» АВТОМОБИЛЬ ЖОЛЫ ЖӨНДЕЛУДЕ

admin_mugalzhar